Basty bet
Вакцинациялау ерікті түрде жүргізіледі
Жер-жаһанға жылдам таралып, адамдардың қалыпты тіршілігіне елеулі өзгерістер әкелген коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялау қазіргі кезде тиімділігі дәлелденген бірден-бір шара болып отыр. Сондықтан еліміздің барлық аймақтарында КВИ-ге қарсы екпе науқаны биылғы жылдың қаңтар айынан басталды.
Біздің Жуалы ауданында да егу жұмыстары екі кезеңде жүргізіліп, алдыңғы шепте жұмыс атқару барысында инфекцияны жұқтыру тәуекелі жоғары 50 медицина қызметкеріне, соның ішінде жұқпалы аурулар бөлімшесі, жансақтау, қабылдау бөлімшесі, жедел жәрдем және санитариялық-эпидемиологиялық сала қызметкерлеріне ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынды.
Наурыз айында тұрғындарды жалпы егу жұмыстары басталады. Осы орайда, тұрғындар тарапынан жиі қойылатын бірқатар сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Cұрақтарға аудандық орталық емхананың иммунолог дәрігері Қалбике Сәрсенова жауап береді.
– КВИ-ге қарсы вакцина кімдерге салынады?
– Атап айтатын жайт, екпе әр адамның өз еркімен және келісімімен салынады. Біріншіден, екпе салуға қарсы көрсетімдері болмаған жағдайда, барлық медицина қызметкерлеріне салынады. Екіншіден, КВИ-ге қатысты осал топқа жататын мұғалімдер мен учаскелік полицейлерге, студенттерге екпе жасалады. Айта кететін тағы бір жайт, студенттерге екпе тұрып жатқан жерінде жасалады және екпе салынғаны туралы анықтама беріледі.
Жабық медициналық-әлеуметтік мекемелер контингенті және қызметкерлері де бірінші кезекте егілетіндер санатын құрайды. Әрі қарай, тізімді төтенше жағдайлар, ІІМ, ҰҚК қызметкерлері, дипломаттар, консулдар, ұлттық құрамалар мүшелері, созылмалы аурулары бар тұрғындар толықтырады.
Егу жасы 18-65 жастағыларды құрайды. Дегенмен, 65-тен асқан адамдарға вакцина салу мәселесіне қатысты көптеген сұрақтар түсуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігі осы санаттағы адамдарды вакцинациялау жоспарына қосу жағын қарастырып жатыр. Бірақ созылмалы аурулар, аллергиялық реакциялар және тағы басқа қауіп-қатерлер, сондай-ақ, зерттеудің нәтижелері ескеріледі.
– КВИ-ге қарсы вакцина кімдерге салынбайды?
– КВИ-ге қарсы вакцина аяғы ауыр және бала емізетін әйелдерге, жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге, жіті инфекциялық және инфекциялық емес аурумен ауыратындар немесе инфекциялық аурумен қарым-қатынаста болғандарға, созылмалы аурудың өршу сатысындағыларға, 18 жасқа дейінгі балаларға салынбайды.
Коронавирустық инфекциямен ауырған кісілер жазылған уақытынан алты ай өткен соң ғана егіледі. Егер созымалы ауруы бар адам қандай да бір иммуносупрессивті дәрі қабылдайтын болса, егуге дейін бір ай бұрын және екпеден кейін мүмкін болған жағдайда, ол препаратты қабылдауды бір ай тоқтату керек болады.
Егер қандай да бір инфекциялық ауруға карантин салынған болса, екпе карантин күні біткен соң жүргізіледі.
– Екпе егу алдында КВИ-ге иммунды ферментті талдау тапсыру керек пе?
– Жоқ. Егу алдында КВИ-ге иммунды ферментті талдау тапсыру міндетті емес.
Дайындаған
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»