Basty bet
Балаларға қуаныш сыйлаған мереке
Кеше аудандық аурухананың ауласында Балалар жылына орай «Бала деген – бір бақыт» атты үлкен іс-шара өтті.
Медицина қызметкерлерінің жұмысы күнделікті қым-қуыт. Алайда, Балалар жылына үлес қосу, балаларға қуаныш сыйлау мақсатында жұмыс арасынан уақыт тауып, көңіл бөліп, шараны ұйымдастырып, оған аурухана мен емхана ұжымы біркісідей атсалысты.
Аудандық емхананың жалпы тәжірибелік дәрігерлері өздерінің учаскелеріне қарайтын балаларды ортаға алып шығып, ерекше құрмет-қошеметпен орындарына жайғастырды.
Мерекелік шараның алғашқы құттықтау сөз кезегі аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметоваға берілді. Анар Садыққызы Балалар жылына арналған аудандық мерекелік шарадан тыс қалмай, балаларға қуаныш сыйлаған аурухана ұжымына алғысын білдіріп, еңбектеріне абырой тіледі.
-Осы балалармен, ата-аналармен сіздер күнделікті жұмыс жасап жүрсіздер. Бірақ, бүгінгі жақсы ниеттен туған игі істеріңізге аудан басшылығының атынан үлкен алғысымды білдіремін!
Еліміздің болашағы – балаларымыз аман болсын, ауырмасын! Тек биік белестерден көрінулеріне тілектеспін!- деді Анар Садыққызы.
Шараға жиналған көпшілікті аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев және балалар дәрігері Қалбике Сәрсенова да құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Аурухана мен емхана ұжымы балалармен бірге ән салды, Ертегі, мультфильм кейіпкерлерінің киімін киіп, би биледі.
Экраннан дәрігерлердің бір күндік жұмысына арналған бейнеролик көрсетілді.
Іс-шарада «Фламинго» би студиясының бишілері де өнер көрсетті. Биші бүлдіршіндерге, жалпы шара барысында өнер көрсеткен барлық балаларға аурухана ұжымының атынан сыйлықтар берілді.
«Ай-ару» той салонының кейіпкерлері балалармен ойын ойнаса, аурухананың профилактика бөлімінің қызметкерлері балалармен бірге жаттығу жасады.
-Ерекше қажеттіліктері бар балалар үйден бір мезгіл шығып, мерекеге қатысып, өздерінің өнерлерін көрсетіп, өздеріне деген қоғамның ерекше ықыласын, құрметін көріп, сезініп шын қуанды. Өмірде баланың шын қуанғанын көргеннен артық бақыт жоқ.
Лайым, аспанымыз ашық болып, бүлдіршіндеріміздің балалық шағы шаттыққа, қуанышқа толы болсын!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»