Basty bet

«Тәуелсіздік – азаттығым, бақ күнім!»

еңбек озаттарына марапаттар тапсырылды

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесіне орай аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өңірдің дамуына еңбегі сіңген жуалылық азаматтардың үлкен тобына түрлі дәрежедегі марапаттар табыс етілді. Аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ҚР Президентінің Жарлығымен «Құрмет» орденімен, аудандық «Jańa ómir-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің аға тілшісі Абылайхан Сәрсенов, № 12 балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері Бердіқұл Айтпеков Жамбыл облысы әкімінің өкімімен «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Одан бөлек, ауданның түрлі салаларында жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлердің үлкен шоғыры облыс және аудан әкімдерінің Алғыс хаттарына, Құрмет грамоталарын, облыстық және аудандық мәслихаттардың Грамоталарына ие болды.
Марапаттарды аудан әкімі Нарбай Ергебеков пен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков табыс етті.

* * *

Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын шетсіз-шексіз байтақ өлкемізге тәуелсіздік өздігінен келген жоқ. Қазақ халқының тарихында дәулеті тасыған дәурені де бар, басынан бағы тайып, тар заманға тап болған қилы кезеңі де аз болған жоқ.
Биыл тәуелсіздіктің таңы арайлап атқанына 29 жыл толып отыр. Тәуелсіздік күні мерекесіне орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Тәуелсіздік – азаттығым, бақ күнім!» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы сахна төріне әкелініп, Мемлекеттік Гимн шырқалды.
Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтау үшін алғашқы сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді. Нарбай Әбілқасымұлы өз сөзінде Тәуелсіздіктің ел өміріндегі ерен орнына тоқталып, ұлт болып ұйысуда тәуелсіздік құндылықтарының аса зор рөл атқарып отырғанына, сонымен қатар, ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріндегі елеулі өзгерістер мен қол жеткізген жарқын жетістіктеріне тоқталды. Сөз соңында аудан жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.
Жуалы аудандық мәслихатының 2020 жылғы 9 желтоқсан №75-4 шешімімен Жуалы ауданының экономикалық, әлеуметтік саласының дамуына қосқан елеулі үлесі, көпжылғы жемісті еңбегі мен қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін еңбек ардагерлері, зейнеткерлер Канал Құралбаев, Шәкіржан Мамаджанов, Әбзелбек Тәтеков, Мырзайым Тойшыбеков және Еңсебек Абсалямовқа «Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ, Билікөл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Абсалямов облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Марапаттарды аудан әкімі Н.Ергебеков және аудандық мәслихат хатшысы Е.Тілеубеков тапсырды.
16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне орай, 2020 жылғы 03 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Құрмет» ордені аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбековке, аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубековке берілген болатын. Жиында «Құрмет» орденінің иегері Е.Аманбековке сөз беріліп, ол аудан халқына ізгі тілегін жеткізді.
Салтанатты жиын барысында Жамбыл облысының «Құрметті ардагері» төсбелгісі облыстағы ардагерлер қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін ауданның Құрметті азаматтары Әбілқасым Ергебеков пен Аманжол Дүрәліұлына табыс етілді
Ал Жуалы ауданының «Құрметті ардагері» төсбелгісі аудандағы ардагерлер қозғалысының дамуына елеулі үлес қосқаны үшін Жуалы ауданының «Құрметті ардагері» төсбелгісіне бірқатар ардагерлер ие болды. Олардың қатарында Тұралы Әзімов, Әмірқұл Аташбек, Сапарбек Байсеріков, Болатбек Есдәулетов, Өсербай Қосаров, Борис Трунов бар.
Ардагерлер ұйымының жұмысына сіңірген еңбегі, еліміздің мәдени және әлеуметтік экономикалық дамуына белсенді қатысқаны, жастарға патриоттық, адамгершілік тәрбие бергені үшін «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің дипломымен Қарасаз ауылдық округінің бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Сағындық Тоқбергенов марапатталды. Салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close