Basty bet

«БАСТЫ МАҚСАТ – БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУ»

деді партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында аудан орталығындағы ірі кәсіпорын «Бурный сүт компаниясына» арнайы атбасын бұрып, кәсіпкер әйел аналармен кездесіп, кәсіпорынның жұмысымен танысты.
Кездесуді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты.
Өңір басшысы «Nur Otan» партиясының кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы жобалары мен партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әсіресе, кәсіпкер қыз-келіншектерді қолдауы жайлы айтты.
-Облысымызда 125 мың адам кәсіпкерлік салада жұмыс істейді. 70 мыңға жуық шағын және орта бизнестің объектілері бар. Оның 50 пайыздан астамы әйелдер.
Жақында ғана облыстағы кәсіпкерлермен кездестім. Себебі, Елбасының Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысатын адамдардың үлесін кем дегенде 30 пайызға көтеру керек деген тапсырмасы бар.
Жалпы кәсіпкерлер үкіметтің қолдауын сезініп отыр. Өйткені мемлекеттегі жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың арқасында субсидия алып, салықтары жеңілдетілген. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіп ашып, кәсіптерін дамытып, отбасыларын асырап отыр.
Жуалы ауданы – аграрлы аудан. Ауданда кәсіпкерлік сала да дамып келеді. Ауданда еліміздегі ең үлкен күн электр станциясы бар. Алдағы уақытта күн электр станциясының екінші кезеңі жүзеге асатын болады,- деді Бердібек Мәшбекұлы.
Сөз тізгінін Бауыржан Қыдырғалиұлы алды.
– Жалпы отбасында ғана емес, қоғамда да әйелдердің рөлі жоғары. Сондықтан тәуелсіздік алғалы бері Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев әйел азаматтарды қолдауда. Партия тарапынан «Nur Otan» партиясы билеуші партия ретінде әрбір мәслихатта депутаттардың 30 пайызы әйел азаматтар болуы керек деген талап қойып отыр. Оған әр саладағы белсенді, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген және кәсіпкерлік саладағы әйелдерді тартуымыз керек.
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары көптеген адамдар жұмыссыз, айлықсыз қалып, тығырыққа тірелгенде әйел азаматтар жол тауып, отбасыларын асырап, кәсіппен айналысып кетті. Сондықтан бүгінде әйел-аналардың кәсіпкерлікке келуіне қолдау көп.
Бүгін аудандарыңызға келудегі себебіміз, партия Төрағасының партия басшылығы мен Мәжіліс, мәслихат депутаттарына шалғай аудандарға, ауылдарға барып, халықпен кездесу туралы тапсырмасы бар. Осыған орай бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар боларсыздар, бірқатар қалаларда, аудандарда болып, халықпен кездестік. Бүгін сіздердің ауылдарыңызға атбасын тіреп отырмыз.
«Nur Otan» партиясы – нақты істер партиясы болғандықтан, біздің мақсатымыз – үкіметтің мүмкіндігінше халыққа жағдай жасау.
Бауыржан Момышұлы ауылы – елімізге, дүниежүзіне танымал ауыл. Бұл қасиетті жерде Бауыржан Момышұлынан бастап, Шерхан Мұртаза сынды тұлғалар, талай генералдар, спортшылар шыққан. Яғни, рухы мықты, мінезді, іскер азаматтар шыққан.
Жалпы, проблема жоқ емес, бар. Елімізде үлкен жетістіктер болса, оған «Nur Otan» партиясы ұйытқы болып отыр. Ең бастысы, еліміздегі келісім мен халықтың ауызбіршілігі. Қандай жағдай болса да ауыз біршілігіміз мықты болуы керек. Отбасында да ауызбіршілік болмаса, ол отбасының берекесі де, болашағы да болмайды. Елімізде тұрақтылық болмаса, кәсіпкерлік те дамымайды. Сондықтан біз әрқашан бір отбасындай бірге әрі тату болуымыз керек.
Біз халық арасында әлеуметтік сауалнамалар жүргіземіз. Нәтижесінде ең басты мәселе – ол халықтың табысы, яғни бағаның тұрақтылығы, сыбайлас жемқорлық мәселесі болып отыр. Сыбайлас жемқорлық – күрделі мәселе.
Партияның басты мақсаттарының бірі – бизнесті қолдау. Көптеген адамдар жұмыс сұрап келеді. Сұранысы тоғыздан жетіге дейін отыратын, жалақысы тұрақты жұмыс болуы керек. Ал кәсіпкер ондай адам емес. Ол уақытпен санаспай күндіз-түні жұмыс істейді, еңбекқор, тәуекелшіл адам. Ол өзі жұмыс орын ашады, салық төлейді. Сондықтан бірінші кезекте партия кәсіпкерге қолдау көрсетеді. Себебі, кез келген адам кәсіпкер бола алмайды. Оған мінез, рух, қабілет, білім керек.
Байқасам, сіздер әрқайсыңыз әр саладағы кәсіпкерсіздер. Сіздер сияқты азаматшаларымыз көп болсын.
Партияда жақында ғана «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен кездесіп, бірінші кезекте нені шешу керек туралы ақылдастық.
Сондықтан сіздермен кездесудегі мақсатымыз да – сіздердің ұсыныс, пікірлеріңізді тыңдау, көмектесу,- деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.
Кәсіпкер Әсима Шекеева өзінің шаруа қожалығы, компьютерлік қызмет көрсету орталығы, жекеменшік балабақшасының жұмысы жайлы айтып берді. Облыс әкімі кәсіпкердің бастамаларына, жетістігіне ризашылығын білдірді.
-Бүгінде әлемде орын алып отырған дағдарыстан шығудың басты жолы – елімізде көбірек жұмыс орындарын ашу, бар жұмыс орындарын сақтап қалу, халықтың жалақысын уақтылы төлеу. Ең бастысы, түрлі алып-қашпа әңгімелерге ілеспеу керек. Халықта қобалжу болмауы қажет. Үкімет отырысында айтылғандай, үкімет халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттерді толығымен атқарады. Еңбекақы, зейнетақы уақтылы төленеді.
Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан бұған дейін үш рет дағдарыстан өті. Барлығында Ұлттық қордағы қаржының есебінен жұмыс орындары сақталып, еңбекақы, зейнетақы уақтылы төленді, бағдарламаға сай мөлшерлері уақтылы көбейтілді. Сондықтан қобалжымай тек қана еңбек етуіміз керек,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпкер Айнакүл Ахмадбекова өзінің шаруасы туралы айта келіп, қайтарымсыз грант беруін сұрады. Оған да облыс басшысы мүмкіндік барын жеткізді.
«Білімді ұрпақ» оқу орталығының жетекшісі Нүрилә Мәлібекова өзінің жұмысымен таныстыра келіп, орталығының ауласын абаттандырып беруін сұрады. Кәсіпкердің сұрағына аудан басшысы Нарбай Ергебеков жауап берді.
Ал мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бейімдеу және оңалту орталығының жетекшісі Дәмира Мұхаметғали орталықтың жұмысын заманауи бағытта жандандыруға қайтарымсыз грант немесе жеңілдетілген несие алуына ықпал етуін сұрады.
Бауыржан Байбек партияның мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айта келіп, жалпы, мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеуіміз керектігін, себебі, олар көбінде аналарымен бірге өз проблемаларымен жеке қалып қоятындығын жеткізді. Облыс басшысы жеке оңалту орталығының жетекшісіне бұл сұранысы орындалатындығын, тек құжат түрінде сұраныс жасауын және аудан басшылығы тарапынан кәсіпкерге қолдау көрсетілуін ескертті.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары әрі қарай кәсіпорын жұмысымен танысты.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close