Basty bet

Партия ұйымындағы қоғамдық қабылдау

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық ететін еліміздің бас партиясы – «Nur Otan» партиясы халық мүддесі үшін және тұрғындардың мәселелерін құзырлы орындарға жеткізумен тұрақты айналысып келеді. Партия өз кезегінде ықпалды саяси күшке айналып отыр. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаевтың партия туралы: «Бас партия болу дегеніміз – басқару емес, елге адал қызмет ету» деген сөзі партия мүшелеріне терең ой салуы тиіс.

Жақында партияның аудандық филиалына қарасты «Жуалы газ» бастауыш партия ұйымында қоғамдық қабылдау өткізілді. Онда «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова азаматтарды қабылдады. Қабылдауға алғаш болып Көлбастау ауылы Б.Момышұлы көшесінің тұрғыны Серік Марасилов кіріп, көше тұрғындары атынан аталған көшедегі 14 үйге газ құбырын тартуға көмек сұрады. Оның айтуынша, көгілдір отын жеткізілмеген үйлер әлі күнге көмір жағып отырған көрінеді. Өтініш иесі С.Марасиловқа облыстық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова, партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова жауап беріп, мәселенің тиісті орындарға жеткізілетінін айтты.
Екінші кезекте қоғамдық қабылдауда Нұрлыкент ауылының тұрғыны Әлима Бақытова болып, өзі тұратын ауылдан халыққа қолжетімді бағада нан өнімдерін өндіретін наубайхана ашуға қандай тиімді шарттармен несие алуға болатынын сұрап, білді. Сонымен қатар, кәсіп ашуға ықпал етуін сұрады. Кәсіпкердің сұрағына аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Нұрлан Көпбаев, аудандық кәсіпкер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева жауап беріп, кәсіпті кеңейту бағытында кеңестер берді. Әлима Бақытова кәсіпкерлер палатасы және екінші деңгейлі банктер тарапынан қолдау болса, Нұрлыкент ауылын нанмен қамтуға мүмкіндігі бар екенін айтты.
Ал Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жас отбасының отанасы Әлия Жұмашева «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспаналы болғысы келетінін жеткізді. Бұл сұраққа «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова толыққанды жауап берді. – Қазіргі таңда облыс орталығы Тараз қаласында «Бақытты отбасы» деп аталатын орталық ашылып, жұмыс жасап жатыр. Орталық төрт бағыт бойынша тұрғындарға қызмет көрсетеді. Онда көбінесе осал топтарға нақты көмектер көрсетіледі. Сонымен қатар, әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан кеңестер беріледі. Сіздің бағдарламаға қатысуға мүмкіндігіңіз бар,- деді Үміт Серікқызы.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close