Basty bet

Конференцияда маңызды мәселелер қаралды

№1 Балалар өнер мектебінің акт залында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының кезектен тыс ХХVІІ конференциясы өтті.
Конференцияны партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова ашты.
Мемлекеттік Әнұран орындалды.
Конференция жұмысына аудан әкімі Нарбай Ергебеков және аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков қатысып отырды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасын сайлау болатын. Сондықтан Анар Садыққызы төрағалыққа «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының келісіміне сәйкес аудан әкімі, партия мүшесі Нарбай Әбілқасымұлы Ергебековтың кандидатурасын бекітуді ұсынды. Кандидаттың еңбек жолы қысқаша таныстырылды. Конференция делегаттары бірауыздан дауыс беруінің нәтижесінде Нарбай Әбілқасымұлы ««Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы болып сайланды.
Конференция жұмысына әрі қарай Нарбай Ергебеков төрағалық етті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның кезекті ХVІІІ съезінде берген тапсырмалары: «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» ұлттық жобаларын іске асыру барысы туралы Анар Садыққызы баяндама жасады.
-Партияның соңғы съезінде Елбасы, Партия Төрағасы көпшіліктің назарына партияның «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен», «Халыққа көмек» жобаларын ұсынған болатын. Бүгінде бұл бағдарламалардың барлығы да жергілікті тұрғындар мен қалың бұқара халықтың аса жоғары қолдауына ие болып отыр. Аталған партиялық жобалардың мақсаты – халықтың әлеуметтік жағдайларын жақсарту,- деді Анар Ахметова. – Партия съезінде қабылданған «Бақытты отбасы» партиялық жобасы тұрғын үй, жұмысқа орналасу және түрлі деңгейдегі материалдық көмектер көрсету тетіктерін де айқындап отыр. Олардың қатарында атаулы әлеуметтік көмектер, тұрғын үй мәселесін шешу, түрлі әлсіз топтарға жататын тұлғаларды жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікке оқыту, несиелік тұрғын үй алу жолдары сияқты көптеген әлеуметтік ауқымды мәселелер бар.
«Nur Otan» партиясының «Ауыл – ел бесігі» партиялық жобасының ең басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, ауылдарда кәсіпкерлік қозғалысын модернизациялау, ауылдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, жастардың белсенді позициясын қалыптастыруға арналған қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.
Халық арасында тағы да бір үлкен қолдауға ие болып отырған жобаның бірі – «Халыққа көмек» жобасы. «Бірыңғай әлеуметтік терезе» жүйесін ұстанған бұл жобаның түпкі мақсаты – жоба тұрғындардан түскен, яки болмаса жолданған қоғамда орын алып отырған өзекті әлеуметтік маңызы зор өтініштерінің дер кезінде қаралуына және оның оң шешім табуына барынша ықпал етуді көздеп отыр.
«Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде қабылданған жобалардың бірі – «Құтты мекен». Бұл жоба шеңберінде азаматтардың өмір сүру сапасын жан-жақты арттыру мен халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының қолжетімділігі, инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық саланы жетілдіру, сондай-ақ таза экологиялық ахуалды сақтау мәселелері басты назарға алынып отыр,- дей келіп, Анар Садыққызы еліміздің қоғамдық-саяси сахнасында орын алып отырған үлкен оқиғаларға тоқталды.
-Президент сайлауы – ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің келешегі үшін маңызы айрықша. Сондықтан алдағы ҚР Президенті сайлауында тарихы терең, бірлігі мен татулығы бекем біздің аудан тұрғындары, оның ішінде нұротандықтар ұлттық саясатқа қолдау білдіреді және осы саясат маңына топтасады деген сенімдемін,- деді Анар Ахметова.
Жарыссөзге «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сейітхан Жұмашев және «Б.Момышұлы» БПҰ төрайымы, №1 мектеп-гимназияның директоры Эльмира Әбішева шықты. Олар жоғарыда аталған жобалардың маңызы мен мақсатына кеңінен тоқталды.
Сөз кезегі «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-«Nur Otan» партиясының ағымдағы жылдың 27 ақпанында өткен ХVІІІ съезінде Елбасы, Партия Төрағасы ұсынған партиялық жобалар – тікелей халыққа көрсетіліп отырған мемлекеттік саясаттың жемісі болмақ. Елбасы Үкіметке атаулы көмек көрсету өлшемдерін ең төменгі күнкөріс шегінен 70 пайызға дейін өсіруді тапсырды. Сонымен қатар, әрбір балаға төленетін ең төменгі төлемді 20 мың 789 теңге көлемінде белгілеу қажеттігін ашып көрсетті. 1 сәуірден бастап бұл бағыттағы жұмыстар біздің ауданда да үлкен қарқынмен жүргізіліп отыр. Қабылдауға келген әрбір тұрғынның, оның ішінде көпбалалы отбасылардың құжаттары жиналып, зерделенуде,- дей келіп Нарбай Әбілқасымұлы бұл жұмыстардың іске асырылу барысы «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы мен депутаттық фракциясының қатаң бақылауында болатынына баса назар аударылатынын атап өтті. Сонымен бірге партияның аудандық филиалының төрағасы аудан тұрғындарын алдағы президенттік сайлауға ауызбіршілікпен белсене атсалысуға шақырды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының конференциясына делегаттар сайлау болатын. Бұл мәселе бойынша ұсыныс жасау үшін сөз «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы Саяси кеңесінің мүшесі Руслан Сайлаубаевқа берілді. Руслан Бақытұлы атап өткен делегаттар конференция делегаттарының бірауыздан дауыс беруімен тізім бойынша сайланды.
Конференция соңынан «Nur Otan» партиясының Әнұраны «Елім менің» әні орындалды.
Перизат Шымыртайқызы.
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close