Qoǵam
Сыбайластықтың сипаты да жақсы емес
Сыбайлас жемқорлық мәселесін зерттеген кезде мынадай сауал туындайды: «сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері қандай және осы құбылыс неліктен осындай түрде жүзеге асады?». Сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептерін зерттеу барысында бірқатар қиындықтарға тап боламыз. Кейде бір фактіні сыбайлас жемқорлықтың себептері ме әлде салдары ма, оны анықтау да қиындық туғызады. Сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері жүйеленіп, мынадай жіктелім ұсынылады: әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұйымдастырылған, құқықтық себептер, сондай-ақ, мәдени-этикалық сипаттағы факторлар. Осы себептердің әрқайсысына тоқталайық.
Әлеуметтік-экономикалық себептер. Сыбайлас жемқорлықтың кеңістік ерекшеліктерін талдау кезінде айқындалғандай, елдегі сыбайлас жемқорлықтың өріс алу дәрежесі экономиканың даму деңгейіне тікелей байланысты. Алайда, керісінше фактіні байқауға да болады.
Халықаралық валюта қоры жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуына едәуір кедергі келтіреді. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық елге келетін инвестициялар легін қысқартатыны, дарынды адамдарды өнімсіз жұмысқа тартатыны, бай табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалануға жол беретіні, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құрылымдық экономикалық өркендеуді арттыруға бағытталған реформалардың жүргізілуін тежейтіні айқындалды.
Елдің табиғи ресурстармен (орман, минералдық, су ресурстары) жақсы қамтылуы да сыбайлас жемқорлықтың дамуының бір факторы болып есептеледі. Елдегі мұндай байлыққа екі тұрғыдан қарауға болады. Бір жағынан, елде бай табиғи ресурстардың болуы ел экономикасы өркендеуінің негізі болып, сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне себеп болуы керек. Екінші жағынан, табиғи байлық ел экономикасының өркендеуін емес, өзіне пайда алуды мақсат тұтқан сыбайлас жемқорлық субъектілерін қызықтырады.
Ел экономикасына кесірін тигізетін сыбайлас жемқорлық адамдар арасындағы сыйластық емес. Ол еліміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіне де залалын тигізетін жағымсыз кесел. Сондықтан өз Отанының гүлденіп, дамуын, ел болашағы саналатын жас буынның жарқын болашағын ойлаған азамат сыбайлас жемқорлыққа әсте бармайды. Қоғамдағы жағымсыз көрініс саналатын сыбайластықтың сипаты да жақсы емес. Сол себептен аталған кеселге жол бермеуге бәріміздің атсалысқанымыз абзал.
Бағдат Оразбаев,
аудандық қазынашылық басқармасының басшысы