Basty bet

Еңбек дауының орын алмағаны абзал

Апта басында ауданда жұмыс сапарымен облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев болды.
Еңбек инспекциясы басқарма басшысының жұмыс сапары аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшылармен кездесуімен басталды. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов, аталған мекеме директорының орынбасары Әбдібек Пошқаев және кәсіпорынның жұмысшылары қатысты.

Жиында сөз кезегі облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Әскербекұлына берілді.
– Өздеріңізбен еңбек қатынастарындағы өзгерістермен хабардар ету мақсатында кездесіп отырмыз. Оның ішіне жалақының уақтылы төленуі, тағайындалуы, өсірілуі, ұжымдық шарттың жасалуы, үш жақты меморандум қабылдау сияқты мәселелер кіреді. Сонымен қатар, жұмысшылардың құқығын қорғайтын ұйым – кәсіподақ ұйымы. Ұйымның қоғамда атқаратын өзіндік қызметі мен рөлі бар. Мұның барлығы қарапайым еңбек адамдарының әлеуметтік мәселелері туындамауы үшін жасалатын жұмыстар. Осы ретте, жұмыс беруші қызметкерлерін ынталандыруды да ұмытпағаны жөн. Себебі, жағдай жасалған жерде жақсы маман да, сапалы өнім де, жұмыста болады.
Елімізде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай енгізіліп отыр. Осы ретте, кейбір жұмыс орындары жұмысын тоқтатып, жұмысшылар уақытша еңбек демалысына жіберілуде. Міне, осындай жағдайларға байланысты жұмыс беруші мен жұмысшы арасында еңбек дауы орын алмауы керек. Бұл кезде екі тараптың арасындағы алтын көпірге айналуымыз керек. Олармен арақатынас орнату керек. Ешкім жұмыссыз қалмауы тиіс. Жұмыс орнынан босаған азаматты қысқа мерзімді оқыту курстарына тартып, мәселесін шешуге көмектесуіміз қажет, – деді өз сөзінде басқарма басшысы.
Кездесу барысында аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К.Төреқұлов аталған кәсіпорын ұжымына алғысын білдірді. Қоғамдағы әлеуметтік топтағы азаматтарға жұмыс орнын ұсынып, еңбек етуге мүмкіндік жасап отыратындығын атап өтті.
Жиында кәсіпорын басшылығы жұмысшылардың жалақысы уақтылы төленіп, биылғы жылы жұмысшылардың жалақысы көтерілгені, оларға ынталандыру жұмыстары жасалып тұратындығы туралы хабардар етті.
Кездесуден кейін басқарма басшысының қатысуымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үш жақты комиссияның отырысы өтті. Аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өткен комиссия отырысына оның барлық мүшелері шақырылды.
Отырысты аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы ашып, жүргізіп отырды.
Басқосуда аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Әуесбекұлы баяндама жасады. Баяндамашы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үш жақты комиссиясы өзінің Ережесін, жұмыс жоспарын және өткізілген жұмыс жоспарындағы хаттамаларын тұрақты жасап, орындауда екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол аудандағы азаматтардың тұрақты жұмыспен қамтылуы, еңбек шартының жасалуы жөнінде баяндады.
Отырыста сөз алған басқарма басшысы Қ.Досаев: «Бүгін ауданға арнайы жұмыс сапарымен келіп отырмыз. Келудегі ең басты мақсат – жергілікті жердегі әлеуметтік қатынастарды реттеу жөніндегі шараларды күшейту. Елімізде коронавирусқа байланысты жарияланған төтенше жағдай бойынша жұмыс орындарындағы қызметкерлерді назардан тыс қалдырмау керек. Олардың жағдайын ескеріп, жұмыс жасау керек. Қызметкерлердің әлеуметтік хал-ахуалы тұрақты болуын қамтамасыз ету керек. Ешқандай еңбек дауының орын алмағаны абзал.
Тағы бір айта кетерлік жайт, жұмыс орындарында қысқарту болмауы, жалақының көтерілуі, меморандум қабылдануы, ұжымдық шарт жасалуы күн тәртібіне қойылған мәселеге айналып отыр. Яғни, ұжымдық шартқа қол қойған мекеме басшысы алға қойған міндеттерді орындайды. Ал меморандум қабылдау арқылы жұмыс беруші жалақыны көтеруге, ретке келтіруге ниет білдіреді. Қызметкерлердің жалақысын уақтылы төлеп, жалақы қарызын болдырмауымыз қажет. Бейресми азаматтардың да жұмысын заңдастыру қажет» деп нақты міндеттер мен тапсырмалар берді.
Отырысты аудан әкімінің орынбасары А.Жабағы қорытындылап, тапсырылған тапсырмалар мен қойылған міндеттерді негізге ала отырып жұмыс жасайтындарын жеткізді.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close