Basty bet
Тұрғындар денсаулығы – басты назарда
Денсаулық – қоғамның әлеуметтік маңызды саласы. Осы орайда, азаматтардың денсаулығын жақсартуға септігін тигізіп, өлімнен арашалайтын медицина қызметкерлері әрдайым жауапкершіліктің биік межесінен көрінуі тиіс.
Денсаулық сақтау саласы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан тыс қалмады. Жолдауда «Үшіншісі – медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ету. Бұл ретте денсаулық сақтау саласындағы көрсеткіштерде, әсіресе ана мен бала өлімі жағынан аймақтық дисбаланстар айқын байқалады. Иә, соңғы атаған көрсеткіш азайып келеді. Алайда дамыған елдерге қарағанда әлі де нашар. Үкімет әрбір аймақ үшін басымдық тізімін әзірлеуі және соның негізінде бюджеттік қаржыландыруды қамтамасыз етуі тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылатынын еске салды. «Әрбір азаматқа айтарым: мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін сақтап қалады. Оның қаржыландырылуына алдағы үш жылда 2,8 трлн теңге бөлінеді. Үш жылдық бюджет аясында 2,3 трлн теңге денсаулық сақтау саласын дамытуға жұмсалады. Үкімет медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесін іске асыруға баса маңыз беруі тиіс. Қателік жіберуге қақымыз жоқ», – деді Президент.
Боралдай ауылдық округі Көлтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жаңа ғимараты 2014 жылы ашылған. 25 келушіге арналған мекемеде бүгінде бір жалпы тәжірибелі дәрігер және алты орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Сонымен қатар, тұрғындарға Нұржігіт Сүлейменқұлов есімді жекеменшік тіс дәрігері қызмет көрсетуде.
Дәрігерлік амбулаторияда жалпы 33, яғни балалар, қабылдау, егу, емдеу бөлмелері, акушерлік, скринингтік, ЭКГ, физотерапия, залалсыздандыру, сүзгі кабинеттері және зертхана, 5 адамға арналған күндізгі бөлім және бір жедел жәрдем көлігі бар.
Ауданнан шалғайда орналасқан елді мекендегі дәрігерлік амбулаторияның іші жарық, жылы, әрі тұрғындарға қолжетімді. Мұндай елді мекендегі мәселелердің бірі – интернет желісінің төмендігі. Алайда бұл амбулаторияға жоғары жылдамдықтағы интернет жолағы орнатылған. Жұмыс жүйелі жүруде. Жұмыстың барлығы электронды нұсқаға көшкен. Мекемеде қызметкерлерге үш компьютер берілген. Биылғы жылы тағы да бір компьютер алу жоспарлануда екен.
– Ауылдық дәрігерлік амбулаторияға жалпы тәжірибелі дәрігер Дина Бауыржанқызы басшылық етеді. Ауыл тұрғындарының денсаулығы үнемі бақылауда. Олардың мұнда келіп ем қабылдауы үшін барлық жағдай жасалған. Тек қажет болған жағдайда ғана аудандық орталық ауруханаға жіберіледі. Тұрғындардың уақтылы дәрігерлік тексерулерден өтуі үшін де көшелерді аралап, ескертулер беріледі. Алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Шақыртуларға уақтылы барып, медициналық қызмет көрсетеміз, – дейді дәрігерлік амбулаторияның аға медбикесі Баян Тілекеева.
Жалпы Көлтоған ауылында 1112 адам бар. Оның ішінде 1 жасқа дейін 32 бала болса, 5 және 14 жас аралығында 266 бала тіркелген. Округтің орталығына өзге де елді мекендердің, яғни Рысбек батыр, Ертай ауылдарының тұрғындары келіп, ем қабылдайды.
Ауылдық дәрігерлік амбулаторияда Сәуле Ауғанбаева, Ольга Лященко, Баян Тілекеева ұзақ жылдар бойы жұмыс істеуде. Ал, аймақтық медбике Айгүл Таутанова жас маман қатарында.
Ауылдық округтегі ақ халатты абзал жандар тұрғындардың денсаулығын жақсартуы үшін аянбай еңбек етуде. Олар мекемеге келген әр емделушіге уақтылы медициналық қызмет көрсетіп, өз міндеттерін жауапкершілікпен орындауда. Сонымен қатар, елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты сақтық шаралары да қолға алынған. Тұрғындармен етене араласып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ