Qoǵam

Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік бекіткен Әдеп кодексі қарапайым халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған. Яғни, бұған қарап отырып біз мемлекеттік қызметшілерге қойылған талаптардың күшейтілгенін байқаймыз. Мемлекеттік қызметшінің моральдық бет-бейнесі мен әдебіне айрықша көңіл бөлінуінің астарында оның іскерлігі ғана емес, сонымен қатар, айналасындағыларға құрметі мен ізеті деп бағаланады.
Мемлекеттік қызметші халықтың, елдің алдындағы тұлға болғандықтан, оның әрбір айтқан сөзі мен іс-қимылын халық жіті бақылап отырады, үнемі көңіл таразысынан өткізеді. Ел үшін жан салмай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші қашанда көпке сыйлы болуымен жоғарғы басшылық органдарға қадірлі.
Мемлекеттік қызметші әрқашанда Әдеп кодексінің талаптарын естен шығармағаны абзал. Мейлі, ол жұмыс барысында болсын, ол демалыс күндерінде болсын, қонақта болсын, далада табиғат аясында демалғанда болсын, тіпті, өзінің үйінде қонақ күтіп отырған күннің өзінде де. Себебі, жоғарыда атап өткеніміздей, бұқара халық олардан үлгі алады, соларға қарап бой түзейді. «Өзі жақсы адамға, бір кісілік орын бар» дегендей, оларды құрметтейді. Тіпті, мемлекеттік қызметшінің, киген киімі, сөйлеген сөздері де әдептіліктің ауылынан ұзамағаны жөн. Қалай болса, солай киіну, көпшілік алдында өзін дұрыс ұстамау да мемлекеттік қызметшіге үлкен сын болмақ. Сондықтан, мемлекеттік қызметшілер бұл тұрғыда үлкен жауапкершілік танытып, әрдайым өз-өзіне есеп беріп отыруы қажет.
Рақымғазы Құниязов,
аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы
бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Close