Qoǵam
Дін – тәрбие діңгегі
Қазақ халқының ұлы ойшылы Абай Құнанбаев өзінің қара сөздерінде: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оған замандастарының бәрі кінәлі» деген ұлағатты сөз айтқан. Сондықтан, жастарды тәрбиелеуге, жан дүниесі рухани бай жастарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлу қажет.
Біздің мемлекетіміз – тәуелсіз, зайырлы мемлекет, оңы мен солын, ақ пен қараны, жақсылық пен зұлымдықты енді ғана ажырата бастап, әлі толық қалыптасып үлгермеген жас буынға дін туралы түсінік қалыптастыру арқылы оларды теріс жағдайлардан аман алып қалуға болады. Олай деуімізге негіз бар: діннің не екенін, мақсаты мен мұратының қандай екенін жете түсінбегендер түрлі жалған ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Жалған ағымдардың мақсаты әркез дінге қайшы, ұлттар арасында алауыздық туғызу, тыныштықты бұзу. Демек, бұндай жағымсыз жайттар орын алмауы үшін дінді бұрмалауға жол берілмеуі тиіс.
Дін – қоғамдық құбылыстардың ішіндегі ең күрделісі. Қорқыныш, үрей де, сүйіспеншілік те, ата-бабаларды қастерлеу де және діни сенімнің өз алдына жеке тұрған бастауы бола алмасы анық. Дінге нақты және бір мағыналы анықтама берем деу өте қиын. Діннің анықтауыш қызметі оның әлеуметтілікті қалыптастыруында, яғни адамдар қарым-қатынасын реттеуде болса керек. Өйткені тіпті «религия», сөзінің этимологиялық бастапқы мәнінің өзі де «біріктіру», «байланыстыру», «қатынасты қалыптастыру» дегенді білдіреді.
Егемен ел атанған мемлекеттің азаматтары үшін бұл қажеттіліктің өзіндік ерекшеліктері бар. Сол себепті, қазіргі таңда болашақ жастардың дінге қатынасы көкейтесті мәселеге айналуда.
Мектеп жасындағы баланың жан-жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеушісі – ата-ана. Бала мектепте 6,7 сағат болса, 18 сағат үйде болады, сол себепті ата-ана баласының оқуын, жүріс-тұрысын, жолдастарын, сонымен қатар жүрген жерін де қадағалап, мұғалімдерімен байланыс жасап, сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыруы қажет.
Жастар арасындағы тәрбие жұмысын тиімді жүргізу бүгінгі күннің өзекті мәселесінің бірі болып отырғаны жасырын емес. Әсіресе, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, құқықбұзушылықтың алдын алу, әртүрлі жат діни ағымдардың теріс идеологиясына жастардың төтеп беруі, ұлтаралық келісімді нығайту сияқты тәрбие жұмыстарының басты бағыттары айқындалуды қажет етеді.
Жас жеткіншектер жеке тұлға ретінде толысып, дамып, өмір туралы түсініктері қалыптасу кезеңінде отбасы мен оқу орны бірлесе отырып жүйелі, дұрыс тәрбие беруге жағдай жасауы керек.
Аудан әкімдігінің
білім бөлімі