Basty bet

Кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде

16 наурызда халыққа телеарналар арқылы жолдаған Үндеуінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында енгізілген шектеу шараларына түсіністікпен қарауды сұрады. Бұл індет тек біздің елімізге ғана емес бүкіл әлемге қауіп төндіріп, өте күрделі ахуалды бастан өткеруде екенін де баса айтылды. Иә, елімізде алғаш рет енгізілген төтенше жағдайда халықтың денсаулығына аса мән беріліп, түрлі шектеулер қойылуда. Бұл шектеулер біреуді жұмыссыз қалдырса, бірі кәсіпкердің жұмысын тоқтатуға әкелуде. Осы ретте, еліміздегі кәсіпкерлерге қолдау көрсететін мекеменің бірі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Төтенше жағдай енгізілуіне байланысты кәсіпкерлер палатасында да бірқатар өзгерістер орын алып жатыр. Мекемеге кәсіпкерлікке ниет білдіруші тұлғалар көптеп келеді. Сол себепті, сақтық шаралары да қолға алынған. Келушілер міндетті түрде бетперде киіп, топтаспай, жеке дара мекеменің қызметіне жүгінуде.
Ал, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының Жуалы ауданындағы филиалының директоры Руслан Айтбаев кәсіпкерлермен жүргізіп жатқан жұмыстармен бөлісті.
– Ең алдымен айтарым, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төтенше жағдай кезеңінде кадр мәселесіне қатысты кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізуде. Кәсіпкерлердің берген жауаптары құпия түрде жинақталып, үшінші тұлғаларға таратылмауда. Аталған жұмыстар электронды түрде қашықтықтан жасалуда. Мәселен, ауданның барлық кәсіпкерлерін «Жуалы-Бизнес» уатцап месенджеріндегі чатқа біріктіріп, сілтеме арқылы сауалнама алынуда. Сонымен қатар, елімізде карантиннің енгізілуіне және төтенше жағдайға байланысты кәсіпкерлерден азық-түлік, қажетті заттармен үзіліссіз қамтамасыз ету дайындығын анықтау үшін сұрақ-жауап арқылы да сауалнама алынуда.
Кәсіпкерлерді оқытудың барлығы «Академия Атамекен» сілтемесі арқылы онлайн режимінде оқытуды жоспарлап отырмыз. Тұрғындар өзін қызықтырған сұрақтарына әлеуметтік желідегі парақшаларымыз арқылы да жауаптарын алуда. Мекемеге келушілерге осындағы қызметкерлер қызмет көрсетсе, қалған азаматтармен қашықтықтан жұмыс жүргізілуде.
Кәсіпкерлер палатасына кәсіп ашуды көздеген азаматтар келіп, өтініштерін жазуда. Бұл жағдайға қарамастан тұрғындарға несие берілуде. Мәселен, биылғы жылы 51 тұлға несие алуға ниет білдіріп, құжаттарын толықтырып, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на өтініштерін берді. Оның ішінде қазіргі таңда 15 тұлға кәсіптерін ашуға несие қаражатын алды. Несиелер «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілуде.
Елімізде орын алып жатқан осындай қиын-қыстау кезеңде отандық кәсіпкерлерге қолдау көрсету – біздің міндетіміз. Біз қандай да бір кәсіпкердің мәселесі туындаса, оны шешуге көмектесуге тырысамыз. Ауданның барлық кәсіпкерлермен тығыз байланыстамыз, – дейді кәсіпкерлер палатасының директоры Руслан Ғабитұлы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close