Bіz týraly
Қарасазда қарқынды жұмыстар жалғасын табады
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған мәселелердің кеңінен қозғалғаны бәрімізге белгілі. Жылдың басты құжатының «Қуатты өңірлер – Қуатты ел» деп аталатын бесінші бөлімінде Президент жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде айта келе: «Жергілікті билік тұрғындар үшін әрдайым ашық болуы тиіс. Бұл аксиома әлі де бүгінгі күннің шындығына айналмай отыр. Пилоттық жоба ретінде тұрғындар тарапынан жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу қажет деп санаймын. Келесі жылдан бастап шағын және орта бизнестен түсетін қосымша салық түсімдері өңірлердің құзыретіне берілетін болады. Бірақ бұл да жеткіліксіз. Бюджет үдерісінің барлық деңгейде ұйымдастырылуын қайта қарастыру қажеттігі туындап отыр. Жергілікті бюджетті қалыптастыруға халықтың белсене атсалысуы бұл істе үлкен рөл атқауруы тиіс» деген міндет қойылып отыр. Сондай-ақ, Президент биліктің жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу барысында мейлінше дербес болу керектігін де алға тартуда.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауда жүктеген тапсырмасын орындау мақсатында, жергілікті жердегі тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, мәселелерін шешу мақсатын ұстанып жұмыс жасау – жергілікті әкімдердің басты міндеті екені анық.
Қарасаз ауылдық округі әкімінің аппараты өз жұмысын Қазақстан Республикасы Конституциясы мен Заңдарына және жергілікті атқарушы органдардың құзыретін, қызметін айқындайтын Қазақстан Республикасының «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес жүргізуде. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» даму стратегиясы туралы» және Қазақстан Республикасының Президентінің Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауын түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыра отырып атқаруда.
Ауылдық округ әкімі аппаратында тоқсандық жұмыс жоспары жасалып бекітілген. Жоспарда ауылға қатысты мәселелер, әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар, құқықбұзушылыққа қарсы іс-қимылдар қаралған.
Қазақстан Республикасының Президенті, Үкімет актілері мен тапсырмаларының, әкімдік қаулыларының, облыс және аудан әкімдерінің шешімдері мен өкімдерінің орындалуына бақылауды қамтамасыз ету мақсатында жинақтау папкалары ашылған. Аудан әкімі аппаратына жіберілетін ақпараттар толық және уақтылы атқарылады.
Азаматтардан түскен арыз-өтініштердің қаралу тәртібі Қазақстан Республикасы 2007 жылғы 12 қаңтардағы «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Заңның талаптарына сәйкес жүргізілуде. 2019 жылы заңды тұлғалардан –10 (2018ж.-3), жеке тұлғалардан –62 (2018ж.-49) өтініш, жеке қабылдауда болған 19 (2018ж.-19) азаматтардың өтініш-сұраулары қаралып, мерзімінде өз шешімдерін тапқан. Мемлекеттік қызмет көрсету стандарты бойынша балабақшаға кезекке қоюға 86 (2018ж.-64) өтініш, оқушыларды тегін тасымалдауға 119 (2018ж.-118) өтініш қаралды. Қаралған өтініштер «Айқын» бағдарламасына енгізілген. Сонымен қатар лауазымды тұлғамен 25 (2018ж.-42) нотариаттық іс-әрекет жасалып, 6072 (2018ж.-9370) теңге баж өндірілді.
Аппарат қызметкерлерінің маңызды міндеттерінің бірі – округ бюджетін тұрғындар есебінен төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер арқылы толықтыру. Өткен жылы салық жинаудың жылдық жоспары 124,6 пайызға артығымен орындалды. Жоспар 7165,0 болса, орындалғаны – 8925,4, яғни 1760,0 артық. Округке қарасты бес елдімекенде 771 (2018ж.-764) аула, 3484 (2018ж.-3435) тұрғындар, оның ішінде 16 ұлттың өкілдері ынтымақта өмір сүруде.
Округте екі орта мектеп, №16 Жуалы колледжі, 2 бөбекжай-балабақша, 1 мәдениет үйі және оның жанында кітапхана орналасқан. Округімізде денсаулық сақтау мекемелері жаңа ғимаратта жұмыс істеуде. Атап айтқанда, 2019 жылы Қарасу ауылында бес келушіге арналған медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Округ бойынша бес елдімекен болса, әр елді мекенде бір-бірден фельдшерлік пункт бар.
Сонымен қатар, округте екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, бір ЖШС, 226 шаруа қожалық бар. Халыққа қызмет көрсетіп жатқан 1 супермаркет, 1 шағын маркет, 8 азық-түлік, 1 құрылыс , 1 автобөлшектер дүкені, 1 жанармай құю бекеті, 1 шаштараз, 1 тігін ательесі, 1дәріхана, 1 ветеринариялық дәріхана, 1 тіс емханасы, 1 тойхана, 2 ағылшын тілін оқыту орталығы, 1 жиһаз цехы, 3 ағаш тілу станогы, 1 наубайхана өз жұмыстарын атқаруда.
Округ бойынша 2017 жылы құрылған екі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі бар. 36 адамнан құралған «Қарасаз-2017» АШӨК-де сауынды сүтті сиыры 440 бас болса, бүгінгі таңда 690 басқа көбейіп, 1270 тонна сүт өндіріп, аудан орталығындағы ірімшік зауыты мен Тараз қаласындағы «Лесняк» жеке кәсіпкерілігіне өткізілуде. Ал, «Береке-2017» АШӨК 51 мүшесінің мүйізді ірі қара малы 400 бастан 75 тонна ет өндіріліп, тиісті мекемеге өткізілді.
Өткен жылы шаруа қожалықтарымен кәсіпкерлікті дамыту бағдарламалары аясындағы іс-шаралардың ұйымдастырылуы негізінде ірілендіру, селекция, субсидия алу бойынша шаруа қожалықтарға, тұрғындарға тұрақты мәліметтер мен ақпарат беріліп, насихатталды. Нәтижесінде, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында «Дидар» шаруа қожалығы cүт бағыты бойынша МІҚ малын алу үшін пайыздық мөлшерлемесі субсидияланатын 4,9 млн теңге көлемінде несие алып жұмыс атқаруда.
2019 жылы елімізде Жастар жылы болғандықтан округіміздің сегіз жас тұрғыны 3 миллионнан астам қайтарымсыз грантын ұтып алып, өз кәсіптерін дөңгелетуде.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылық техникаларын жаңарту жұмыстары да 2019 жылы қарқынды болды. Атап айтсам, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы арқылы «Әлинұр» шаруа қожалығы «Беларусь-892,2» маркалы ауыл шаруашылығы техникасын 7 миллион 880 мың теңгеге сатып алды. Дәл осылай «Құнар» шаруа қожалығы «Беларусь-82,1» маркалы тракторын 7 миллион 250 мың теңгеге және «Ханшайым» шаруа қожалығы «Беларусь-892,2» маркалы техникасын 8 миллионнан астам қаражатқа сатып алды. Ал 2018 жылы екі дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған болатын.
Өткен жылы атқарылған шаруалардың нәтижесінде округіміздің негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің орындалуы қамтамасыз етілді. Жылдан-жылға бұл көрсеткіштер артып келеді. Егін және мал шаруашылығында, ветеринария, қолдан ұрықтандыру жұмыстарында да елеулі ілгерілеушіліктер бар.
Аудан әкімімен және аудан әкімдігінің бөлімдерімен ауылдық округі әкімі арасындағы түйінді нысаналы индикаторлық көрсеткіштер бекітіліп, соған сәйкес жұмыстар атқарылды. Аудан әкімімен 19 көрсеткіштен тұратын түйінді нысаналы көрсеткіштің екеуі орындалмады. Аудан әкімдігінің бөлімдері арасындада 44 меже көрсеткіштері бойынша келісім жасалып, оның жетеуі орындалмады. Дегенмен, күнделікті шаруа қожалық жетекшілерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, «Минагро» порталына егістік және жайылым жерлерін тіркеуді міндеттесек те бүгінгі таңда тіркеу жұмыстары толық орындалмай тұр. Қарасаз ауылдық округі бойынша жалпы жер көлемі 19547,35 га болса, оның ішіндегі 11852,39 га егістік жер және 6418,11 га жайылымдық жер. Аталған электронды картаға 14529,3 га енізілді. Соның ішінде 3828,2 гектары жайылым жер. Қалған жер телімдерін «Бірлік» өндірістік кооперативіне қарасты болғандықтан жер телімдерінің иесі белгісіз болып тұр.
Өткен жылы округке қарасты Көктас ауылы Достық көшесінің 1 шақырым 320 метр жолы орта жөндеуден өтсе, Ақбастау ауылы Береке көшесінің екінші қиылысына жаяу жүргіншілерге арналған жол салынды. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында Көктас ауылы Достық көшесіне 2 863,0 мың теңге қаражатқа «Алатау-Бәйтерек» ЖШС жарықтандыру жұмыстарын жүргізді.
Елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру бойынша Жұрымбай ауылына «Street Workout» ойын алаңын салуға 750,0 мың теңге бөлініп, жұмыстар толығымен аяқтады. Қарасу ауылына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы 5 келушіге арналған медициналық пункт салынса, Қарасаз ауылына ауыз су жүйесінің құрылысы жүргізілді. Жұрымбай және Ақбастау ауылдарына ауыз су жүйесін жүргізу мақсатында қажетті жер телімдеріне жер актісін жасау үшін 616 мың теңге бөлініп, игерілді.
Ағымдағы жылы Ақбастау, Қарасаз, Қарасу ауылдарында тұрғындардың көптен бергі тілегі болған бірқатар әлеуметтік маңызы бар жұмыстар атқарылатын болады. Біз осыған күш салатын боламыз.
Бауыржан ТОЙШЫБЕКОВ,
Қарасаз ауылдық округінің әкімі