Bіz týraly
«JAŃA ÓMIR» – ТАРИХ, ТАҒЫЛЫМ, «JAŃA ÓMIR» – ҚАРА ШАҢЫРАҚ
Журналистер қауымының қоғамдағы еңбегінің, оларға артылар жүктің салмағын жерлесіміз, халық жазушысы Шерхан Мұртаза бір-ақ ауыз сөзбен, яғни « Журналистің арқалағаны алтын болғанымен, жегені жантақ» деген сөзімен әдемі жеткізген.
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов ағамыз «Журналист бойына барлық қасиеттерді жинаған, елгезек, елпек, қарапайым, кішіпейіл, жұғымды, ерінбейтін еңбекшіл, ұстамды, ұйымдастырғыш, жазғыш, айтқыш, ақылды азамат болуы керек» деген болатын. Шынында осы қасиеттерді бойына жинай білген журналист ғана өз ісінің нағыз шебері бола алады. Қай кезде де журналистердің жоғары кәсіби деңгейі, жауапкершілігі ең басты өлшем болып қала береді.
Халқымызда «Сөз тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген нақыл сөз бар. «Бас жару» деген ұғым адамның санасын өзгерту, оның азаматтық ұстанымына әсер ету, өмір сүру салтын таңдауына ықпал жасау деген сөз.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда әлеуметтік желілерде пайдалы, ақиқат ақпараттармен қатар өсек-өтірік, қауесеттер де қаптап жүр. Бір оқиғаны бірнеше түрлі етіп хабарлауға болады. Оны әркім өзінің түсінік-пайымына қарай әртүрлі қабылдайды. Оның бізге қайсысы пайдалы? Ол үшін әркімнің санасында ақпараттық сүзгі болуы керек. Әйтпесе, бұл өте қауіпті. Бұл тұста Бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық сананы өзгертіп, қалыптастыратын ықпалды құрал ретінде қызмет етуі журналистер қауымының кәсіби біліміне тікелей байланысты.
«Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың күндік» демекші, газетте жарияланған мақала оқылмай қалмайды. Жүздің бірі, тіпті мыңның бірі оқыса да «ел құлағы – елу» демекші, біреуден біреуге тарайды. Сондықтан газетте жарияланған әрбір мақалаға емес, әрбір сөйлемге сергектікпен қарау керек. Ол үшін журналиске жауапкершілік пен тиянақтылық, ұқыптылық керек. Себебі, мақала арқылы қоғамдық пікір туындайды, елдік сана қалыптасады.
Журналист – адам, ол – қаламгер, ол – ана, әке. Яғни, ол өз бала-шағасының ғана емес, бүкіл елдің анасы, әкесі. Бұл парызды орындау журналистің кісілігіне тікелей байланысты. Журналистің бітімінде адамгершілік рух биік болуы керек. Журналист адамгершілікті насихаттаушы ғана емес, ол адамгершілікті тал бойына жинақтап, өзіндегі барды шын жүректен оқырманға бағыттаушы. Кез келген мақала журналистің жүрегінен шыққанда, болмысы таза болғанда ғана, оқырманның жүрегіне жетеді. Халық журналисті адалдық биігінен іздейді. Бұл – журналиске жүктелген жауапкершіліктің ең абзалы.
Жалпы БАҚ-қа қай қоғамда болмасын артырар жүк ауыр. Ауданымыздағы киелі қара шаңырақ «Жаңа өмір» газетінің ұжымы, бұрынғы әріптес аға-әпкелеріміз, бүгінгі әріптестер қай кезде де өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.
Кез келген басылымның бір міндеті – халық пен биліктің ортасын жалғап, алтын көпір болу болса, ендігі бір үлкен міндеті – рухани орта қалыптастыру. «Жаңа өмір» бұл міндеттің үдесінен шыға білген шаңырақ. Газетте бүгінде елімізге танымал жерлестеріміз, жазушы-журналистер еңбек етті. Олар: Мырзахан Ахметов, Қасым Әзімханов, Доқтырхан Тұрлыбек, Талғат Айтбайұлы, марқұм ақын Бауыржан Үсенов, т.б. Бүгінде осы ағалардың ізін редакцияда қаламы қарымды журналистер Абылайхан Сәрсен, Нұржан Манасұлы, Айгүл Қалымханқызы жалғап келеді. Сонымен бірге газеттің шығуына жауапты хатшы-жарнама менеджері Лаура Мұсабекова, корректор Баян Оразбаева, дизайнер Нұрсұлтан Орын тер төгіп келеді.
Газет шығару машақаты көп жұмыс. Редакция қызметкерлерінің бір күні қалай өтеді? Мұны халық біле бермейді. Жұмыс газеттің кезекті нөмірін жоспарлаудан басталады. Әр нөмірді жоспарлауда басты мақсат – еліміздің идеологиясы мен даму стратегиясын аудан халқына кеңінен насихаттап, ұлыстың ырысы мен ынтымағының артуына тікелей ықпал ету. Әр санда оқырманға ой салатын, рухани азық болатын дүние сыйлау. Оқырманның хатына орын беру. Елдің көкейіндегі проблемаларды зерделеу.
Бір нөмірді дайындау үшін журналистер қаншама тер төгеді? Ол үшін іссапарға шығып, ел аралап қаншама кісімен сұхбаттасады. Зерттейді, зерделейді. Оны ойына қорытып, қалам арқылы қағазға түсіреді. Оқырманнан түскен хаттарды өңдейді. Олар теріліп, компьютерде беттеледі. Дайын болған газет макетін корректор мен кезекші бірнеше мәрте оқып шығады. Бұл жұмысқа газет ұжымы толық араласады. Соңынан редактордың орынбасары мен редактор оқып шығып, редактор газетті баспаға жіберуге қол қояды. Бұл машақаты көп, ұзақ уақытты талап ететін әрі көзге көрінбейтін жұмыс. Әр мақаланың жазылуының өзі қаншама еңбек. Мақала сәтті шығуы үшін журналиске сергектік, ойының бір жерде болуы керек. Егер санаңды тұрмыс билеп тұрса немесе шаршап тұрсаң, мақаланың жазылуы да өте қиын. Ондай жағдайда сапалы дүние шықпайды. Ол үшін журналиске тыныштық, көңіл күй мен жағдай керек. Журналистің жұмысы жүгіріп жүріп бітіріп тастайтын шаруа емес. Ойдың жұмысы болғандықтан бастың тынықтығы өте қажет. Қысқасы, редакцияда қай кезде болмасын қызу жұмыс. Бірақ үнсіз ойланып жазып отырған журналистер өзгелерге жәй демалып отырғандай көрінеді. Алайда олай емес.
Журналист уақытпен санаспай еңбек етеді. Газет шығатын күні түнгі он-он бірге дейін, кейде тіпті одан да кеш қайтатын кездер болады. Журналист сенбі-жексенбі күндері де еңбек етеді. Ол дүйсенбінің нөміріне материалын дайындап келуі керек. Тіпті оның түннің бір уағында тұрып материал жазатын кездері де болады. Сондықтан бұл жұмысты тек өзінің мамандығын жақсы көретін және жақсы білетін кісі ғана атқара алады. Бүгінде біздің ұжымда осындай мамандар еңбек етуде.
Газеттің тұрақты оқырмандары көп. Олар орта жастағы кісілер мен қариялар. Оқырмандардың ықыласы мен пікірі біз үшін қымбат. Ел арасында жүргенде аудандық басылым туралы халықтың ыстық ықыластарын да, сын-ескертпелерін де естіп жатамыз. Мұның барлығын дұрыс қабылдап, нәтиже шығара білуіміз керек.
Газет – халықтың мінбері болғандықтан, қоғамдағы көкейкесті мәселелерді газет арқылы жеткізіп отыратын елдің келешегіне бей-жай қарамайтын оқырмандар, зиялы қауым өкілдері бар. Біз ол кісілерді қуана қолдаймыз. Зиялы қауым газет арқылы халықтың алдына түсіп, ойымен бөлісіп, халықты ауызбіршілікке, рухани кемелденуге, мәдениетке баулығаны, шақырғаны өте орынды. Олардың қатарының көп болғаны дұрыс. Елдің келешегіне барлығымыз жауаптымыз.
Төл басылымдарыңыз «Jańa ómir» газеті редакциясының жағдайы аудан басшыларының қолдауымен жылдан-жылға жақсарып келеді. Әлі де редакцияның материалдық-техникалық базасын нығайту үшін, заман талабына сай қызмет етуі үшін біраз жоспарларымыз да бар.
Қысқасы, халықтың жүгін арқалау – біздің журналистік, перзенттік парызымыз. Мен осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан барша әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық, бақ-береке, еңбекте мол табыс, шалқар шабыт тілеймін! Әрдайым мәртебелеріңіз биік, мерейлеріңіз үстем болсын!