«Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ».
Шерхан Мұртаза.
Күтсе де мың қаншама сындар алдан,
Төрімде өр Алатау тұлғаланған.
Әлемде Жуалыдай жер қайда бар?
Қамалы батырлықпен бір қаланған.
Жаралған жауындардан, дауылдардан,
Айбат берген ұлына дәуір, жалған.
Жасампаз Жуалының өр ұланы,
Алашта кім озыпты, Бауыржаннан.
Тарлан бір тарихың бар хатқа түскен,
Тауы да, тұлғасы да мақтаныш кең.
«Jańa ómir» – Жуалының шежіресі,
Мерейі басқалардан болған үстем.
Алаңмын келер күнге, неге, алаңмын?
Қолыма қару емес, қалам алдым.
Болашаққа хат болып жолданармын,
«Қызыл жебесіндей» Шерағаңның.
«Жаңа өмір» биіктерден көрінгенсің,
Басылымға байыпты өмір берсін.
Талантты шоғырдың ізін жалғап,
Әманда алыптардың жолын берсін.
Боларсың басқаларға алаң көңіл,
Қаламгер шашып жүрер ғаламға нұр.
Басылымда аянбай еңбек еткен,
Әріптеске тілеймін ұзақ ғұмыр.
Ақылынан айнымас асыл адам,
Өтсе де мейлі жылдар, ғасыр-заман.
Бұрынғыдан қалған бір тәмсіл бар,
«Журналисті аяғы асыраған»…
Тілшінің бөлек болар ән-жыры да,
Ананың көз жасына, жар мұңына.
Олар да алаңдайды жан-жағына,
Алаңдайды адамзат тағдырына.
Оларды қызықтырмас күйкі өмірің,
Төзім мен жұқарады жүйке бұрын.
Арадай бал іздеген гүлге қонып,
Толтырады газеттің әр нөмірін.
Тағы да әне, қоғамға елеңдеді,
Уайымдайды қаттырақ сенен гөрі.
Журналистің еңбегі – ауыр еңбек,
Тұтастай бір ұжымның – ой еңбегі.
Қызықтырмас жақының, шалғайың да,
Кейде біз сыр шертеміз тал-қайыңға.
Еңбек етіп келеміз сыр берместен,
Карантин, пандемия жағдайында.
Әріптес, Сіздерге жыр арнадым мен,
Еңбек етіп жүрсіңдер бар жаныңмен.
Мерейлі төл мерекең құтты болсын,
Бүгінді болашаққа жалғап жүрген.
Қаламгерлер – қашанда табанды ерлер,
Қамкөңілге үміт пен құйған жігер.
Журналистің жолы мен жөні бөлек,
Дегендей: «Жол қадірін жүрген білер».
Күтсе де мың қаншама сындар алдан,
Төрімде өр Алатау тұлғаланған.
Мерейің аса берсін, «Jańa ómirim»,
Тарихың Жуалымен бір қаланған!!!
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»