Bіz týraly
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың Құттықтауы
Құрметті бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері!
Қадірлі қаламгерлер!
Сіздерді ең алдымен 28 маусымдағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтаймын. 2019 жылдан бастап бұл күн Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып белгіленген болатын.
Аудан жұртшылығы былтырғы жылы жұлдызы биік Жуалыдай қасиетті өлкенің қарт шежірешісі саналатын «Жаңа өмір» басылымының 85 жылдығын атап өткен еді. Бұл ауданның қоғамдық өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі ретінде өңір тарихында жазылып қалғаны белгілі.
«Тарихты тұлғалар жасайды» деген қанатты сөз бар. Тарихта аты қалған мұндай айтулы таутұлғалы азаматтар Жуалы жерінен де қанат қаққан. Біз бұл үшін мақтанамыз. Осы ретте тұлғалардың өмірін, замана тынысын дәл суреттей отырып кейінгі ұрпаққа жазып қалдыратын газеттің орны бөлек. Шын мәнінде аудандық газетті ауданның өткен тарихын, халықтың тұрмысын, айтулы тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын тасқа басып, келешек ұрпаққа қалдырып келе жатқан үлкен шежірелі көмбе деп атасақ артық етпейді.
«Қаламгерлер – табанды ерлер» демекші, аудандық газеттің осынау қара шаңырағында жұлдызы биік өлкеден түлеген қайраткер жазушылар Құрманбек Сағындықов, Бақытжан Момышұлы, сонымен бірге, қазіргі таңда қалың елге танымал қаламы қарымды журналист-жазушылардың үлкен шоғыры жұмыс істегені белгілі. «Журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ»,- деп Халық жазушысы, қазақ көсемсөзінің көрнекті өкілі, редакторлардың редакторы болған Шерхан Мұртаза жазып қалдырғандай, аудандық «Жаңа өмір» газеті жуалылық жұртшылықтың талай буынын тәрбиелеп, жергілікті халық пен билік арасындағы алтын көпір қызметін абыроймен атқарып келеді. Алдағы уақытта да қаламгерлердің бірнеше буынын түлете береді деген үлкен сенім білдіремін.
Жуалы ауданымен бірге жасасып келе жатқан сүйікті төл басылымымыз – «Jańa ómir» – «Новая жизнь» газеті өзінің 85 жылдық тарихында ел мен жердің, ортақ Отанымыздың гүлденуіне, ұлттық болмысымыз бен ұлттық құндылықтарымыздың ұмытылмауына аянбай қызмет етіп, еңбек сіңіріп келеді. Газет қызметкерлерінің еңбегі ел аумағындағы пандемия жағдайында да жарқырай көрінді. Аталған басылым өз кезегінде аудан жұртшылығын сабырға, санитарлық талаптарды сақтауға шақыруда үлкен рөлге ие. Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатов: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты»,- деген сөзді айтқанда қаламгерлердің қарымы, баспасөздің ел өмірінде алатын маңызды орнын меңзегені белгілі. Осы орайда аудандық газеттің қызметкерлері өңір экономикасының қазіргі ахуалы, Елбасының, Ел Президентінің халыққа арнаған Жолдауларына сәйкес атқарылып отырған істер, жаңа жұмыс орындарының ашылуы, білім, денсаулық, мәдениет салаларындағы оң өзгерістерді жұртшылыққа шынайы және әділетті түрде жеткізіп келеді. Алдағы уақытта да жергілікті қаламгерлер қасиетті өлкенің экономикалық дамуына, тұрғындардың рухани кемелденуіне сүбелі үлес қоса береді деген сенімдемін.
Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, әрдайым шығармашылық табыстың көкжиегінен көріне беріңіздер дегім келеді!