Bіz týraly

Әріптесіміздің жүлдесі

Қазақстан халқы тілдері күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Тіл – татулық тірегі» атты апталық аясында Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығында «Үздік журналист» байқауының қорытындысы шығарылды. Шараға облыс БАҚ-тары журналистері, тіл мамандары мен жанашырлары және қазақ тілін жете меңгерген өзге ұлт өкілдері шақырылды.
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова жиналғандарды тіл мерекесімен құттықтап, тілдің қоғамдағы рөлі мен маңызы, тілді насихаттау және дәріптеу туралы сөз қозғай келе, тіл мәселесін тек байқау кезінде ғана емес, күнделікті көтерудің маңызды екенін жеткізді. Басқарма басшысы әрі қарай қазылар алқасының қарауына түскен 33 мақаланың ішінен жетеуі іріктеп алынғанын айта келе, жүлделі орынға ие болған журналистерді кезегімен ортаға шақырып, марапаттады.
Марапатқа ие болғандар қатарында әріптесіміз, аудандық «Jańa ómir-Новая жизнь» газетінің тілшісі Айгүл Аманқұл да бар. Ол қазылар алқасының шешімімен ІІІ орынға лайық деп танылып, Грамотаға және ақшалай сыйлыққа ие болды.
Біз әріптесімізді марапатымен құттықтап, шығармашылық табыс, шалқар шабыт, қаламының ұштала түсуін тілейміз.

«Jańa ómir»-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Close