Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 маусымдағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесіне орай журналистерді кәсіби мерекемен құттықтау сөзінде: «Ақпарат саласы – қоғамдық пікір қалыптастыратын маңызды сала. «Халықтың көзі, құлағы һәм тілі» ретінде елге адал қызмет ету – әр журналистің абыройлы міндеті. Сіздер қашанда ұлт мүддесін бәрінен биік қойып, ел қамы үшін қалам тартып жүрсіздер. Мемлекетшілдік құндылықты дәріптеп, жасампаздық пен жақсылықтың жаршысы болып келесіздер. Ақпарат саласын дамытуға мемлекет тарапынан қашанда ерекше көңіл бөлінеді. Өз кәсібінің майталманы болған қарымды журналистерге қолдау көрсетіледі» деп атап өткен болатын.
28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесіне байланысты іс-шаралар, сала қызметкерлеріне арналған құттықтаулар, оның ішінде ардагер журналистерге, үздік қызметкерлерге марапаттар тапсыру рәсімдері өткен аптада басталып кеткен болатын. Қасиетті қаламды қару етіп ұстаған журналистер мен тілшілер қауымына мемлекет және қоғам тарапынан жасалатын құрмет пен сенімнің үдесінен шығу да үлкен міндет саналады.
Журналистердің осынау төл мерекесіне байланысты кеше аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Білім орталығында» маңызды іс-шара ұйымдастырылып, онда аудандағы бірден- бір бұқаралық ақпарат тарататын ұжым – Жуалы аудандық «Жаңа өмір – Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің ардагерлері мен қызметкерлеріне сый-құрмет жасалып, тиісті марапаттар тапсырылды.
Кәсіби мерекеге арналған шараны аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, құттықтау сөз сөйледі.
-Құрметті әріптестер, қадірлі қаламгерлер!
Сіздерді ең алдымен Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жуалы аудандық «Жаңа өмір – Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетін қара шаңырақ деп алатын болсақ, газет редакциясында бұдан бұрын да қаншама қаламы қарымды журналистер, елімізге белгілі қаламгер, қайраткер, жазушы аға, апаларымыз еңбек етті. Газеттің 90 жылға жуық тарихында журналистика ардагерлерінің салып кеткен сара жолы мен еңбегін орасан зор деп білуіміз қажет. Міне, 87 жылдан бері аудандық газет үздіксіз жарық көріп келеді. Заман талабына сәйкес, газеттің форматы да үлкейтіліп, безендірілу жағынан болсын, онда жарияланып жатқан мақалалардың сапасы, айтар ойы мен көтерер жүгі жағынан да облыстағы басқа да басылымдармен иық тірестіре алатын басылымға айналып отыр.
Газетті парақтап шығатын болсаңыз, тұшымды мақалалармен қатар, тұрақты жаңа айдарлар да ашылып жатқанын көреміз. Газет ұжымының қатары кейінгі жылдары жас журналистермен толықтырылуы төл басылымымыздың болашағының зор екенін көрсетсе керек. Редакция қызметкерлері мақалалар жазумен қатар, оқырмандар сұранысына сай әлеуметтік желілерде де белсенділік танытуда. Газеттің әрбір нөміріне, оның ішінде, нөмірде жарық көрген маңызды дүниелерге шолу жасауды да журналистер жолға қойып отыр. Оның ішінде тақырыптық бейнероликтер түсіріліп, газеттің фейсбуктегі әлеуметтік парақшасына тұрақты жүктелу үстінде. Бір сөзбен айтқанда, аудандық газеттің отандық ақпарат кеңістігінде ойып алар орны бар.
Құрметті «Жаңа өмір – Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы, қадірлі ардагер қаламгерлер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, шығармашылық табыстар тілеймін. Жазарларыңыз көбейсін. Жақсы жаңалықтардың жаршысы болып жүре беріңіздер,- деді Анар Садыққызы.
Келесі кезекте құттықтау сөз кезегі аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубековке берілді. Ерғали Өтемісұлы өз сөзінде ауылдағы ағайынның халі мен жайы туралы газет бетінде тұшымды мақалалардың көптеп жарияланатынын, жалпы бұқаралық ақпарат таратуда қолына қалам ұстаған журналистердің еңбегі зор екенін баса айтып, аудандық газеттің ұжымын төл мерекелерімен құттықтап, табыс тіледі.
Редакция ұжымын «Nur Otan» партиясы Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нарбай Ергебеков те құттықтап, заман талабымен интернетте әлеуметтік желілердің жұмысы дамығанымен, қашанда газет құндылығының арта беретінін айтып, тілшілер қауымына жазар жақсы жаңалықтардың көбірек болуына тілектестік білдірді.
Шара барысында журналистика саласының ардагерлері мен аудандық газеттің бірқатар қызметкерлеріне аудан әкімі Олжас Қаржауовтың бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған арнайы Құттықтауын аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова тапсырды.
Сонымен қатар, «Жаңа өмір – Новая жизнь» қоғамдық-саяси газеті Бас редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Нұржан Манасұлына аудан әкімінің Құрмет грамотасы, газеттің тілшісі Айгүл Аманқұл және фототілші Сәбит Күзембаевқа Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының Алғысхаты берілді. Марапаттарды аудан әкімінің орынбасары А.Ахметова табыстады.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубеков газет тілшілері С.Күзембаев пен А.Аманқұлды Алғысхатпен марапаттады.
Аға тілші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Абылайхан Сәрсен және газеттің корректоры Баян Оразбаева «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамотасы мен Алғысхатына ие болды. Марапатты партия аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н.Ергебеков тапсырды.
Билік пен бұқараны байланыстырған бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған жиын барысында Жуалы аудандық «Жаңа өмір – Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің және журналистика саласының ардагерлері, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері – Мейірбек Мәтенов және Гүлмира Дембаева құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды ізгі тілектерімен қатар, аудан басшылығына ұсыныс-тілектерін де жеткізді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»