Basty bet

Сабыр етіп, мәртебелі болашақ туралы армандайық

Әрбір жаман нәрсенің өзіндік бір жақсылығы бар. Қазір әлемді алаңдатып отырған індеттің адамдардың арасында ұмыт болып бара жатқан адами қасиеттерді еске салғаны жайлы жиі айтылып та, жазылып та жатыр. Бұл бір жағы әрине дұрыс. Себебі, адамдарда өзімшілдік, мейірімсіздік қасиет басым болып барады.

Айналаңа қарап, кейде көңілің құлазиды. Аллаға шүкір, бүгінде адамдарда материалдық дүниенің барлығы бар. Бай-қуаттыларды айтпағанда, тұрмысы орташа тұратында көп. Халық болғаннан кейін әрине аз қамтылғандар да бар. Алайда адамдар рухани кедейленіп бара жатқан сияқты. Ең қиыны да осы.
Алла тағала адамды ерекше шеберлікпен жаратқан. Ең бастысы, сана-сезім, жүрек, көз, құлақ, қол-аяғың бар. Алла тағала солай жаратты да адамға еркіндік берді. Ал, еңбек ет, оқы, білім ал. Алдыңда түрлі жолдар тұр: байлық, кедейлік, жақсылық, жамандық. Сол секілді денсаулық, ауру. Адамдар оларды өзі таңдайды. Не тапса да, өзінің сөзінен, іс-әрекетінен, ниетінен табады.
Кейде адамдардың бойынан ашкөздікті, тіленушілікті жиі көреміз.
Бірде аудан орталығындағы «Қайырымдылық» дүкеніне бір іс-шараға барғанбыз. Іс-шара басталардың алдында адамдар келіп, дүкеннен өзіне керекті киімдерді алып жатты. Бір әйел киімдердің ішінен біразын жинап, өзіне алып алыпты. Сол жерде бір дін жолындағы жас азамат «Әпке, қойсаңызшы. Басқаларға да қалсын да» деді. Мен оған: «Ала берсін да, керек болған соң алып жатқан шығар» дедім. Жаңағы жігіт. «Жоқ, әпке, мен ол кісінің үйіне барып көргенмін. Жағдайы жақсы. Бірақ үнемі осылай жүреді. Ол кісі алғанша, одан да шын мұқтаж адамдар алсын» деген еді. Сол сияқты, Үкімет шын мұқтаждарға арналған көмек беріледі десе болды. Жапа-тармағай тегін дүниеге құнығатындар көбейіп кетті. Кейде солардың кесірінен шын мұқтаждар ала алмай қалады. Шын мұқтаж амалының жоқтығынан ұяла сұрап келсе, ал құныққан жалқаулар айқайлап, арын саудаға салып келеді. Оларға қарап жүрегің сыздайды.
Қазақта «Досыңнан қорықпа, ары кетсе сатып кетер, дұшпаныңнан қорықпа, ары кетсе атып кетер. Немқұрайдылықтан қорық. Ол сатады да, атады да» деген сөз бар. Қазір біздің қоғамдағы үлкеннің де, кішінің де бойында немқұрайдылық басым. Ол отбасына, жұмысына, қоғамға деген немқұрайдылық. Қай іске болмасын немқұрайдылықпен қарадың ба, атқарған ісіңіңнің бәрі бекер. Оның ешқандай нәтижесі жоқ. Өзіңнің жаның ашып, ықыласпен атқармаған соң біреудің айтуымен амалдың жоқтығынан атқарған жұмыстың жақсы нәтиже беруі екі талай. Бір адамның істеген немқұрайды тірлігі қанашама адамға, елге зиянын тигізеді.
Бүгінгі індеттің алдын алу, болдырмау мақсатында жарияланған төтенше жағдайда да осы қасиет басым болып тұр. Әрбір адам әкім үшін, біреу үшін емес, өзі сезініп, жаны ашыса, біздің ел бұл індетті ертерек жеңер едік. Әлде қайда қазіргі күнімізден де тамаша өмір сүрер едік.
Әр адам білімі мен тәжірибесін ұштастырып, әр нәрсені жүрегінен өткізіп, оны отбасына, қызметіне пайдаланса, қандай кедергіні болса да тез жеңер едік.
Адам өзгені сыйлау үшін бірінші өзін сыйлауы керек. Өзін сыйлаған адам ғана өзгені сыйлайды, өзгені де өзін сыйлата біледі. Өзін сыйлау дегеніміз – өз отбасыңды, өз мамандығыңды, жұмысыңды жақсы көру, жаның ашудан басталады. Өзіңнің туған тіліңді, ұлтыңды, туған жеріңді шексіз сүю.
Ол үшін адам өз-өзін танып, үнемі дамытып отыруы қажет. Сөз бен істің бірлігі керек.
Рас, қазір елімізде, әлемде болып жатқан жағдай жалпы адам баласына көптеген ұмыт болып бара жатқан жақсы қасиеттерді үйретті. Адамдардың Алланың алдында бірдейлігі, бір-біріне деген шынайы сүйіспеншілік, табиғатқа жаны ашу, өмірге қонақ екенімізді, өмірдің мәні тек сыйластық екенін, уақытты текке өткізбеу, ысырапшылдықтан арылу, саламатты өмір салтын ұстану, жақсылық жасауға асығу, тән тазалығы мен жан тазалығы, яғни адамның ойын, жүрегін тазалау қажеттігін ескертіп, талап еткендей. Бірақ, ойланып, тәубеге келіп, ой түйгендер де бар, «баяғы жар тас сол жартас» дегендей әрі қарай ашкөздене түскендер де бар. Бір кем дүние деп Шерағаң айтқандай, өмір болған соң бұл өмірдің заңы шығар. Дегенмен, ең алдымен ойымызды түзейік. Ойымыз түзелсе, бойымыз да, ісіміз де түзелері анық. Жақсылыққа жаны құмар жанның өмірі де жақсылықпен құрылады.
Алла осы індеттен халқымызды аман-есен алып шығып, еліміздің абыройы, мәртебесі артып, тұғыры биіктесін! Ол үшін сабыр етіп, өзіміз бен отбасымызды тәртіпке шақырайық! Қолымыздан келгенінше айналамызға қамқорлық көрсетейік, бір-бірімізді қолдайық! Алға биік мақсат қояйық. Мәртебелі болашақ туралы армандайық.
Сабыр етіп, сары уайымға салынбау да рухқа тәуелді. Халықымыздың рухы биік болсын! Шүкіршілік етіп, келер көктемнің, ұрпағымыздың тілеуін тілейік.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close