Basty bet

«Тәртіпке бағынған құл болмайды»

Бисмиллахир рахманир рахим.
Ассалаумағалейкүм құрметті бауырлар! Бүгінгі күні әлемді әбігерге салған аты жаман ауру коронавирус инфекциясы қазақ жұртын да терең ойлануға, сақтық шараларын күшейтуге әкеліп отыр. Осындайда ата-бабаларымыз:
«Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір Алладан». Қандай қиын заман болса да Алла тағаланың шексіз рахымынан үмітімізді үзбейік, қадірлі бауырлар.
Бұл жаман ауруды жеңу үшін Пайғамбарымыздың (с.а.у) хадисінде: «Қай жерде жаман ауру шықса, ол жерге бармаңдар, егер де сол жерде болсаңдар, ешқайда шықпаңдар» деген. Ғаламда жүріп жатқан жаман ауруға байланысты әркім әртүрлі жаман сөздер айтуда. Мұндай кезде бір елде болған жағдайды екінші елге жаман екен деп жеткізуге болмайды. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.а.у) хадисінде тағы да: «Кімде-кім Алла тағалаға және ахирет күніне сенсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген. Бабаларымыз Пайғамбарымыздың хадисіне сүйеніп, «жақсы сөз – жарым ырыс» дейді. Енді біреулердің осындайда халыққа ақыл айтқан болып: «арақ ішсеңдер, темекі тартсаңдар жаман аурумен ауырмайсыңдар» деп жүргенін жасыра алмаймыз. Абай атамыз айтқан:
«Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз.
Кім болса мейлі сол айтты
Ақылменен жеңсеңіз» деген.
Бұл жаман аурудан сақтанудың жолы арақ ішіп, темекі тарту емес. «Келеді күн, қызық дәурен тату өткіз, Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз» дегендей, тату болуымыз қажет. «Адамның күні адаммен» деген. Ел бірлігі сынға түскен қиын-қыстау сәтте бір-бірімізге көмектесуіміз керек. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, жан керек болса қатал тәртіпке бағыну керек. Кім болса соның айтқандарына сене салмай, ғалымдардың тұжырымды айтқан сөздеріне құлақ асу қажет-ақ.
«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дейді дана халқымыз. Көрші жатқан мемлекеттер осы келген жаман ауруды қатал тәртіппен, бір-біріне көмектесумен ғана ғалымдардың тұжырымды іс-әрекеттерімен жеңе білді.
Бұл індет жанған оттай күйдірмес үшін бас басымызға би болмай басалқалды Президентімізге сенім артайық.
Құрметті халайық, аудан тұрғындары! Мұндай кезде сабырлы болайық, асығып, аптықпайық. Алла тағала сабырлылармен бірге. Қазақ еліне, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілей отырып, Қасиетті Рамазан айына аман-есен қауышуымызды нәсіп етсін деймін. Тағы да айтарым, бірлік керек. Асан қайғы бабамыз:
«Құйрығы жоқ, жалы жоқ,
Құлан қайтіп күн көрер
Аяғы жоқ, қолы жоқ
Жылан қайтіп күн көрер.
Татулық жоқ, бірлік жоқ,
Елім қайтіп күн көрер» деп толғанса, Төле би бабамыздың:
«Бетеге кетсе, бел қалар,
Бектер кетсе, ел қалар.
Береке-ынтымағың кетсе, нең қалар?» дегені әрбір саналы азаматқа терең ой салуы тиіс.
Құрметті жерлестер! Қай кезде де мұсылман қауымының ең бірінші қаруы – дұға болған. Шынайы ықыласпен Алла тағалаға алақанымызды жайып, ел-жұрттың амандығын тілейік.
Сөзімді бабалардың даналық сөзімен аяқтаймын. «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады» деген. Барлық мұқтажымызды әлемдердің әміршісі болған бір Алладан халық болып сұрайық. Жаратушы ғана жалбарынайық дегім келеді!

Сейітқазы қажы Медетбеков,
«Жуалы» мешітінің имамы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close