Basty bet
Ағайынға арнау сөз
Б.Момышұлы ауылындағы қабірстанды күтімге алу қажет
Дана халқымызда: «Өлі ырза болмай, тірі байымайды» деген сөз бар. Тірілер қашанда әруақтарға, өмірден өткен ата-бабаларына, бауырларының рухына тағзым етіп жүрулері тиіс. Біз 70 жылдай Кеңес Одағының құрамында болып, солақай саясаттың салқынын көріп өскен ұрпақпыз. Бізді сол тұстағы құйтырқы саясат бойынша: «Құдай жоқ» деп санамызға құйып, оқытты. Қанда бар қасиет текке кетпейді екен. Алайда ата-бабаларымыз, аналарымыз жасырын болса да қасиетті Құран сүрелерін оқып, бес уақыт намазын қаза етпеуші еді. Шамасы келесе ораза тұтып, Алланың ақ жолында жүріп, зекеттерін де беретін. Біздің буын осындай жайларды көріп өстік. Менің тағы бір айтпағым, ата-апаларымыз әруаққа әрдайым Құран бағыштап, оларға қашанда құрмет көрсетіп отыратын.
Аудан орталығының тұрғындарына белгілі, Б.Момышұлы ауылының төменгі бөлігінде орналасқан дүниеден өткен адамдарды жерлейтін үлкен қабірстан бар. Онда қазір ұлы дүниелік болған мыңға жуық адам мәңгілікке тыныс тапқан. Аудан орталығына кейіннен жан-жақтан қоныс аударған отбасылардан да қайтыс болғандар осында жерленуде. Бір сөзбен айтқанда, бұл қабірстанда бірнеше отбасының туған-туыстары, бауырлары жатыр.
«Өлінің қамын тірі жер» дейтін болсақ, ауданда көлемі жағынан үлкен зират саналатын бұл қабірстанның жан-жағын қоршап, күтімге алу – тірілердің парызы. Аудан тұрғындары жақсы білетіндей, бұл орынның жан-жағы ұзақ жылдан бері қараусыз, қоршалмай ашық жатыр. Оған мал кіріп, қабірдің басын талқандап тастау қаупі бар. Қабірстанға апаратын жолдың да жағдайы мәз емес. Қыс және көктем, күз мезгілдерінде мұнда балшықтан аяқ алып жүре алмайсыз. Әсіресе, ауа райының қолайсыз жауынды-боранды күндері мәйітті зират басына жеткізіп, жерлеу қиынға соғып жататын кездер де болады. Зираттың жолына тас немесе асфальт жабындысын төсеу қажет. Қабірстанды күтімге алу жұмыстары өз шешімін күтіп отырған күрделі мәселе.
Құрметті аудан тұрғындары. Б.Момышұлы ауылының төменгі бөлігінде орналасқан қабірстанды күтімге алу үшін ағайын болып жұмылып, қаржы жинауымыз қажет. Бұл күттірмейтін мәселе. Ендеше, сауапты іс жасауға асығайық, ағайын!
Аманжол қажы ДҮРӘЛІҰЛЫ,
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы