Basty bet
Ауылдың берекесін арттыратын жоба
«Қарапайым заттар экономикасы» пилоттық жобасы сәтті іске асырылғанда еліміздегі, соның ішінде өңіріміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі сапалық жаңа деңгейге көтерілмек. Сонымен бірге, қазіргі күні жұмыс істеп тұрған өндірістік қуаттар көлемі ұлғаймақ. Ең бастысы, өңірде халық тұтынатын тауарлар өндірісін дамытуға даңғыл жол ашылады.
Бұл тұрғыда жоба аясында пилоттық өңір болып таңдап алынған Ақтөбе ауылдық округінде нендей шаруалар атқарылуда?
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязовтың мәліметінше, бүгінде жобаға қатысушы 444 аула (90 %) жобаның барлық бағыттары бойынша қаржыландырумен қамтылған. Мәселен, бірінші «үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану» бағыты бойынша 444 ауладағы 68 га 57 гектар жерге (90 %) бірінші айналымда картоп дақылын және 3,9 гектарға қырыққабат, 6,6 гектарға қызанақ егуді жоспарланып отыр. Соған сәйкес айналымға тұқым және минералды тыңайтқыштарға 13,5 млн. теңге, 150 тонна картоп тұқымы, 2 кг қызанақ тұқымы, 7,8 кг қырыққабат тұқымы қажет.
Жаңаталап ауылындағы 71 үйдің іргелік жерлері тракторлармен айдалса, 65 үйдің жерлері өз күштерімен дайындалып, көктемгі егіске дайындалуда. Одан басқа ауыл сыртынан 10 га жер егіліп, ауыл азаматтарына бөлініп беріледі. Барлық дайындалған жер көлемі – 43 га. Үй іргесіндегі 11 га (19,2%) картоп отырғызылды. Картоп тұқымының 100 тоннасына «Жаңаталап» ШҚ-мен келісімшарт жасалып, картоп егетін ауыл тұрғындарына берілуде.
Жобаның екінші «Ауладағы мал шаруашылығын тиімді пайдалану» бағытына қатысушы 195 ауыл тұрғынының «Тараз» ӘКК-не 559,9 млн. теңгеге берген өтінімдері қанағаттандырылып, барлығы тиісті қаражатқа қол жеткізді. Өтінім бойынша сатып алынатын мал басы – 2347 бас болса, бүгінде 181 адам 542 млн. теңгеге 2227 бас мал сатып алып, ИСЖ-ға тіркеді немесе орындалуы – 94,8 пайыз. Сатып алынған 2 227 түліктің 686-сы жылқы, 492-сі мүйізді ірі қара болса, 1049-ы қой-ешкі.
Жобаның үшінші «Елді мекендерден тыс жерлерді пайдалану» бағыты бойынша алынатын малдарды мал азығымен қамтамасыз етуге қажетті егістік көлемдері анықталып, 1045 га алқапқа арпа, 328 га көпжылдық шөп, 50 га сүрлемдік жүгері себу межеленді. Тұқым, минералды тыңайтқыш, химиялық препараттар алу үшін 36,5 млн. теңге қажет.
Бүгінгі күнге «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі егіс алқаптарына арпаның «Вакула» сортының 40 тонна тұқымы алынып, 3 жаңа трактормен 300 га жер жыртылып, 300 га арпа егілді. 328 га жоңышқа жері дайындалып, жоңышқа тұқымы себілді. Жүгерінің 10 гектары жыртылып, себуге дайындалды. Бұдан бөлек, кооператив ауылдық округтің шаруаларына қызмет жасап, 745 га алқапқа арпа егілді. Өңірдегі көктемгі дала жұмыстары жалғасуда.
Жобаның төртінші «Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру» бағыты бойынша пилоттық өңірде құрамында 207 мүшесі бар «Атамекен-Бастау» АШӨК құрылып, іске кірісті. Кооператив 93,8 млн. теңгеге тіркемелерімен және агрегаттарымен бірге 19 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алды. Олардың барлығы «Жаңаталап» ШҚ базасында.
Бірінші және үшінші бағыттар бойынша ауыл тұрғындарының тұқымға және препараттарға сұраныстарын қамтамасыз ету үшін барлығы төрт ғимарат кепілдікке қойылып, 50 млн. теңге несие алынды. Барлығы 21 тонна жанар-жағармай, жоңышқаның «Джулья» элиталы тұқымының 500 кг және «Семиреченская местная» ІІІ репродукциялы тұқымының 3 500 кг алынды. Сонымен бірге эспарцеттің 2500 кг тұқымы алынды. Минералды тыңайтқыш алуға «ҚазАзот» ЖШС-мен 40 тонна аммиакты селитраға келісімшарт жасалып, тапсырыс берілді.
Жобаның бесінші «Кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша үш жоба мақұлданды. Бұл Бәйтерек ауылынан Нұркелді Темірбеков пен Жаңаталап ауылынан Нұржау Әбілдаевтың үй іргесіндегі 4 соттық жерге жылыжай орнату және Бәйтерек ауылынан Гүлбану Қанатбаеваның кондитер цехын ашу жобалары. Жобаға қатысушылар бүгінде тиісті қаражаттарын алып, жерлерін дайындап отыр. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтар карантин шаралары аяқталғаннан кейін жеткізілетін болады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын одан әрі жалғастырып, бөлінетін қаражат көлемін ұлғайту керектігі жөнінде айтты. Өйткені, халқымыздың азық-түлігін, киімі мен басқа да күнделікті тұтынатын заттарын өз елімізде өндірмейінше жұртты жаппай жұмыспен қамтып, оның тұрмысын жақсарту мүмкін еместігіне әбден көзіміз жетті. Ауыл тұрғындарының берекесін арттыратын бұл пилоттық жоба алдағы уақытта барлық өңірлерге таратылса, елімізде жұмыссыздық мәселесі біршама шешіледі әрі халықтың әлеуметтік жағдайы да едәуір жақсаратын болады, – дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»