Basty bet
Ауыл тазалығы – баршаға ортақ
Ауылдың тазалығын сақтау – бүгiнгi күннiң басты талабы және баршаға ортақ іс. Осы орайда, елді мекеннің айналасын тазалау, қоқыстан арылту, тал-дарақ егу жұмыстары көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығында жасалады. Бұл тұста ауыл тұрғындарының әрбiр iске жанашырлықпен қарап, тиiстi дәрежеде жауапкершiлiктi сезiнуi керек-ақ.
Шақпақ ауылдық округі әкімінің аппараты аудан әкімінің «Көріктендіру, көгеріштендіру абаттандыру және санитариялық тазалық жұмыстарын өткізу туралы» 2020 жылғы 18 ақпандағы №94 қаулысын негізе ала отырып, жұмыс жоспары белгіледі. Белгіленген жоспар аясында округ аумағында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Округ аумағында жаппай сенбілік ұйымдастырылып, елді мекен айналасы қоқыстардан тазартылды. Сонымен қатар, Шақпақата ауылынан Б.Момышұлы ауылына барар жолдың шетіндегі, Ынтымақ ауылы мен Шақпақата ауылына қатынайтын жолдың шетіндегі және Шақпақата ауылынан шығаберістегі жол бойындағы талдар бұталып, 1200 түп тал әктелді және 50 шаршы метр аумаққа гүлзарлар отырғызылды.
Көктемгі екі айлық жұмыстары барысында округте 15 тонна қоқыс арнайы орынға шығарылды. Қоғамдық ғимараттар мен тұрғын үйлердің ауласы тазартылып, дарбазалары жөнделді және екі монумент тақтайшаға әрлеу жұмысы жүргізілді.
Кездейсоқ бес қоқыс төгілген орын тазартылды. Шақпақата ауылы Д.Пахомов көшесінің бойына үш жерге қатты қалдық тастайтын арнайы жәшік орнатылып, аптасына бір рет арнайы орынға шығарылады.
2020 жылға көгалдандыру бойынша Шақпақата ауылының шет жағына 220,0 мың теңгеге «Жасыл белдеу» бағдарламасымен қоғамдық жұмысшылардың атсалысуымен 30 түп қараағаш егілді.
Биылғы жылы «Көлік жолдарын күрделі жөндеу және орта жөндеу» бағдарламасымен Амансай ауылының Б.Көпбайұлы көшесін орта жөндеуге 14 580,0 мың теңге және Ынтымақ ауылының Б.Момышұлы көшесінің 0,390 шақырым орта жөндеуге 7 213,0 мың теңге бөлінді. «Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру» бойынша Шақпақата ауылындағы К.Тұртаев көшесіне жарық орнату үшін 6 647,0 мың теңге қарастырылды. Шақпақата ауылындағы Д.Пахомов көшесі мен С.Есімұлы көшесіндегі жарық шамдары 2 628,0 мың теңгеге «диодты» шамға ауыстырылды.
Сондай-ақ, «Елді мекендердің санитариясын қамтамасыз ету» жұмыстарына 1 000,0 мың теңге бөлініп, оның ішінде 450,0 мың теңгеге Шақпақ ауылдық округіндегі елді мекен көшелерін қардан тазартылды. VI тоқсанға 350 мың теңге ауылішілік көшелер қардан тазартылды. Кездейсоқ қатты қалдық тасталған орындарды тазалауға 200,0 мың теңге бөлініп, жұмыстар атқарылды.
«Елді мекендерді көріктендіру мен абаттандыруға» Ынтымақ ауылының кіреберісіне арка орнату үшін 1 568,0 мың теңге бөлінді. Шақпақата ауылының Д.Пахомов көшесіндегі жарық жүргізілген бағаналарға абаттандыруға 581,0 мың теңге бөлінді.
Қанат Қайыпов,
Шақпақ ауылдық округі әкімінің
міндетін атқарушы