Basty bet
Шаруаларға зор жауапкершілік жүктеледі
Бүгінгі күні коронавирус індеті бүкіл адамзатқа қауіп төндіріп тұр. Осындай қиын кезеңде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы халыққа ерекше демеу болып, баршамызды жігерлендірді.
Бүгінгі жағдай барлығымызға, әсіресе, ауылшаруашылық кәсіпкерлеріне, ауыл тұрғындарына үлкен жауапкершілік жүктейді.
Сондықтан, көктемдегі егіс жұмыстарын тоқтатуға болмайды! Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Осы бағытта ауылшаруашылық кәсіпкерлерін ел ертеңі үшін бірлесіп жұмыс атқаруға шақырамын.
Біздің университеттің ұстаз-ғалымдары ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне аптасына екі рет тікелей эфирде кеңес беріп, қолдау көрсету мақсатында онлайн конференция өткізуде. Оған бір күнде 2 мыңнан астам ауыл кәсіпкерлері мен аграрлық сала қызметкерлері қосылып, өздеріне қажетті ақпараттар мен пайдалы кеңестер алуда.
Университетiмiзде «Ситуациялық орталық» жұмысы жүйелі жолға қойылған, оқу орны сайтындағы «АгроДаму» парақшасына фермерлер өздерін мазалаған сұрақтарын жіберуіне болады. Біздің ғалымдар оларға міндетті түрде жауап береді.
Құрметті ауыл кәсіпкерлері!
Елімізде фермерлер егіс жұмыстарын уақтылы бастап кетті. Ал, оңтүстік аймақтарда аяқтауға жақындады. Бірақ қазіргі жағдайда ұсақ және үй шаруашылықтары біраз тоқырап қалды. Сондықтан, шағын шаруашылықтарға өз жерлерін игеруге, малдарын өсіруге ірі шаруашылықтар міндетті түрде қолдау көрсетеді деп сенемін.
Өз кезектерінде жер телімдері 20-30 соттықтан аспайтын үй шаруашылықтары жерлерін барынша тиімді пайдалануы тиіс.
Мен барлық жер телімдері мен саябақтары бар азаматтарға айтарым – оларды өңдеп, көкөніс, картоп, жеміс-жидек отырғызумен айналысуларын сұраймын. Сонда әр бір отбасы өздерін азық-түлікпен қамтамасыз етіп, артылған өнімдерін нарыққа шығара алады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыздағы халыққа Үндеуінде ең алдымен ұсақ және орта шаруа қожалықтарын мемлекет тарапынан қолдап, олардың әлеуетін тиімді пайдалану керектігін айтып өтті.
Көктемгі маусымдық жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет шаруа қожалықтарына үстемақысы 5 пайыздан жоғары емес 70 млрд теңге бөліп отыр.
Ауыл шаруашылық кәсіпкерлерін қаржыландыру үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 100 млрд. теңге бөлінді. Бұл шаралар ең алдымен ұсақ және орта шаруа қожалықтарына қатысты.
Көктемгі маусымдық жұмыстарды жүргізу үшін:
– шамамен 2,5 млн. тонна тұқым дайын. Бұл барлық қажеттілікті толықтай қамтамасыз етеді және оның 95% шарттарға сай келеді;
– тұқым шаруашылығын дамытуға 11,3 млрд. теңге субсидиялау қарастырылған, 29,4 мың тонна тұқым мен 838,7 мың дана элиталық көшеттерге мемлекеттік бюджеттен қосымша 2,5 млрд. теңге бөлінді.
Алғаш рет гербицидтардан бөлек фунгицидтар мен инсектицидтарды субсидиялау қолға алынды. Ауылшаруашылығы техникасы 98% дайын. Осының барлығы ауылшаруашылық кәсіпкерлеріне көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау.
Қазіргі жаңдайда ауыл, аудан, облыс аралары толық жабылып жатқан кезде, ауыл ақсақалдары мен ел ағалары халықты сабырлыққа, татулыққа, бірлікке шақырып, ақылдарыңызды айтып отырғандарыңызды білеміз.
Қазақ елі өзінің ауызбіршілігінің, ұстамдылығы мен төзімділігінің арқасында осы бір ауыр сынақ кезеңінен аман-есен өтетініне толық сенімдімін.
Барша ауыл тұрғындарына амандық тілеймін.
Жанұяларыңыздан ырыс-береке кетпесiн.
Еліміз аман болсын! Біз біргеміз!
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық
университетінің ректоры.
ҚР ҰҒА Вице-президенті, академик,
Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты