Basty bet

Cала жұмысына баса көңіл бөлу қажет

Аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының қызметкерлерімен кездесті. Жиынға төрағалық еткен Ернұр Маратұлы мәдениет саласы еліміздің рухани әрі мәдени тұрғыдан дамуында үлкен басымдыққа ие сала екенін айтып, аталған саланың дамуына мемлекет тарапынан да көңіл бөлініп отырғанына тоқталды.

Ауданның мәдениет саласының даму барысы мен алдағы жоспарлы жұмыстар туралы аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сауытбек Махамбетов қысқаша баяндады. Ол өз сөзінде өткен жылы сала қызметкерлерінің жеткен жетістіктері туралы айтып, ауылдық кітапханалардан барлығы 17 цифрландырылған ақпараттық орталықтың ашылғанын тілге тиек етті.
Келесі кезекте аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев сөз алды.
-Өздеріңізге белгілі, мәдениет саласының қызметкерлері халыққа мәдени, рухани тұрғысынан қызмет көрсетеді. Осы ретте Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында да мәдениет саласының дамуы мен келешегі туралы сөз қозғаған еді. Онда: «Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе» деп атап өтті Президент.
Дәл қазір карантин жағдайында бірқатар салаларда шектеулер болып жатқаны белгілі. Ал онлайн түрде өткізіліп жатқан шаралардың сапасына мән беруіміз қажет. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев аудандық мәдениет бөлімдеріне қатысты іс-шаралар өткізілмейді деген сын пікір айтқан болатын. Онлайн іс-шараларды көптеп өткізу қажет. Сіздердің атқарып жатқан жұмыстарыңыз, өткізіп жатқан іс-шараларыңыз көзге көрінбей жатыр. Насихат жұмыстарын жүйелі жүргізу маңызды.
Одан бөлек, биыл ел өмірі атаулы даталармен айшықталған мерейлі жыл болып отырғанын бәріңіз жақсы білесіздер. Атап айтқанда, Шығыстың ұлы ғұламасы, әлемге әйгілі ойшыл ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидың туғанына 1150, ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы жыл басынан аталып өтілуде. Одан да басқа атаулы даталарымыз бар. Осыған орай, аудан көлемінде атқарылатын жұмыстардың іс-шара жоспарын нақтылап бекітіп алуымыз қажет. Тағы бір айта кетерлігі, Жуалы ауданының әсем табиғаты, осынау өлкеден шыққан ұлы тұлғалардың өмірі туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік ашады. Алайда біз мұны тиімді пайдаланып отырған жоқпыз. Туризм саласының дамуы сайып келгенде, мәдениет саласының қызметкерлеріне байланысты. Сіз бен біздің атқарған жұмыстарымызға тікелей қатысты мәселе.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, оның іші-сыртына заманауи келбет берудің уақыты жеткен сияқты. Ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері мен клубтардың жұмысын жүйелеу қажет. Қорыта айтқанда, мәдениет саласына баса көңіл бөлу – маңызды қадам,- деді Ернұр Маратұлы.
Жиын барысында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков сала қызметкерлерінің мерзімді басылымдарға жазылу деңгейі, сонымен қатар, таяу күндері аудан орталығынан ауылдарға «Ізгілік керуені» жолға шығатынын, осыған сәйкес мамандар іс-шараның маңыздылығын ескере отырып керуен жұмысына қолдау көрсету керектігін еске салды.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының көркемдік жетекшісі Ришад Қуанышев мәдениет салсындағы қордаланған бірқатар мәселелерді сөз етті. Атап айтқанда, ол «Достық» мәдениет үйінің облыстағы орталық мәдениет үйлерінің ішіндегі ең шағын ғимаратта орналасқанын, тиісінше, ғимарат күрделі жөндеуді қажет етіп отырғанын, аудан көлемінде халықтық атағы бар бес өнер ұжымы бар екенін, олардың дайындалуына ешқандай жағдай жасалмағанын, костюмдердің ескіргенін жеткізді.
Осы және өзге де сұрақтарға аудан әкімінің орынбасары Е.Қалмұрзаев жауап беріп, салада туындаған мәселелерді бірлесіп шешудің маңыздылығын атап өтті.

Таңдаулы материалдар

Close