Basty bet

өнерімен тамсандырған әнші Майра

«Дегенде атым Майра, атым Майра,
Отыз тіс көмекей мен тілім сайра,
Қолға алып домбырамды шырқағанда,
Ілесер сонда маған жігіт қайда?» деп өзінің асқақ әнші екенін паш еткен керекулік өнерпаз Майра Уәлиқызын ерекше көркімен, ақындығымен, әнші-сазгерлігімен тарих бетіне жазылған өнер иесі ретінде танимыз. Әсем әнді жанына серік етіп, өмірінің мәніне айналдырған өз заманының сандуғашы атанған тума дарын, қайталанбас тұлға артына өшпес мұра қалдырған аяулы жан екені де белгілі.

«Өнерлі болсаң, өр де сенікі, төр де сенікі» демекші, өнерді жанына серік еткен жан Майра Шәкірбаеваның да есімі жуалылық өнерсүйер қауымға кеңінен таныс. Олай болатыны, өнерге шын берілген азаматша Майра Пернебекқызы әншілікпен қатар шәкірт тәрбиелеуге де сүбелі үлес қосып келеді.
Өмірін өнермен өрнектеген өнерпаз 1974 жылы Шақпақ ауылдық округінің Шақпақата ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі Пернебек Сәпиев құрылысшы-прораб, кейіннен ауылдық әкімшілікте маман болып жемісті еңбек етсе, анасы Қызжібек Әбдірайымова саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап, балабақша меңгерушісі болып абыройлы қызмет еткен. Бүгінде Майраның ата-анасы бейнетінің зейнетін көріп отырған ардақты жандар.
Ата-анасы тұла бойы тұңғыштарына сенім артып, болашағынан зор үміт күтеді. Ана әлдиімен бойға сіңген өнер құдіреті Майраның бала қиялын асқақтатып, әсемдік әлеміне жетелейді. Ол сол тұстағы С.Киров атындағы орта мектептің қабырғасында оқып жүргенде-ақ оқуда озат болып, зерек бала болып қалыптасады. Қыздарының бойындағы өнерін байқаған ата-анасы сол кездегі ауылдағы М.Төлебаев атындағы музыкалық мектепке жетелеп апарады. Жас талаптың өнерін шыңдауға музыкалық мектептің Әлімбек Иманбердиев, Күнімбала Жаңабаева, Аташбек Айтқұлов, Райхан Әмірова сынды ұстаздары үлестерін қосады. Мектепті бітірген соң Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түсіп, онда білікті ұстаз Шынарбек Асқаровтың класында білім алып, оқу орнының ұлттық аспаптар бөлімін бітіреді. Одан кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының музыкалық білім кафедрасынан да жоғары білім алып шығады.
Әр адамның бойындағы туған жерге деген сүйіспеншілігі оның туған өлкесінің өсіп-өркендеуі үшін еңбек етуіне жетелейді. Майра Пернебекқызының еңбек жолы өзі туып-өскен Шақпақата ауылындағы №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектепте ән-күй пәнінің мұғалімі ретінде басталады. Ол өзінің өнерге деген ыстық ықыласы мен шынайы жанашырлығын танытып, жақсы қырларымен, өнерімен көзге түседі. Білікті маманның мұндай қасиетін байқаған аудан басшылығы Майра Пернебекқызына үлкен сенім артып, 2007 жылы Шақпақата ауылында ашылған №4 Балалар өнер мектебінің директоры етіп тағайындайды. Сол уақыттан бері ол әр баланың бойындағы талант сәулесін дөп басып, оқушылардың шығармашылық тұрғыдан танылуы жолында жемісті еңбек етіп келеді.
Бүгінгі оқушылар – ел тізгінін ұстар ертеңіміз. Осы ретте, мектептің бүгінгі таңда ауыз толтырып айтатын жетістіктері, мақтан тұтатын оқушылары мен бетке ұстар ұстаздары бар. «Ең бастысы өнерімді балаларға арнаймын» деген басшы туған жерінің балғындарын өнерге баулып, ұжым болып жетістіктерге жеткізуде. Дәл осындай қалыпта балалар үшін еңбек етіп келе жатқан мектептің тамыры тереңге жайыла беретіні сөзсіз.
Ұжымның еңбегін көрсету мақсатында 2017 жылы аудандық «Достық» мәдениет үйінде мектеп оқушылары және ұстаздарымен жеке концертін беріп, көрермендерге өнерлерін паш етті.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Қазақстан атынан 71 мемлекеттен жиналған өнерпаздармен қатар Майра Пернебекқызы Түркия мемлекетінде өнер көрсетеді.
Майра Пернебекқызының негізгі мамандығы ұлттық аспапты жетік меңгерген домбырашы болғанымен, ол табиғи дарынды әнші. Сапрано дауысты әншінің репертуарында халық әндері және шетел әндерімен қоса еліміздің танымал композиторларының да әндері көп. Мәселен, ол Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі», «Жайлауым бақша жайнаған», «Бұлбұл», Нұрғиса Тілендиевтің «Кел, еркем, Алатауыңа!», А.Зацепиннің «Көктем» әндерін және «Гауhартас» халық әнін әуелете шырқап жүр.
Ол өзінің өмірлік жарын өнерден жолықтырып, шақпақаталық азамат Ғазиз Шәкірбаев екеуі отбасын құрған. Бүгінгі таңда өнегелі отбасына айналып отырған жарасымды жұп Шәкірбаевтар өмірде де, өнерде де әрдайым бірге. Яғни, жұбайы Ғазиз Шәкірбаев та №4 Балалар өнер мектебінде домбыра және жыр-терме сабағынан ұстаздық етіп, балаларды ұлттық өнердің тұнығынан сусындатып жүрген ұлағатты ұстаздың бірі.
Өнерлі отбасы ерлі-зайыпты Шәкірбаевтардың ұл-қыздары да ата-аналарының жолын қуған. Тұңғыштары Нүрилә ұлттық аспап – қобызды меңгерген, бүгінде ол өмірден өз орнын тапқан. Үлкен ұлдары Ерзат та бірнеше ұлттық аспапты қатар меңгерген жоғары білімді маман. Отбасында өнерге сусындап өскен ұлдары республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұстазы. Қазақ халқын әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергенмен гастрольдік сапармен бірнеше мемлекетте өнер көрсеткен өнерпаз, сонымен қатар, «Нұр Орда» фольклорлық этнобэнд ансамблінің мүшесі. Жетекшісі – Қазақстан Респуликасының Еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова. Ерзаттың жұбайы да өнер адамы, яғни Айтолқын да қобызшы. Үйдің кенже ұлы Рамзат та үлкендердің ізін жалғап, Қазақ Ұлттық өнер колледжіне оқуға түскен. Қазіргі таңда ұлттық аспаптың бірі қара домбыраны білікті мамандардан меңгеріп жатқан білімгерлердің қатарында.
«Еңбегіне қарай құрметі» демекші, әншінің еңбегі бағаланып, бірнеше марапатқа ие болады. Яғни, ол «Қазақстан Республикасының Конституциясына-20 жыл!», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне-25 жыл!» және «Ауылға сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медальдарымен наградталған. Бұл оның туған жерге деген ыстық ықыласының, өнерге деген шынайы жанашырлығының, ұзақ жылғы ұстаздық еңбегінің бағаланғаны.
– Шәкіртінің жүрегінен орын таба білген ұстаз ғана бақытты. Өзім басқарып отырған өнер мектебінде талантты жастарды дамыту және өнерлерін шыңдау жұмыстарына ата-аналардың қызығушылықтары артып, жыл сайын бала санының да артып келе жатқаны байқалады. Мектепте өз іс-әрекеттеріміз арқылы алға қойған міндеттерді жүзеге асырып отырмыз. Өткізіп жатқан фестивальдар, есеп беру және жай концерттер, акциялар, тағы да басқа іс-шаралар шақпақаталық жас жеткіншектердің өзіндік азаматтық танымын жоғарылатуға және талантты жастарды дамытуға, өнерін шыңдауға мүмкіндіктер жасап отыр.
Әр бала – өнерлі. Талантты жастарды дамыту және олардың өнерін шыңдау бағытында атқарып жатқан жұмыстарымыз өз кезегінде шәкірттеріміздің шығармашылық жеке дарындылығын дамыту болып табылады. Оларды жан-жақты етіп, еңбекке шығармашылық қатынасын, өмірлік азаматтық белсенді позициясын қалыптастыруға және жоғары адамгершілік саналары мен рухани құндылықтарының дамуына ықпал етуге тиіспіз, – деді Майра Пернебекқызы.
Өнер адамның жан дүниесін рухани қуанышқа бөлейді. Рухани қуаныш – ең жоғары қуаныш. Сол себепті, өнерлі де талантты адамдарды халқымыз ерекше құрметтейді. Осы ретте, өнерін аудан жұртшылығына арнап, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген айтулы өнерпаз Майра Пернебекқызы әлі талай талантты жастарды биік шыңдарға жетелеп, қазақ халқының төл өнерін төрге сүйреп, көпшілікке үлгі-өнеге болары сөзсіз.

Таңдаулы материалдар

Close