Basty bet

Ауылын түлетуге атсалысқан азамат

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу керектігін ұсынды. Мақалада патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын атап өткен болатын. Әр азамат өзінің туған жерінің өсіп-өркендеуі, көркеюі үшін және жерлестеріне көмек қолын созуы үшін аянып қалмайтыны айдан анық. Туған өлкесінен қанша жырақта жүрсе де кез келген адамның бойында туған жерге деген сағынышы тұратыны да белгілі.

Осы ретте мақалада: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» делінген. Иә, тай-құлындай тебісіп, балалық шақтың тәтті дәмін өткізген туған жеріңнің ауасы, сайы мен қырқасы, тауы мен өзені әрқашанда ыстық. Оны ешбір дүниемен алмастыра алмайсың да.
Екіншіден мақалада басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керектігі айтылған. Яғни, мақалада туған жеріне көмектескісі келген жандарды ынталадырып, қолдау білдіру керектігі дөп басып айтылған.
Осы ретте, туған ауылын түлетуге атсалысуды азаматтық парызы санайтын Билікөл ауылдық округінің тумасы, белгілі кәсіпкер Ерғали Миразов еліміздің дамуына белгілі бір салада сүбелі үлес қосуымен қатар, туған жерінің өркендеуіне де көмектесуде.
Ол Қарабастау ауылындағы Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектептің түлегі. Ерғали Төреұлы 1982 жылы Алматы қаласындағы «Сәулет және құрылыс» институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тамамдаған. Еңбек жолын 1982 жылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық Министрлігінің «Алматы облыстық жөндеу-құрылыс» тресінің жылжымалы механикаландырылған колоннасының құрылыс учаскесінің шебері ретінде бастады. 1983-1989 жылдары «Алматы облыстық жөндеу-құрылыс» тресінің жылжымалы механикаландырылған колоннасының құрылыс учаскесінің басшысы, бас инженері қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, 1989-1991 жылдары «Алматы облыстық жөндеу-құрылыс» тресінің жылжымалы механикаландырылған колоннасының басшысы. Ал, 1991 жылдан бастап «Еламан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры болып жемісті еңбек етіп келеді. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының IV шақырылымының депутаты болып сайланған. Құрылыс саласындағы еңбегі бағаланып, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 20 жыл!» мерекелік медалімен марапатталған және «Қазақстанның құрметті құрлысшысы» атағының иегері. Қазіргі таңда ол отбасымен Алматы қаласында тұрып жатыр.
Ерғали Төреұлы туған ауылынан жырақта жүрсе де туып-өскен ауылын ешқашан есінен шығарған емес. Құтты мекеніне әрдайым қолынан келгенше көмек қолын созып, жерлестерінің алғысына бөленіп жүрген азамат. Ең алдымен, ол Қарабастау ауылына мешіт салдырып, тұрғындардың имандылыққа бет бұруына септігін тигізді. Сонымен қатар, ауылда жыл сайын дәстүрлі түрде спорттық шаралар, турнирлер ұйымдастырып тұрады. Ал, осыдан бірнеше жыл бұрын Берікқара шатқалынан балалардың жазғы демалысын қызықты өткізу мақсатында «Берікқара» лагерін ашты. Жыл сайын лагерь жан-жақтан балаларды қабылдап, олардың жазғы демалыстарын қызықты өткізу үшін жұмыс істеуде.
Жеке кәсіпкер туған өлкесіне саябақ орнатып, тал-дарақтар егуге де атсалысып келеді. Саябақ маңын жасыл белдеуге айналдыру мақсатында 1,5 мың дана тал-дарақ отырғызылды. Қазіргі таңда саябақ жайқалып, ауыл тұрғындарының сейіл құрып, демалатын орнына айналуда. Міне, кәсіпкер Ерғали Төреұлы жақында ауылдың кішкентай бүлдіршіндеріне қуаныш сыйлап, ойын алаңшасын орнатты. Балалардың ойын алаңшасы Қарабастау ауылының орталық көшесі Жамбыл көшесіне орнатылды. Ауылына осындай көмек көрсеткен жаны жомарт азаматқа тұрғындардың алғысы шексіз.
Қай адамның болсын, оның жүрек түкпірінде туған жерге деген асыл сезімнің жататыны белгілі. Өзінің кіндік қаны тамып, туып-өскен өлкесі үшін осындай жақсылық жасай білуі Ерғали Төреұлындай кәсіпкердің азаматтығын танытатыны сөзсіз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close