Basty bet
Алаштың ұлы, намыстың құлы – Бауыржан
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп жылар, сорлы қазақ мен өлгенде.
Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде» деп өлгеннен кейінгі өмірін де көрегенділікпен болжай білген нағыз кемеңгер ер, қаһарман қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына биылғы жылы 110 жыл толып отыр.
Бауыржан Момышұлы – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, әскери шенді қызметкер, даңқты қолбасшы, қазақтың көрнекті жазушысы. Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсан күні қасиетті Жуалы ауданының Мыңбұлақ (Көлбастау) ауылында қарапайым, шаруа отбасында дүниеге келді. Балалық шағының он үш жылын өзінің кіндік қаны тамған ауылында өткізіп, одан кейін интернатта тәрбие алады. 1929 жылы «Әулие Ата» тоғызжылдық мектебін бітіреді. Мектепті тамамдаған соң шалғай аудандардың біріндегі ауылға мұғалім болып барады. Коллективтендіру кезеңінде кеңестік мекемелерде қызмет етеді. 1932 жылдың қаңтары мен қарашасы аралығында мансапты қызмет атқарады. Кейін әскерге шақырту алады.
Әкесі Момыш өз бетімен ескіше сауат ашқан, сол кезеңдегі көзі қарақты адамдардың бірі болған. Ел арасында ағаш ұстасы және етікші, зергерлігімен де танымал болған кісі екен. Бабасы Имаш қартайған кезінде барлық шаруашылықты ұлы Момышқа табыстаған. Әжесінің есімі Қызтумас, қартайған шағында ол кісіні ағайын-туыс «сары кемпір» деп атаған. Бала Бауыржанның анасы Рәзия дүниеден ерте өтіп, ол үш жасынан бастап Қызтумас әжесінің қолында өседі.
Бауыржан жетіжылдық мектепті бітіргеннен кейін біраз уақыт мұғалім болған. Сонда жүргенде кезекті әскери міндетін өтеуге шақырылып, онда бір жарым жыл жүріп, запастағы командир атағын алады. Туған ауылына қайтып оралған соң, ол біраз жыл қаржы мекемесінде қызмет істейді. Содан қайтадан Қызыл Армия қатарына шақырылып, түрлі әскери бөлімдерде взвод, рота, командирі болады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен, Бауыржан даңқты генерал-майор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматы маңында жаңадан жасақталған 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанып, онда батальон, полк командирі қызметтерін атқарады. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарады.
1941 жылғы күзгі, қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батальонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып шығып, негізгі жауынгерлік құрамымен аман-есен дивизиясына қосылды. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстан шығу, шегініс жасау тәсілдерінің арнайы тарау болып әскери жарғыға енуі, тактикада «ошақты» және «икемді қорғаныс» ұғымдарының қалыптасуы Бауыржан Момышұлының осындай тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін әскери маман ретіндегі таланты соғыста полк, дивизия басқарған жылдары кеңінен ашылды. Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерілей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды. Бауыржан Момышұлы – әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ-даңқы мен батырлығы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттелді. Кітап неміс, чех, еврей, ағылшын, француз, т.б. шет тілдеріне аударылды. Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери-педагогикалық жұмыспен айналысып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады. Ол қазақ және орыс тілдерінде бірдей жазып, шығармашылығына көрген-білгендерін арқау етеді. Оның қаламынан туған, өмір шындығын арқау еткен тамаша романы мен әңгіме, повестері қалың оқырманның іздеп оқитын шығармаларына айналады. Олар бірнеше қайтара басылып шығады. Бауыржан бірнеше орден, медальдармен наградталады, 1990 жылы «Кеңестер Одағының Батыры» атағын алады. Алайда халықтың өзі «батырым» деп танып, ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде ғана берілген болатын. Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Бауыржан Момышұлының ерлік істері Батырдың 100 жылдығы тұсында ерекше айшықталды деуге болады. 2010 жылдың ақпан айында Мәскеу қаласында Бауыржан Момышұлының 100 жылдығына арналған «Аңызға айналған батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Кітапта Бауыржан батырдың Мәскеу мұрағаттарында сақталған, бұрын жарияланбаған жазбалары және жауынгерлер әріптестері Мәлік Ғабдуллиннің, Дмитрий Снегиннің естеліктері жарияланған. Б.Момышұлының өміріне арналған Ә.Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» (1976) роман-диалогиясы жарық көрді, «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» (1967) көркем фильмін түсірді. Москва академиялық драма театры Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды.
Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы өзінің кіндік қаны тамған туған жері қасиетті Жуалы ауданында да кеңінен атап өтілгені белгілі. Жуалыда Батырдың музейі, Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп, көшелер бар. Жуалы ауданының орталығы Бауыржан Момышұлы ауылы деп аталады.
Бауыржан соғыс уақытында «Серігім», «Жазушыға», «Қалыбек аға», «Біреулерге», «Омарбекке», «Жардың мұңы», «Ғ-ға», «Ана тілін ардақта», «Досыма», «Толғау» атты өлеңдер жазған. 1952-56 жылдары «Офицердің күнделігі», «Бір түннің тарихы», «Біздің семья» деген алғашқы кітаптары жарық көрді.
Бауыржан Момышұлы 1962 жылы Куба елінің басшысы Фидель Кастроның шақыруымен Куба еліне барады. Сапар барысында Куба басшысы Фидель Кастромен кездесудің реті келмейді. Бауыржан оның інісі Рауль Кастромен кездесіп, ол кісіге үлкен әсер қалдырады. Куба әскерилерінің алдында дәріс оқиды. Кубаға барған саяхаты жайында «Куба әсерлері» атты кітап жазады. Бауыржан Момышұлы Фидель Кастро мен Эрнесто Че Гевараның үлгі тұтқан тұлғасы болған.
Бауыржан Момышұлы 1982 жылы 10 маусымда Алматы қаласында дүние салады. Бауыржан Момышұлының Отан, туған ел мен туған жердің қасиеті, ерлік туралы қанатты нақыл сөздері көп. Қазақ дейтін ұлы халық аман тұрғанда хас батыр Бауыржан Момышұлының есімі ұмытылмайтыны анық.