Basty bet

Жас ұрпақ өткен тарихты ұмытпауы тиіс!

Арнадым әке, сағыныш жырын өзіңе,
Жүргендейсің абайлап басып өмірде.
Көрмедім сенің алшаңдап басқан кезіңді,
Протез аяқпен қиналған сәтің есімде.

Ойлаушы ем ылғи көзіңде неге мұң бар деп,
Жиырма бес жаста кіріпсің ұрысқа «Отан» деп.
Төрт шаңырақтан бірге аттанған бауырлар,
Келіпсіз шүкір, жалғыз-ақ өзің аман боп.

Балалықпен жалынушы едім, еркелеп,
Билеші әке, меніменен қане деп.
Күрсініп алып, жымиюшы едің жай ғана,
Поляк қызымен билеген әкең, шіркін деп.

Күн суытса, түйіле түсіп қабағың,
Білдірмей бізге көңілің пәс боп қалатын.
Сұраушы едім сонда не болды, әке, айтсаңшы,
Кезің көп еді күн ұзақ ойға шоматын.

Дамылдап біраз күрсініп алып тереңге,
Баяндап бізге беретін соғыс күндерін.
Қалдырдым мына аяқты Кенисбергте,
Бақытты болып өссін деп сендер, гүлдерім!

Әскери өмір басталды Самарқанда.
Атты әскери тобы жасақталған сол жақта,
Одан әрі пулеметші-атқыш боп.
Доғасында Курск қатыстым жойқын ұрысқа,

Бес жылға ұласқан соғыстың Жеңіс күнінде
Қарсы алыпсың, әке, таңылып жатып төсекте,
Ленинградтың жыл жарым көріп ақ түнін.
Аман жетіп ауылға, сіңірдің еңбек еліңе,

Соғысқа дейін шайқадың «НАТИ» тізгіндеп.
Бейбіт күнде де еңбектендің күн-түн деп.
Қайнаған соғыс сәттерінде гвардия сержанты
Соғыстан соң ұл-қызыңды қатарға қостың, өссін деп.

Еңселі елдің қатарында ілгеріліп келеміз,
Артқа тастап қиындықтарды келеңсіз.
Тойлаймыз жылда Жеңіс күнін шаттанып
Қуанам мен де, бірақ жоқсыз, Әке сіз!

Жан әкем, асқар тауым өшпес даңқың
Ұрпағың бар артыңда өркен жайдың,
Бәйтерегісің тамырын жайған әулеттің.
Жалғыз ұлы болсаң да Қапалбайдың.

Парақталған сансыз тарих беттері,
Мәңгілік елміз, таныған бізді жер жүзі.
Ардақ тұтар ерлікпен өткен ғұмырды
Бейбіт өмір әрқашан елдің тілегі!

Әкем жайлы естелік әңгіме

Халық қаһарманы жуалылық ер Бауыржан Момышұлының «Ерлік елеусіз қалмасын, олжа – елге, атақ – елге сауға»,- деген әділеттілік қағидасы қазақстандықтарға ұлағатты сабақ. Алла қаласа, алдымызда санаулы күндерден соң Ұлы Жеңіске 75 жыл толмақ…
Демек, осы жарқын өмірде өмір сүріп отырғанымызға ата-бабаларымыз бен әкелеріміздің қосқан үлестері зор. Соғыстан кейінгі жылдары өмірге келген ұрпақтар үшін, соғыстың ауыр күндерін басынан кешкен әрбір жанұя үшін естеліктерді еске түсіру ерекше заңдылық деп білемін. Ес білгелі Ұлы Жеңіске жеткенге дейінгі сан түрлі әңгімелерді естіп, киноларды көріп, ерлік туралы өлеңдерді жаттап өскен ұрпақпыз біз. Отан үшін, жарқын болашақ үшін жанын қиған қаншама ер азаматтар мен апаларымыздың ерліктерін естідік десеңші. Жалынды жастық жылдарын, бойындағы күш-жігерлерін майданға арнап, бейбіт өмірді қолдаған, сөйтіп, әйтеуір аман-сау елге оралған ардагерлеріміз болды. Бәрібір ауыр күндердің табы ол кісілердің өміріне немесе ғұмырлық белгі, яғни өмірінің соңына дейін жазылмаған дерт болғаны белгілі.
Әкем өмір бойы аурумен арпалысып өтті. Әкемнің айтуы бойынша, соғыста жараланып, қанша уақыт жатқаны белгісіз. Әйтеуір бір уақытта орысша сөйлеген дауыстар естіледі. Ол жерді біздің әскерлер басып алып, жаралыларды теріп жүрген санитаркалар екен. Айқайлайын десе шөлдегеннен, әлсірегеннен дауысы шықпайды. Аласұрып қолын қимылдатқан ба, әйтеуір Алла сақтап, бір санитарка жүгіріп келеді. Одан арғысы есінде жоқ… Есін жиғанда уақытша тігілген палаткада жатыр екен. Қаптаған жаралылар, оларға көмек көрсетілуде. Әкем Кенисбергтен кейін Калининград аталатын қалада бір жарым жыл емделген. Оң аяғынан айырылыпты. Елге соғыс аяқталғаннан соң бір жылдан асқанда келіпті. Өмірінің соңына дейін Ленинградтан протез аяқ келіп тұрды. Әкемнің өкініші сол, соншама жыл қан майданда болып әскери парадты көре алмай, төсекте таңылып жатып тек радиодан естігені еді.
Әкем Күзембек Қапалбайұлы соғыстағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталған.
Әкем әттең, командирлер көз көрген қызылармиялық жауынгер майдандастарымнан айырылдым деп үнсіз отырып қалатын. Сонда да Аллаға шүкір, елге аман сау оралған. Өзі «Қырғын соғыстан қалай аман қалғаныма таң қаламын?!»,- деп айтып отырушы еді жарықтық. Төрт рет жараланған. Соның ең соңғысы 1945 жылы сәуір айындағы ауыр жараланғанын әрі өкінішпен, әрі қуанышпен Жеңіске жеткендерін айтып отыратын.
Бұл жағдай Ленинград түбінде жанқиярлық үлкен шайқаста болған екен. «Отан үшін тек алға!» бір қадам алға жүрсең де өлім, артқа жүрсең де өлім. Сондықтан тек қана алға деген ұранмен шабуылдап келе жатқандарыңда, снаряд жарықшағы тиіп, есінен танып жатып қалады. Қанша уақыт өткені есінде жоқ, есін жинағанда шақырайған күн төбесінен төніп тұр екен. Айналада қырылған адамдар қозғалуға шама жоқ, ыңыранған, қиналған дауыстар шығып жатқанын естиді. Тағы да есінен танып қалады. Қайта есін жинаса немістердің итпен, жаралыларды тексеріп келе жатқанын сезеді де жан ұшырып қимылдайын десе, күп болып ісіп кеткен аяғы уатылып кеткен екен дейді. Еркіне көнбей, жан шыдатпай барады, бірақ қолға түсу одан да жаман. Жандалбасамен бомба жарылған шұңқырға аунап түсіп, естен танады…
Соғыстың зардабын тартқан отбасының бірі біздің үй болды. Әкеміздің аман-есен оралғаны қуаныш. Оң аяғынан айырылған, басқа да жарақаттары бар әкемнің көп қиналғанын көріп өстік. Аллаға шүкір! Елге қадірлі отбасы болып, бізді өздерінің тектілігімен, еңбектерімен оқытып, қатарға қосып, ешкімнен кем қылмай өсіріп, жеткізді. Мен мұғалім, інілерім дәрігер, қаржыгер сияқты түрлі мамандық алып, бесеуміз де бақытты жанұялар болып, өсіп-өніп жатырмыз. Қазір жетпістің жетегіне ерген салиқалы әже болсам да майдангердің ұрпағы екенімді мақтан етемін.
Әкем Қойбағаров Күзембек Қапалбайұлы 1914 жылы дүниеге келіп, 1990 жылы өмірден өткен. 1939 жылы азаматтық борышын өтеуге әскер қатарына алынған. 1940 жылы Германия соғысы басталғанда Самарқан қаласында жасақталған атты әскер қатарына шақырылып, пулеметші-атқыштар тобы дайындалған соң, соғысқа аттанады. Әкемнің айтуы бойынша, ол кісі «Курск» доғасындағы кескілескен ұрыстарға қатысқан. 1941-1945 жылдардағы өмір мен өлім арасындағы бастан-аяқ майданда болған. І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», т.б ордендері мен «За отвагу!» медальдары бар.
Әкем гвардия сержанты, топ командирі болыпты. Әкем туралы, көп мағұлматтарды «Дорога памяти» жобасынан әлі де алуға болатынын білдім. Бұл алдағы күннің еншісінде. Жас ұрпаққа, қорыта келгенде айтарым, енді мұндай соғыс болмасын, еліміз тыныштықта, ұрпағымыз бейбітшілік бесігінде тербеліп бақытты өмір сүрсін. Қазақ елі мәңгі гүлдене берсін! Ұрпақтар өткен тарихымызды ұмытпасын, жақсы күндердің қадірін білейік…

Төлебала Сүңгібаева,
зейнеткер-ұстаз.
Көлтоған ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close