Basty bet

Арқаны кеңге салуға әлі ерте

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 мамырда мемлекеттік комиссияның отырысында республика аумағында төтенше жағдай режімінің аяқталғанын мәлімдеді. Ел Президенті төтенше жағдай аяқталғанымен коронавирус инфекциясына байланысты өңірлердегі жағдайлардың әртүрлі екенін айтып, карантиндік шектеулердің біртіндеп алынатындығын да халықтың есіне салып отыр.
Осы орайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Соңғы екі ай еліміз үшін оңай болған жоқ. Дағдарыс әлі толық еңсерілмей тұр. Дегенмен, індеттің шарықтау шегінен өттік.
Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Халықтың денсаулығын қорғау, олардың табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық шешім қабылданып, жүзеге асырылды.
Енді Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі комиссия Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі мемлекеттік комиссия болып қайта құрылады. Бүгін бүкіл еліміздегі төтенше жағдай режімі аяқталды. Алайда, кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр.
Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады. Соған қарамастан көптеген саланың қызметі қалпына келе бастады. Қазірдің өзінде 1 миллион 100 мыңнан астам азамат жұмысқа шықты. Бүгіннен бастап еліміз бойынша дүкендердің біразы ашылады, сән салондарының, білім орталықтарының, тағы басқа нысандардың қызметі қайта жанданады» деп атап өтті.
«Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Айтпай келген бұл қауіпті дертпен күресте халқымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» білді. Соның арқасында біздің еліміз күрделі кезеңде бірқатар қиындықтарды еңсеріп отыр. Қорыта айтқанда, билік тарапынан да халық тарапынан да төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған әлжуаз топтарға әлеуметтік, адамгершілік тұрғысынан орасан көмектер көрсетілді. Бұл біздің ортақ жеңісіміз болмақ.
Батпандап кірген кеселдің мысқалдап шығатыны бар. Ендігі кезекте індетті таратпау жолында халық болып жұмыс жасауымыз қажет. Төтенше жағдай режімі алынғанымен карантиндік шектеу шаралары әлі де өз күшін жойған жоқ. Арқаны кеңге салуға әлі ерте. Амандық болса, еліміз бұл қиын кезеңнен де өтеді. Тек отандастарымызға сабыр мен шыдам, ақыл-парасат жолдас болса болғаны.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, біз бұған дейін талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да еңсеретінімізге кәміл сенемін.

Айбек ЕЛЕКБАЕВ,
аудандық мәслихаттың депутаты

Таңдаулы материалдар

Close