Basty bet
Картоптың элита тұқымын егуде
Еңбек – тіршілік бұлағы. Жер Ана еңбек еткенді құр қалдырмайды.
«Зылиха» шаруа қожалығының картоп алқабын бетке алып жүріп келеміз. Алдымызда шаруа қожалық жетекшісі Керімқұл ағамыз. Керімқұл Мамырұлы аудандық мәслихаттың депутаты болғандықтан қарбалас жұмыс арасынан уақыт тауып, аудандық мәслихаттың сессиясына қатысып, қайта жұмысына келе жатқан беті. Бізді бастап келеді.
Картоп алқабы Қазбастау ауылының жоғарғы жағында орналасқан екен. Жолдан бұрылып, арпа егісінің бойын жағалай топырақ жолмен жүріп келеміз. Айнала жайқалған егіс шаруалардың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Картоп алқабының басында қайнаған еңбек. Алатаудың етегінен төмен қарай ұзыннан созылған алқапта картоп егілуде. Шаруаның ел игілігі үшін жасап жатқан жұмысын көріп еріксіз көңілің серпіледі.
«Зылиха» шаруа қожалығы ауданымыздағы ірі шаруа қожалықтардың бірі. Шаруа қожалықтың негізгі кәсібі – картоп өсіру. Шаруа бұл кәсіппен 2000 жылдан бері айналысып келеді.
– Былтыр 100 гектарға жуық жерге картоп еккен болатынбыз. Күннің тым ыстық болуына байланысты өнім жақсы болмады. Меже гектарына 20 центнерден алу болса, біз 13-14 центнерден ғана өнім алдық. Жыл сайын жіберген кемшілігімізден сабақ алып келеміз.
Елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы егін шаруашылығы болсын, мал шаруашылығы болсын сапаға, озық технологияларға ерекше мән берілуде. Мәселе санда емес, сапада. Яғни, егетін өнімнің тұқымының сапасын жақсартып, оны егуде тиісті агротехникалық талаптарды сақтай отырып ексек, одан өнімді де жақсы алатын боламыз. Сол себептен биылғы жылы Ресейден картоптың «Удача» элита тұқымынан 40 тонна алдырттық. Бұл тұқымды 13 гектар жерге барлық агротехникалық талаптарды сақтай отырып егудеміз. Яғни, ең бірінші жерге тыңайтқыш сеуіп, сосын барып жер жырттық. Жер жыртып болған соң нитроаммофос сеуіп, сосын барып егудеміз. Картоп егетін агрегаттарымыз Еуропада шыққан. Көпфункциялы агрегат.
Қалған жерімізге бұрынғы егіп жүрген сортымыздан ектік. Картоп жалпы 90 гектарға жуық жерге егілді. Бұрынғы сортынан 20 центнерден өнім аламыз деп жоспарласақ, Алла қаласа «Удача» элита тұқымынан гектарына 350 центнерден өнім аламыз деп жоспарлап отырмыз.
Шаруа қожалығымыздың иелігінде 348 гектар жер бар. 200 гектардай жерге қажетті тыңайтқыштарды пайдалана отырып арпа, бидай ектік. Өзіңіз көріп тұрғандай тыңайтқышпен егілген егін мен тыңайтқыш себілмеген егіннің айырмашылығы көп,- дейді Керімқұл Бегалиев.
Шынында шаруа қожалықтың арпасы қалың, қанық жасыл түсті. Айналада өсіп тұрған басқа шаруалардың өніміне қарағанда бойы да биік.
Біз әңгімелесіп тұрғанда егін алқабының жоғарғы жағынан төменге қарай картоп егіп келе жатқан трактор да келіп қалды. Тракторшы мен картоп егуші мамандар егістік жиегінде тұрған жүк көлігіне тиелген тұқымнан салып алуға келіп тұр екен. Шаруа қожалықтың жұмысшыларын да әңгімеге тарттық.
-Мен «Зылиха» шаруа қожалығы ашылғалы бері бірге еңбек етіп келемін. Қызу жұмыс қайда болса, біз сондамыз. Қазіргі жұмысым бас маман. Яғни, механизатормын әрі агрономмын. Жұмысымыз осы картоп, арпа, бидай егу, оны ору, жинау. Жыл он екі ай еңбек етіміз. Жалақымыз Аллаға шүкір, отбасыма жетеді,- дейді механизатор Есбол Сатымбеков.
Ал, картоп егетін агрегаттың жұмысын қадағалап жүрген жас маманның бірі Керімқұл Мамырұлының ұлы Кәрімжан ауыл туралы ыстық ықыласымен бөлісті.
-Мен Тараз қаласында агроном мамандығы бойынша білім алудамын. Қазір қашықтықтан оқудамын.
Бүгінгі таңда картоп егу барысындамыз. Картобымыздың жақсы өнім беруіне өз үлесімді қосудамын. Әріптес тәжірибелі ағаларымыздан жұмыстың қыр-сырын үйреніп жатырмыз. Әлі де үйренеріміз көп.
Ауыл жастары ауылды көркейтуі қажет. Ауылдан алыстамауымыз керек. Ауылда жұмыс та бар. Ауыл – береке, ауыл – ел бесігі. Ықылас пен ниет болса, ауылды көркейтемін, өсіп, өнемін деген жанға мүмкіндік көп,- дейді Кәрімжан Керімқұлұлы.
Дала төсінде күннің ыстығына, желі мен жаңбырына қарамай еңбек етіп жүрген кез келген еңбек адамы қандай сый-құрметке болса да лайық. Ауыл деген бесігімізді тербетіп, көркейтіп отырған осындай аға-інілеріміз.
Шаруа қожалықтың иелігінде 250 млн теңгенің көлеміндегі техникалар бар екен. Алайда қожалық жетекшісі техникаларымыздың тозығы жетті, жаңартатын уақыт жетті дейді.
-Биыл 35 млн теңге қаражатқа техника алуға сұраныс жасағанбыз. Алайда төтенше жағдайға байланысты бұл жұмыс тоқтап қалды. Алда Алла қаласа техникаларды алатын боламыз.
– Шаруа қожалығымызда 18 адам қысы-жазы еңбек етеді. Айлық жалақылары орта есеппен 100 мың теңге. Науқан кезінде 180-200 мыңға дейін барады. Ол кезде науқандық жұмысшылар да көбейеді. Яғни, 70-80 кісіні жұмыспен қамтимыз.
Тұрақты жұмысшыларымыздың ішінде Есбол Сатымбеков, Бақан Тұрыстаев, Дидар Исабаев сынды тәжірибелі механизаторларымызды ерекше атауға болады. Сонымен бірге сушы Сбанқұл Досыбаев, Үсіпбек Бегалиев сынды сушыларымыз Кеңес үкіметі кезінде сушы болған мамандар. Әр жұмыстың өз қыр-сыры бар. Сондықтан қай іспен болсын нағыз білгір маман ғана айнасқаны дұрыс. Сонда ғана нәтиже болады. Сушылармыз Кәрімжан Мамыр мен Серік Дарын сынды жас мамандарымызды үйретуде.
Үкіметімізге, Президентімізге рақмет! Шаруаларға көп көңіл бөлуде. 50 пайыз жеңілдетілген бағамен тыңайтқыш, жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай алудамыз. Алайда шаруаларда проблема да жеткілікті. Ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары, ауыл әкімдері шаруаларды аралап, олардың мұң-мұқтажымен жете танысса, әр шаруаға не керек, әсіресе қандай техника керек, соны зерделеп, оларға «ҚазАгроФинанс» арқылы лизингке жаңа техника алуына көмектессе. Себебі, техникасы жоқ, жалдап еккізіп, орғызатын шаруаға пайда жоқ десе де болады. Техникасы бар болғанның өзінде ескі болса, онымен жұмыс істеу өте қиын. Шығыны көп. Сондықтан шаруаларға нақты көмек, қолдау керек. Ауыл шаруашылығы саласындағы жеңілдіктер жете түсіндірілсе. Мәселен, біздің Ресейден алған картоп тұқымының келісі 250 теңге. Алайда оның субсидиясы бар. Онымен есептегенде 80-90 теңгеден айналады. Оны көп шаруалар түсінбейді де алудан бас тартады.
Біз биыл Алла қаласа өніміміз күткеніміздей болса, өзімізді де, өзге шаруа қожалықтарды да мүмкіндігімізше ұрықпен қамтамасыз ететін боламыз.
Егер ұрық мәселесі толық шешілетін болса, біздің аудан диқандары еккен өнім облысымыздың сұранысын толық қамтамасыз етуге жетер еді.
Жалпы қазір агрегаттық талаптарды сақтап, ұрықтың сапасын жақсартуға мән беруіміз керек. Мәселен, көп шаруалар тыңайтқышқа қаржы жұмсағысы келмейді. Ол дұрыс емес. Тыңайтқышқа қаржы шығарса, қайта одан бірнеше есе артық өнім алып, ұтатын болады.
Ауыл шаруашылығындағы проблеманың бірі – маман тапшылығы. Қазір бізде еңбек ететін механизаторлардың ең жасы 50-де. Біз жастарды ауыл шаруашылығы мамандығына қызықтыруымыз керек. Ол үшін оларға жағдай жасау қажет. Малшыларға, механизаторларға үй салынса, жалақыларын көтерсе.
Малшы, тракторшы десе халық арасында басқаша көзқарас қалыптасқан. Ол көзқарастан арылу керек. Олар – нағыз еңбек адамдары, таптырмас маман. Сондықтан оларға маман ретінде сый-құрмет көрсетілуі керек.
Ауданымыздағы №16 Жуалы колледжінің материалдық-техникалық базасын нығайтып, мамандарды шаруа қожалықтардан тәжірибеден өткізіп, маман дайындауға жете көңіл бөлуіміз керек. Осындай мәселелерді кейінге қалдырмай қолға алуымыз қажет,- дейді Керімқұл Мамырұлы.
Қазақта «Тегінге көзіңді сүзбе, бақытыңды еңбектен ізде» деген нақыл сөз бар. Еңбекпен қатайып, бақытын еңбектен іздеген шаруа қожалықтың шаруаларының еңбегі жанып, мол нәсібеге кенелуіне тілектеспіз.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»