Basty bet

Ерікті әскерилер марапатталды

Отанды сүю отбасынан басталатыны бәрімізге белгілі. Осы орайда даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, қасиетті Жуалы жерінің қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түскін, күймейсің», «Ежелден ел тілегі, ер тілегі, Адал ұл ер боп туса, ел тірегі» деген жас ұрпаққа өсиет ретінде қалдырған қанатты сөздері бар. Отанды қорғау, туған жердің қымбат қазыналарын көздің қарашығындай сақтау – ер жігітке тән қасиет. Әсіресе, елімізде қалыптасып отырған дәл осындай қиын-қыстау кезеңде адамдарға қол ұшын беруді Отанды сүюдің бір белгісі деп білген жөн. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жасақтау үшін «Әскери міндеттілерді арнайы жиындарға шақыру туралы» №296 Жарлыққа қол қойған болатын. Президент Жарлығында «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің аумақтық әскерлерін жаксақтау үшін әскери міндеттілер арнаулы жиындарға шақырылсын»,- делінген. Сондай-ақ, бұл шараның карантин жағдайында қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Төтенше жағдай режімін ұстап тұруда мемлекетке жәрдемдесу үшін қажет екенін, ел басшылығы елдің қалыпты өмірге келуі үшін де барлық ресурстарды пайдаланып жатқанын да Президент атап көрсеткен болатын.
Елорданың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыстардың жергілікті атқарушы органдарына шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімдерін айқындай отырып, тиісті жергілікті әскери басқару органдары арқылы әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыруды ұйымдастыру тапсырылды.
Осы ретте, Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты біздің ауданда да 15 сәуір күні арнайы қызметке шақырылған әскери міндеттілердің тобы жасақталған болатын. 14 ерікті әскери міндетті азаматтардың кезекшілік кестесі бекітіліп, олар 15 мамырға дейінгі бір ай уақыт аралығында «Шақпақ» санитарлық-бақылау бекетінде, аудан орталығындағы патрульдік жасақтың құрамында қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстарына атсалысты.
Өткен аптаның 11 мамыр күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссияның отырысында ел аумағында төтенше жағдай режімінің аяқталғаны мәлім болды. Алайда, коронавирустық инфекцияның әлі де таралуына орай ел өңірлерінде қалыптасып отырған ахуалға байланысты карантиндік шектеу шаралары жалғаса беретін болады. Бұл ең алдымен қауіпсіздігіміз үшін аса қажет.
Жуалы ауданында жасақталған 14 ерікті әскери міндетті азаматтар «COVID-19» індетінің алдын алу шараларына атсалысып, олар күні кеше ғана міндеттерін аяқтады. Осыған орай аудан орталығында ерікті әскери міндеттілерді марапаттау мақсатында іс-шара ұйымдастырылды. Онда алғаш болып ерікті әскери міндеттілерді аудан әкімі Нарбай Ергебеков құттықтап, Жамбыл облысы әкімінің және Жуалы ауданы әкімінің Алғысхаттарымен марапаттады.
-Құрметті ерікті әскери міндетті азаматтар! Сіздер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығына сай ел аумағында таралған қауіпті індеттің алдын алу жұмыстарына, сондай-ақ, аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсене атсалыстыңыздар. Бұл жұмыстардың өз кезегінде қауіпті вирустың аудан аумағына таралмауына едәуір тосқауыл болғанын ерекше атап өткім келеді. Сіздер Төтенше жағдай режімінде шектеу шараларын қамтамасыз етумен қатар, жастардың бойында патриоттық сезімнің қалыптасуына да атсалыстыңыздар. Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Келесі кезекте ерікті әскери міндеттілерді 99205 әскери бөлімінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімі басшысының көмекшісі Мұрат Қырықбаев, Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы Асылбек Ахметов құттықтады. Сонымен бірге, ерікті әскерилерді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Қ.Қарақұловтың, Жамбыл облысының қорғаныс істері департаментінің Алғысхаттарымен марапаттады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close