Basty bet
Бірлігі күшті елді жау алмайды
Алғыс – адамның адамға жасаған жақсылығы, көмегі, көңілі үшін ризашылық білдіруі, сондай-ақ оның ойы мен іс-әрекетіне, жасаған істеріне жоғары баға беруі. Осы ретте, елімізде бірнеше жылдан бері Алғыс айту күні атап өтіліп, Қазақстан халқы бір-бірлеріне алғыстарын айтуда.
Алғыс айту күні – бұл, ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған бейбітшілік пен келісімнің салтанатты күні. Қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдау күні. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейрімділік пен ақ көңілділік, қолда бармен бөлісу, көмек көрсету сынды рухани дәстүрлер күні.
Қазақ халқының кеңпейілділігі, жомарттығы, жанашырлығы ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астында біріктіріп, тату-тәтті ғұмыр кешуге себеп болды. Тарих беттерін ақтарып қарасақ, сонау сұрапыл замандағы солақай саясаттың кесірінен туған Отанын тастап, репрессияға ұшыраған халықтар біздің елімізге жер аударылып, осында сіңісіп, татулықты ту етіп келе жатқанын жақсы білеміз. Сол ата-бабадан бүгінгі ұрпаққа жеткен бірлік пен ынтымақ әлі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан емес. Себебі, біз тәуелсіз елде жүзі басқа жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір этнос өкілдерімен бірге өсіп, бірге білім алып, еңбек етудеміз.
Бір-біріне үйретері мен үйренері көп тату халықтың арқасында еліміз қарыштап дамып, қиындықтарды бірге еңсердік. Біздің ауданымыздағы өзге ұлт өкілдері де ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуда. Осындай бейбіт өмірде достық пен ынтымақта ғұмыр кешіп отырған барша қазақстандықтарға алғыс айтамын. «Бірлігі бекем елді жау алмайды» демекші, татулығымыз бен бірлігіміз барда еліміздің алар асуы көп болары сөзсіз.
Зейнеп Дәуренова,
«Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығы» қоғамдық қорының президенті, психолог