Basty bet
Кеңес беру орталығы тегін психологиялық көмек көрсетеді
«Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» дейді халқымыз. Әр ата-ана күндіз-түні өмірге әкелген ұл-қызының тілеуін тілейді. Оларға бар жақсылықты көрсету үшін шаршағанын ескермей жұмыс істейді. «Перзентімнің көйлегі көк, қарны тоқ болсын» деп жүріп, тіпті сол балаларына арнайы уақыт бөліп, сырласуды ұмыт қалдыратындары да аз емес. Балаға аз көңіл бөлудің, санасына достық сәулесін түсіре алмаудың салдарынан перзентімен қарым-қатынасы алшақтап кеткенін кеш байқау – ата-ананың басты қателігі.
Мұндайда ересек жасына ауыса бастаған балалардың мінезінде аздап ауытқушылық пен өзгерістер орын алады. Осы аралықта қамқорлықтан алыстап қалған рухани әлсіз қыз балалар арасында ерте жүктіліктің орын алуы, ұл баланың түрлі қылмыстарға бой ұруы немесе жастар, жасөспірімдер қатарында суицидтің белең алуы, өз бетінше мәселені шешуге тырысқан, батылдығын дәлелдегісі келген әрекеттердің соңы бұзақылыққа, ұрлыққа апарып соғуы ықтимал.
Біз – жастар арасындағы келеңсіз жағдайлардың, оларға қатысты орын алатын түрлі сипаттағы заңбұзушылықтадың алдын алуға қоғам болып қалай көмектесе аламыз? ҚР Конституциясы 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасының «ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі» екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Ендеше, сол көп адамның біразы жастар екенін ескерсек, оларды қорғауға мемлекетіміз де мүдделі екенін түсінеміз.
Бүгінгі таңда ауданда 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 13946-ға жеткен. Оның 7364-і ер бала болса, 6582-і қыз баласы. Осы жастардың әрқайсысы өз өмірінде жауабын біле алмайтын сұрақтармен бетпе-бет кездесіп жатқаны түсінікті. Ортаға қалыптасып үлгерген ересектер үшін оңай болып көрінетін кез келген мәселе енді ғана бұғанасы қатайып келе жатқан жастарға жұмбақ болып, сенделтіп жіберуі де ғажап емес.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» 14-29 жас аралығындағы жастар үшін қызмет көрсетеді. Қазіргі таңда мекемеде жастарға қызмет көрсету бөлімі ашылды. Мұнда бір бөлім басшысы, заңгер және психолог, және теолог маманы жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, бөлімде қиын жағдайда қалған жасөспірімдер 2-04-85 сенім телефоны арқылы психолог кеңесін пайдалана алады.
Осыдан біраз жыл бұрын «психолог» маманы біздің менталитетке таныс емес еді. Шошына қарайтын. Қазір керісінше, психологтың кеңесіне жүгінетіндер көбейді. Бұл бізді қуантады. Психолог ретінде біз ешкімге «былай жаса» деп кеңес бермейміз. Сұрақ қоя отырып, қай жерде қателік жібергенін немесе қателесуі мүмкін екенін түсінуге мүмкіндік жасаймыз. Бұл бөлімнің қоғамда алатын маңызы зор.
Көптеген жастар кәмелеттік жасқа толатын кезде, өтпелі кезеңдерде психологиялық көмекке зәру болып жатады. Өйткені, ересек өмірге қадам басқаннан кейін өздерінің ойларын, қадамдарын, кей жағдайда ағайын-туыстарына, отбасы мүшелеріне, мұғаліміне айтуға қысылады, ыңғайын таба алмайды. Сондай жағдайда олар ішіндегі шерін тарқату үшін психологиялық орталықтағы мамандарға жүгіне алады. Көмек ақысыз көрсетіледі және қызмет анонимді түрде жүргізіледі.
Екі айдан бері «Жастарға қызмет қызмет көрсету» бөлімі жастар мен жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің және аутодиструктивті оқиғалардың алдын алу мақсатында студенттермен екі кездесу, оқушылармен 73 кездесу өткізді. «Әкелер», «Енелер», «Жас келіндер», «Инабат қыздар» тақырыбы аясында клубтар ұйымдастырылып, жас жұбайларға отбасы құндылықтарын дәріптейтін іс-шаралар ұйымдастырылды. 56 жасқа жеке психологиялық мәселесін шешуге көмек көрсету үшін түрлі іс-шаралар жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық орталық аурухананың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімімен бірлесіп «Нашақорлықтың қоғамға әкелер кері әсері» және «Мен таңдаған жол» атты екі профилактикалық кеңес беру өтті.
Кеңес беру орталығының бір артықшылығы – жастардың ересек өмірге дұрыс бейімделуіне атсалысады. Көбіне бой түзеп, ер жете бастаған ұл-қыз ата-анасынан сұрай алмайтын сұрақтар төңірегінде ақпаратты сыртқы ортадан қабылдайды. Ғаламтордағы қисынды-қисынсыз мәліметтерге сенеді, соның салдарынан түрлі келеңсіздіктер орын алады. Қыз балалар да көп жағдайда шалыс басқан қадамын ата-анасынан жасырады. Қайда барарын, кімге ақтарыларын білмейді. Қорқады. Күйзеліске ұшырайды. Тереңге бойламай өзіне және өзгелерге қиянат жасауға мәжбүр болады.
Қиындықтан шығудың жолын өз бетінше іздейді. Ол жолдың бірі – заңсыз әрекет жасауға өзін-өзі итермелеу болса, екінші әрі дұрыс жолы – психологтың кеңесіне жүгіну.
Жастар арасындағы жағдайды «қылмыс» емес, «қателік» деген дұрысырақ. Көп жағдайда жастар қателікке бой алдырса, жанындағы жора-жолдастары қажетті ақыл-кеңесті бере алмайды. Егерде тығырыққа тіреліп, ақыл-кеңес алғысы келсе 2-04-85 нөміріне хабарласқаны жөн. Өзін таныстырмай-ақ, «мен осы қадамды дұрыс жасадым ба?», «енді қайтемін?» деген сұрақтарын психолог маманға қоя алады.
Күйзеліске ұшырап, психологиялық ауытқудың алдында тұрған жастардың емі ақылы түрде тым қымбатқа түседі. Бір сеанстың өзі 10-20 мың теңге аралығында және ондай сеансты кемінде он рет қабылдауы қажет. Сол шығынды қалтасы көтермейтін ата-ана перзентінің мүшкіл халіне еріксіз мойынсұнады. Алайда, орталықтың психолог маманы дәл осы бағытта ақысыз қызмет көрсетеді. Ендеше, егер де сізді мазалаған сұрағыңыз болса, біз сізді тыңдауға дайынбыз.
Шолпан Жалғасбай,
«Жастар ресурстық орталығының» инспектор-психологы