Basty bet
Сәресіде береке бар…
Асыға күтіп, сағынып жеткен ораза да соңына қарай жақындап келеді. Көзімізді ашып-жұмғанша міне, осынау берекелі айдың соңғы он күніне де аяқ басып үлгердік.
Рамазан айы – Алла тағаланың құлдарына кешірімін, мейірімін және де сый-сияпатын молынан жаудыратын ай. Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) өзінің хадисінде: «Рамазан айының әуелгі бөлігі – мейірімділік, ортасы – кешірім, соңы – тозақтан босату» дейді.
Осылайша, сүйікті Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) жалпы Рамазан айының, оның ішінде оның соңғы он күнінің кешірім тозақтан босату екенін айтып сүйіншілеген. Хақ Расулдың (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) тағы бір хадисінде «Кімде-кім Рамазан айында шынайы иманмен әрі оның сауабынан үміт еткен күйде ораза ұстаса, оның бұрынғы күнәлары кешіріледі» делінген.
Алла Елшісі (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) осылайша иманымызды шыңдау мен ең үлкен екінші парызды орындай отырып, осы қасиетті айды барынша оңтайлы пайдаланып, Алланың кешіріміне қол жеткізуімізге шақыруда.
Рамазан айында Алланың кешіріміне жетелейтін бірден-бір жол – оразаны барынша кемел орындап, оның қайтарымын бір Алладан ғана күту. Тағы бір маңызды амал – түннің соңғы үштен бірінде, сәресінің уақытында кешірім сұрау. Бұл уақытта жасалған құлшылық – тамаша құлшылық. Себебі, Алла тағала «Зарият» сүресінде тақуалардың сипаттарын атай келе: «Олар таң сәрілерде кешірім тілейді» десе, «Әл Имран» сүресінде: «Және таң сәріден кешірім тілеушілер» деген. Міне, бұл уақытта Алла тағаладан кешірім сұраудың қаншалықты қымбат екенін осыдан байқауға болады.
Пайғамбарымыз (Оған Алланың рақметі мен сәлемі болсын!) бұл уақыттың ерекшелігіне тоқталып: «Расында, Алла тағала әр кеште түннің соңғы үштен бірі қалғанда дүние аспанына түсіп, таң атқанша: «Тәубе етуші бар ма, оған тәубе етейін, кешірім сұраушы бар ма, оған кешірім жасайын, сұраушы бар ма, сұрағанын берейін?!» дейтінін айтады.
Біз бұл уақытта сәресі үшін оянып жатамыз. Оразада бұл мезгілде ішкен аста да мол береке болады. Бұл уақыттың бір бөлігін кешірім тілеу үшін де арнауымыз керек. Себебі, бұл уақыттағы кешірім сұрау – қабыл болатын амал.
Алла тағала баршамызға кешірімін жаудырсын, әумин!
Әзілхан БАЛДАНБАЕВ,
Талапты ауылының имамы