Basty bet

Атам жайлы естелік сыр

Менің атам Базарбай Байтақов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Жуалы ауданының тумасы. Атам 1923 жылы Жамбыл ауылы (қазіргі Рысбек батыр ауылында) дүниеге келген. Тау баурайында еркелеп өскен жас өрен жастайынан білімге, ғылымға құштар болады. Өмірін білім саласына жас ұрпақ тәрбиесіне арнасам деген бала арманы өсе келе шынға айналады. Базарбай атам кітап, білім, ғылым іздеу жолына бар өмірін жастайынан арнаған. Анасы Зейнеп апамыз бен Байтақ бабамыз төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп, балаларының сауатты, парасатты, халқының қалаулы беделді азаматтары болып өсуін қалаған екен. Балалық шағын Шұбарағаш ауылының баурайында өткізіп, жас ұстаздарға арналған оқуын тамамдап, Кеңес ауылында мұғалімдік қызметін алғаш атқарып жүрген кезінде соғысы басталып, барлық ер азаматтармен қатар майдан даласына аттанып кете барады. Бар болғаны 19 жастағы бозбала 1942 жылдың наурыз айында майданға аттанып, 543-қосалқы атқыштар полкына түсіп, Сталинград шайқастарында және тағы да басқа қиян-кескі ұрыстарға қатысады.
1944 жылдың қыркүйек айында ауыр жараланып госпитальда емделіп, денсаулығына байланысты елге оралады. Елге келгеннен кейін Кеңес орта мектебінде ұстаздық етеді. Одан кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызметін жалғастырады, сол кездері партия қатарына да қабылданады.
1945 жылы отбасын құрып, көп ұзамай тұңғыш ұлы Қасым есімді атамыз дүниеге келген. Түркістан қаласындағы Педагогикалық техникумды аяқтап, 1952-1957 жылдар аралығында Қоғалы бастауыш мектебінің директоры қызметін атқара жүріп аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болып тағайындалады. 1960 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша сырттай бітіріп, бар ғұмырын саналы шәкірт тәрбиесіне арнады. 1959 жылы Жамбыл атындағы сегізжылдық мектептің директоры болып тағайындалды.
1966 жылы өзінің тікелей бастамасымен осы Жамбыл мектебінің ғимараты іргетасының қалануына атсалысты. Жалпы білім саласында 40 жылға жуық ұлағатты ұстаз қызметін атқарды. Жас ұрпаққа саналы білім берудегі «Ұзақ жылғы еңбегі үшін» марапатымен, 1958 жылы «За трудовое отличие» медалімен марапатталды. Ұлы Жеңістің әр он жылындағы медальдарымен және «Еңбек ардагері» т.б марапаттарын иеленген.
Атамыздан алты ұл, үш қыз тарап, немере-шөберелері бейбіт күнде бақытты ғұмыр кешуде. Атамыз 1981 жылдың 4 сәуір күні 57 жасында дүниеден өтті. Бойында ұстаздық, парасаттылық, білімділік тұнып тұрған атамыздың ерлігімен, еткен еңбегімен мақтанбасқа болмас. Атамыздың ұстаздық жолын жалғаған маман ретінде оның ерлігін, батырлығын, даналығын айтып отыру, ұрпаққа жеткізу біз үшін парыз.
Элмира Сүйінбаева,
майдангердің немере келіні.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Close