Basty bet

Көлік көп, бірақ жолақысы қымбат

Қазір өмір сүрем, отбасымды асыраймын деп талпыныс жасаған адамға біздің қоғамда кәсіптің көзі жетерлік. «Түстік өмірің болса, кештік мал жи» дегенді бабаларымыз неге жиі өсиет еткенін енді түсінген боларсыз? Қандай жолмен болса да мал жинауға, дүние табуға болады. Алайда хакім Абайдың «Адал жолмен мал жинамақ, ол – арлы кісінің ісі» дегенді ұмытпағанымыз ләзім.

Алысқа бармай-ақ, «COVID -19» пандемиясына байланысты ел аумағында төтенше жағдай режімі жарияланған екі ай көлемінде біздің ауданның орталығында таксишілердің қарасы көбейіп кетті. Енді қайтсін, карантин жағдайында одан басқа айналысар жұмыс жоқ болса?
Коронавирустық инфекцияның Жамбыл облысында кең таралуына жол бермеу мақсатында облыс орталығына кіреберіске «Айша бибі» санитарлық-бақылау бекеті қойылғаны белгілі. Алдын ала мәлім болғандай, карантиннің алғашқы күндері арнайы қаулының негізінде тұрғындарға және көліктерге облыс орталығына кіріп-шығу қатаң тыйым салынды. Алайда төтенше жағдай режімі кезінде тұрғындар Тараз қаласына кіріп-шығып, аудан орталығынан облыс орталығына таксилер қатынап жатты. Санитарлық талапқа байланысты таксишілер екі ғана жолаушымен облыс орталығына барып-келіп жатқанынан хабардармыз.
Бір айта кетерлігі, ауданның ішінде, облыстың орталығына және кері қарай жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің қозғалысына наурыз айының соңында тыйым салынды. Міне, сол уақыттан бері өзінің жеке көлігімен жолаушы тасымалдайтын азаматтардың «қолдары» жүре бастады. Алдында ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылынан Тараз қаласына дейін 500 бен 700 теңгенің арасында жолақы алатын таксишілер бағаны бірден 1 500 теңгеге дейін көтеріп жіберді. Оған жауап ретінде таксишілердің айтатын уәждері мынадай: «Облыс орталығына екі ғана адаммен барамыз. Барып, қайтқан шығынымызды ақтамайды. Біз бағаны сол үшін көтеріп отырмыз» дейді олар.
Осы аптаның сейсенбі күні аудан орталығының базар аймағынан Тараз қаласы бағытына қатынайтын такси тұрағына барып, бірқатар көлік иелерімен тілдескенбіз. Олар тасымалдайтын әр жолаушыға такси бағасының 1000 теңгеге түсіргендерін айтады. Бұл қарапайым тұрғындар үшін әлі де болса, қымбат болып тұр.
Жоғарыда Тараз қаласына жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің қозғалысы уақытша тоқтатылғанын айтқанбыз. Бұл мәселенің мәнісін білмек үшін сәрсенбі күні «Казкомтранс» ЖШС-ның өкілі, медбике Сайлаукүл Зәуірбековаға хабарласқанбыз.
-Тараз қаласына жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көліктердің қозғалысына 30 наурыздан бастап шектеу қойылды. Содан бері жүргізушілердің барлығы үйлерінде бос отыр. Тиісінше, жолаушылар да көлік қозғалысын асыға күтуде. Таныс клиенттеріміз маған жиі хабарласып, қоғамдық көліктердің қай күні жүретінін сұрап жатыр. Әрине, таксидің қызметін пайдалануға кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Осы себептен де қоғамдық жолаушылар тасымалының қалыпқа түскенін біз де күтіп отырмыз. Аудан мен облыс орталығының арасында қоғамдық көліктер қатынай бастаса таксидің де шарықтаған бағасы түсер еді.
Одан бөлек, ауыларалық, ауылішілік бірнеше бағытта қоғамдық көліктердің қатынасына шектеу қойылып отыр. Бүгін ғана Б.Момышұлы ауылы бойынша қоғамдық көліктердің қозғалысына аудандық әкімшілік тарапынан рұқсат берілді,- дейді Сайлаукүл Зәуірбекова.
Аптаның сәрсенбісі күні аудан орталығында жолаушылар тасымалдауға барлығы сегіз «ГАЗель» автокөлігі санитарлық талаптарды сақтай отырып шыққан екен. Көлік жүргізушілері медициналық бетпердемен, қолғаппен, антисептикалық материалдармен қамтамасыз етілген. Бұған жолаушылар да қуанышты.

Таңдаулы материалдар

Close