Basty bet

Төтенше жағдай режімінің кері әсері

мен тиімді тұстары қандай?

«Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» деген сөзді қазақ атамыз тектен-текке айтпаса керек. «Заман күнде өзгерер, оны біздің көз көрер» дегенді де айтқан біздің халық әлемнің күнде өзгеретінін ежелден-ақ білген сыңайлы. Айтса да, айтпаса да қазір әлем көз алдымызда өзгеріске түсуде. Оған табиғат апаттарымен қоса адам қолымен жасалған апаттар да тікелей әсер етіп отыр. Биылғы жылы коронавирус індетінен бүкіл әлем зардап шегіп отырғаны әлбетте жанымызға батады.

Осынау дерттің әлемде біршама халықтың ажалына тікелей себепші болып отырғанын айтуға тиіспіз. «Көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын «кеселмен күрестің қандай қиын екенін бастан кешіріп отырғандардың арасында біздің еліміз де бар. Соңғы ресми деректерге қарағанда адам өміріне қауіпті инфекцияны жұқтырғандардың саны 7000-нан асып жығылып отыр. Алла сәтін салып, аты жаман індеттен жазылып жатқан азаматтар да бар. Қауіпті инфекциядан карантин уақытында ажал құшып жатқандардың саны біздің елде аса көп емес. Бұған да шүкір дейміз. Әйтпесе, Еуропаның бірқатар елдерінде, АҚШ-та бұл індеттен көз жұмып жатқан адамдардың саны едәуір көп.
Сонымен, биылғы 2020 жылдың басында Қытай Халық Республикасының аумағында тіркелген «COVID-19» пандемиясы бүкіл әлем елдерін құрсауына алып, әбігерге салып жатқанынан жұртшылық күнделікті ақпарат құралдарынан хабардар болуда. Жаман хабар жерде жата ма? Оның үстіне, қазір ақпарат толқынының алапат тасқыны жүріп жатқан кезең. Аты жаман аурудың Қытай жерінде таралғанынан әлем жұртшылығы сол тұста-ақ хабардар болды.
Интернеттегі ақпараттарға сүйенер болсақ, Қытай билігі 2019 жылы 31 желтоқсанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына елдің орталық бөлігінде орналасқан Ухань қаласында белгісіз пневмонияның пайда болғандығы туралы ақпарат берді. Мамандар аурудың қоздырғышын анықтады. Бұл 2019-nCoV коронавирусы. Аз ғана уақытта вирус Қытайдан тысқары жерлерге де тарап үлгерді. Қытай билігі вирустың адамнан-адамға жұғатындығын ресми түрде растады. Кейбір деректерде коронавирус ауруының пандемиясы 2019 жылы желтоқсан айының ортасында орталық Қытайда орналасқан Хубэй провинциясына кіретін Ухань қаласының Хуанань жануар мен теңіз өнімдері базарында болған тұрғындары түсініксіз пневмонияға шалдыққаны анықталған кезден басталғаны айтылады. Бүгінде дүние жүзінде аталған қауіпті індеттен 300 мыңнан астам адам көз жұмды деген дерек бар.
«Сақтансаң, сақтайды» деген қағиданы ұстанған біздің елдің басшылығы ауру таралған мезетте-ақ бірқатар шет мемлекеттермен шекараны жауып, сақтық шараларына кірісіп кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ағымдағы жылдың 15 наурызынан басталған төтенше жағдай режімі елдегі қалыптасқан жағдайларға байланысты 11 мамырға дейінгі аралықта болды. Мамырдың 11-інен ел аумағында төтенше жағдай режімі алынып, ел өңірлерінде карантиндік шектеу шаралары әлі де жалғасуда.
Осы ретте бұл мақаламызда төтенше жағдай мен карантиндік режімінің адамзаттың күнделікті өміріне кері әсері тиімді тұстарына аз-кем тоқталғанды жөн санап отырмыз. Коронавирус инфекциясының алдын алуға байланысты ауру ең көп тіркелген Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында, сонымен қатар, бірқатар облыстардың орталықтарында көлік пен халықтың қозғалысына қатаң тыйым салынды. Жұмыс тоқтатылып, адамдар екі ай бойына карантинде отырғанын білеміз. Жұмысына немесе бос уақыттарында саябақта серуендеп, туған-туыстарына қонаққа барып үйренген адамдарға бұл жағдайдың оңайға соқпағаны белгілі. Мұның бір артықшылығы, адамдар карантин уақытында отбасыларына кеңінен көңіл бөліп, кітап оқып, басқа да жұмыстармен айналысып, бос уақытын ішкі дүниелерін рухани байытуға жұмсады.
Дәл қазіргі қоғамда жұмыссыз отырудың кім-кімге оңай соқпасы белгілі. Оның үстіне қазір адам өміріне қажетті дүниелер мен қызметтердің құны қымбат. Төтенше жағдайдың салдарынан жұмысынан уақытша айрылғандарға екі ай бойына мемлекет тарапынан 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы беріліп отырды. Одан бөлек, тұрмыс жағдайлары төмен, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға ерікті азаматтардың, қалталы кәсіпкерлердің, қайырымдылық қорларының күшімен қайырымдылықтар жасалуда. Бұған бүкіл еліміз куә.
Төтенше жағдайдың бір тиімді тұсы ретінде ел ішінде қайырымдылық шараларының артуын айтуға болатындай. Бұл қиын жағдайда адам бойындағы мейірімділік пен қайырымдылық, жанашырлық қасиеттерінің артқанын анық байқап отырмыз. Қайырымдылық шаралары әрі қарай да жалғаса беретініне сенгіміз келеді. Өйткені, бұл біздің халықтың бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі саналады.
«Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, айта кету керек, мамыражай мамыр айының басында қамсыз тіршілік кешіп жатқан Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы бірқатар елді мекендер Өзбекстаннан ағып келген топан судан орасан зардап шекті. Айтпай келген апаттың салдарынан қаншама отбасы баспанасыз қалды. Материалдық шығын да жеткілікті. Мақтааралдағы шаруақор ағайынның басына түскен қиыншылықтарды жеңілдетуге күллі Қазақстан халқы атсалысып отыр. Одан соң іле-шала, қатты жауынның салдарынан Түркістан облысындағы бірқатар аудандарды су басты. Мұны да Алланың адамдарға жіберген бір сынағы деп білгеніміз абзал. Ең бастысы, сабыр сақтауымыз керек.
Төтенше жағдайдан ел экономикасына, сонымен қатар шағын және орта бизнеске едәуір шығын келгенін білеміз. Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету үшін, сонымен қатар, аты жаман індетпен күресу мақсатында ел Президентінің пәрменімен Ұлттық қордан қыруар қаржылар бөлінді. Бұл жұмысынан, табысынан уақытша айырылғандарға берілді. Қаржының едәуір бөлігі халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлік ісін ілгерілету, тұрғын үй құрылысына бағытталуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың салиқалы саясатымен, Үкіметтің жедел шараларды қолға алуымен қаржылық дағдарыстың еңсеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Халыққа ең керегі не? Әлбетте, бірінші кезекте баспана, тұрақты жұмыс, өмір сүруге лайықты жағдай керек. Үкімет қаншалықты шаралар қабылдағанымен елімізде азаматтарды баспанамен қамту мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл да біздің төтенше жағдай режімінде байқалған олқы тұсымыздың бірі осы. Жұмыспен қамту саласында бірқатар шикіліктердің бар екені карантин жағдайында анық байқалып отыр.
Ал ендігі кезекте баға саясатына ойыссақ. Басқасын айтпағанның өзінде нарықтағы азық-түлік бағасының «тым шарықтап, аспандап» кетуі елде жарияланған төтенше жағдай режімінде анық сезілді. Халықтың да баға саясаты жөнінде неге ашына айтатынын карантин жағдайында түсінгендей болдық. Облыс, аудан басшылығы тарапынан тиісті комиссия, жұмысшы топтар құрылып жұмыс жасағанымен азық-түлік бағасының тұрақтануына әсер ете алмағаны өкінішті. Қазір кез келген адаммен сөйлесе қалсаңыз, азық-түлік пен қызмет көрсету құнының күн санап қымбаттап бара жатқанын айтады. Сананы тұрмыс билеген заманда бұл мәселеде де түбегейлі өзгерістер қажет сияқты. Бұл да карантин жағдайында анықталған басты кемшіліктеріміздің бірі.
Әлемде алпауыт деген елдердің өзі қауіпті инфекцияның салдарынан дағдарып отырғаны белгілі. Осы ретте төтенше жағдай режімі еліміздің кемшін тұстарын, қандай тосын жағдайға дайын немесе дайын емес екенімізді анық көрсетіп берді. Алғашқыда қарапайым медициналық бетперденің, антисептикалық материалдардың тапшылығы сезілді. Елдегі қиын жағдайды пайдаланып, «пайда» тапқысы келген «пысықайларды» да байқадық. Бұл азық-түлік бағасына да қатысты болып отыр. Түптеп келгенде, пандемияның кесірі барлық саланың жұмысына кері әсер етіп отыр.
Соңғы ақпарат бойынша Қазақстанда 7234 адамнан коронавирус індетінің белгілері табылған. Бұл аурудан 3734 адам жазылып, өкінішке орай 35 адам қайтыс болған.
Замана бір орнында тұрмас. Алдымызда оң өзгерістердің болатынын жүрегіміз сезеді. Ең бастысы, қандай қиын жағдайда да адамның адамшылығының, қайырымдылығының жоғалмағаны абзал. Шерхан Мұртазаның «Тіршілікті тірілтіп тұрған – мейірімділік» деп айтқанындай, әлемді мейірімділік құтқаратынын ұмытпайық, ағайын!

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close