Basty bet
Сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі
Ауыл шаруашылығы саласы – ел экономикасының драйвері екені даусыз. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргізілуі қажет. Бұл бүкіл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлік брендін қалыптастырып, ілгерілетуге мүмкіндік береді» – деп атап көрсетілген болатын. Таулы Жуалы ауданы аграрлы аймақ болғандықтан мұнда ауыл шаруашылығы – ең үлкен маңызды сала болып табылады.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ресми мәліметі бойынша, ағымдағы жылы көктемгі дала жұмыстары бойынша 97 315 га егістік жерлерді игеру жоспарланып, түйінді нысаналы индикаторлық көрсеткіштерге сәйкес, дәнді масақты және бұршақты дақылдар 37 050 га, оның ішінде күздік бидай 11 020 га, жаздық арпа 25 730 га, дәндік жүгері 300 га, майлы дақылдар 20 820 га, оның ішінде мақсары 19 820 га, күнбағыс 920 га, қытай бұршағы 80 га, қант қызылшасы 145 га, картоп 2 500 га, көкөніс 650 га, бақша 10 га, сүрлемдік жүгері 750 га және жаңа егістегі көпжылдық шөптер 2660 га егу жоспарлануда.
Картоп – екінші нан. Кеңес Одағы тұсында ақ картобымен даңқы алысқа тараған Жуалының картобына деген сұраныс ішкі нарықта артып отырғанын анық байқауға болатындай. Шаруалар картоп дақылына 2500 га белгіленген жоспардың 2010 гектарын егіп, әзірге жоспарды 80 пайызға орындап отыр. Ақ картопты егу жұмыстары әлі де жүргізілу үстінде.
Сапалы тұқым қашанда мол өнімнің кепілі. Тұқымды жаңартып отыру үшін жыл сайын 1500 тонна көлемінде сырттан жоғары репродукциялы тұқымдар әкелінеді. Ағымдағы жылы Ресей Федерациясы, Қарағанды және Павлодар облыстарынан тұқымдық картоптың сұрыптары әкелініп, шаруалар ауа райының ашық күндерін пайдаланып, картоп егу науқаны қызу жүруде.
Картоп егіп, одан мол өнім алып отырған шаруашылықтар Мыңбұлақ ауылдық округінде де бар. Солардың бірі – еңбекқор азамат Роберт Панштейль басшылық жасайтын «Ренат» шаруа қожалығы 2000-шы жылдардың орта тұсында құрылған. Шаруашылық ақ егіспен қатар картоп дақылын егуге бет бұрып отыр. Шаруашылық биылғы жылдың өнімі үшін 30 гектарға күздік бидай сепсе, 120 гектар алқапқа, тиісінше, арпа мен мақсары дақылын еккен екен. Ал, картоп алқабының көлемі 30 гектарды құрайды. «Не ексең, соны орасың» демекші, жақында картоп егу науқанының қызу шағында мыңбұлақтық шаруаның картоп алқабына барып, егу жұмыстарын көзбен көріп келген едік.
-Өткен жылы 30 гектар алқапқа картоп еккен болатынбыз. Биыл да сол межені көздеп отырмыз. Егетініміз негізінен, картоптың «Алладин», «Кроне», «Импала» сұрыптары. Алдыңғы екі сұрыпты биыл Қарағандыдан әкелдік. Ал, «Импала» жаңа сұрыпты картоп тұқымын биыл алғаш рет Ресейдің Свердловск облысынан алып отырмыз. Бұл жаңа тұқымды 15 гектарға егеміз. Ауа райының жылылығын пайдаланып картоп егу жұмыстарын қызу жүргізіп жатырмыз. Одан бөлек, биыл бес гектарға қант қызылшасын отырғызу жоспарда бар. «Баптай білсең – жер жомарт» деген. Қара жерге күтім жасамасаң, байлығымыз болған жер аз ғана жылда тозып кетеді. Сондықтан жерді тыңайту үшін жоңышқа, арпа, картопты кезектестіріп егіп, ауыспалы егістік тәсілін қолданамыз. Күндіз-түні тер төгіп жұмыс жасаған соң биылғы жылы да өнім жаман болмайды деп сенемін. Ішкі нарықта отандық өнімнің үлесін көбейту де басты мақсатымыздың бірі. Шаруашылықта бәрі жақсы деп айта алмаймын. Өнімге берілетін субсидияның, жеңілдетілген дизель отынының проблемасы бар. Шаруаларға мемлекет тарапынан әлі де көңіл бөлініп, нақты қолдаулар көрсетілсе, жер баптаған диқандардың еңсесі көтеріліп, еңбек өнімділігі де бұдан да арта түсер еді,-дейді «Ренат» шаруа қожалығының төрағасы Роберт Панштейль.
Бізді картоп алқабында жүріп жатқан қызу жұмыстардың басына шаруашылықтың басшысы алып барды. Шаруашылықтың несиелік жүйемен алынған «МТЗ-952» маркалы тракторының рөліндегі тәжірибелі механизатор Виктор Медведев картопты арнайы тіркемелі техникамен егуде. Қалған жұмысшылар тұқымды және минералды тыңайтқышты салып беруге көмектесу үстінде. Бұл жұмыстарға шаруа қожалықта көп жылдан бері сушы болып еңбек етіп келе жатқан Шалқар Жексенбаев та қол ұшын беріп отыр. Қандай дақыл болсын оған күнделікті күтім жасағанда ғана мол өнімге қол жеткізетінің белгілі. Өнімді тиімді суғару жұмыстары да сушының тәжірибесіне тікелей байланысты. Осы ретте сушы Шалқар аға картопты отырғызғаннан бастап қазу жұмыстарына дейін төрт-бес мәрте суғаратынын айтады. Ол табыстарының да жақсы екенін тілге тиек етті.
-Биылғы жылы округтің шаруалары масақты дәнді дақылдардан бөлек 235 гектарға картоп егуді жоспарлап отыр. Негізінен «Ренат», «Мадина», «Бірлік», «Өркен-1» және «Орақ-балға» шаруа қожалықтары картоп егумен көп жылдан бері айналысып келеді. Одан бөлек, 10 гектар қант қызылшасын егу жоспарда тұр. Қазіргі уақытта қызылша егу үшін «Ренат» шаруа қожалығы жерін өңдеп, дайындау үстінде. Ауылдық округте тіркелген шаруа қожалықтардың арасынан жоғарыда аталған шаруашылықтар жер өңдеу, одан мол өнім алу, сонымен бірге әртараптандыру жағынан болсын өзге қожалықтардан оқ бойы алда келеді,-дейді Мыңбұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маман-статисті Нұрсұлтан Ералиев.
Баптамаса, егін де өспейді. Жер баптап, диқаншылықты кәсіп еткен шаруа қожалықтың техникасы да тірлігіне сай. Бұл да егіннен мол өнім алудың бірден-бір алғышарты болмақ…
Нұржан Манасұлы.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»