Basty bet

Көпбалалы отбасыларға көмек берілді

Қайырымдылық – адам бойындағы ерекше қасиет болып табылады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін бір-біріне деген сүйіспеншілік пен көмек.
Қазіргі таңда елімізде бұл үрдіс кеңінен көрініс табуда. Қайырымды жандар қиын-қыстау сәтте көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, көмек көрсетуде. Осы орайда, Билікөл ауылдық округіндегі бірқатар жомарт жандар тұрғындарға қайырымдылық жасады. Қайырымдылық шарасы аясында округтегі аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілді.
Тұрғындарға көмек қолын созуды азаматтық борышы санаған округке қарасты «Береке» шаруа қожалығының басшысы Әсел Ғалымова отбасылық жағдайы төмен бес отбасына 100 000 теңге көлеміндегі азық-түлік себетін таратты. Сонымен қатар, қайырымды азаматтың бірі, жеке кәсіпкер Ғалымжан Қайнарбеков те аз қамтылған көпбалалы 25 отбасына 20 000 теңгеден, яғни барлығы 500 000 теңге көлемінде қаржылай көмек жасады.
Сонымен қатар, окрутегі әр көшедегі аз қамтылған бір отбасына сол көше тұрғындарынан жиналған қаражатқа 11 отбасыға азық-түлік себеті ұйымдастырылды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай округтегі 11 тыл ардагерін ескерусіз қалдырмай, әкімшілік тарапынан сый-сияпат жасалып отыр. Коронавирус инфекциясының округте таралуының алдын алу және болдырмау мақсатында тұрғындарға 400 дана медициналық маска тегін таратылды.
Мұндай игі істерге ауыл жастары да атсалысып келеді. Атап айтқанда, 1992 жылы туған азаматтар екі отбасына 35 000 теңгеден қаржылай көмек берді. Сондай-ақ, Билікөл ауылдық округі жастарының ұйымдастыруымен демеушілік ретінде жиналған 2 000 000 теңге қаражатқа Қарабастау ауылының орталық алаңын және Қарабастау су тоспасын қоршау жұмыстары жүргізілді.

Талғат Әмірәлиев,
Билікөл ауылдық округінің әкімі

Таңдаулы материалдар

Close