Basty bet

«Шақпақ» Блок-бекеті алынды

31 маусым күні аудан аумағындағы «Шақпақ» блок- бекеті салтанатты жағдайда алынды. Блок-бекеттің жабылуына полиция қызметкерлері мен медицина саласының мамандары, ерікті жастар қатысты.

Салтанатты шараның алғашқы құттықтау сөз кезегі облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменовке берілді.
-Бүгін Жамбыл облысы аумағында жоспарлы түрде облыстық және аудандар арасындағы блок-бекеттер алынды.
Осы орайда ҚР Ішкі істер министрінің және облыс әкімінің атынан блок-бекеттерде қызмет жасаған полиция қызметкерлеріне, медицина саласының мамандарына және әскери міндетті қызметшілерге алғысымды білдіремін!- дей келіп Жанат Қуанышұлы бірқатар полиция және медицина саласының қызметкерлері мен ерікті жастарға облыс әкімінің Алғысхаттарын тапсырды.
Сөз кезегін алған аудан әкімі Нарбай Ергебеков әлемді дүрліктірген індетті халқымыз сабырлық пен тәртіптің арқасында және полиция қызметкерлері мен медицина саласының қызметкерлерінің жоғары жауапкершілік қасиеті мен Отанға деген патриоттық сезімінің арқасында жеңіп келетіндігін айтып, оларға деген игі тілегін жеткізді.
-Сіздер күндіз-түні, күннің ыстық-суығына, жауын-шашынға қарамастан үлкен жауапкершілікпен қызмет еттіңіздер.
Жерлесіміз Батыр Баукеңнің «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп айтқанындай, қай қоғамда, қандай сынақ болмасын тәртіптің, сабырлықтың арқасында ғана жеңгенбіз. Халқымыз осы биік қасиеттерінен айырылмасын.
Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Аудан басшысы бірқатар полиция және медицина қызметкерлерін марапаттады. Іс-шара барысында марапатталғандардың қатарында «Жасыл Жуалы» мекемесінің, аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлік және автомобиль жолдары бөлімінің, сонымен бірге аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары да бар.
Медицина саласының қызметкері Алма Бегімсалқызына да сөз кезегі берілді. Ол індетті жеңіп шығуға біркісідей атсалысқан блок-бекеттегі барлық қызметкерлерге және үнемі көмек-қолдауын аямаған аудан басшысына алғысын білдірді.
Ал ерікті жас Шолпан Жалғасбай сын сағаттарда халықтың денсаулығын бәрінен биік қойып қызмет еткен, індетпен күреске атсалысқан барша қызметкерлерге алғысын білдіре келіп, аудандағы жастардың да үлесіне тоқталды.
Салтанатты шарадан кейін жиналғандар блок-бекеттен полиция және медицина саласының қызметкерлерін құрмет-қошеметпен шығарып салды.

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close