Qoǵam

Егемендіктің ең басты белгісі

Рәміз – халқымыздың рухын, ұлттық санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгі болып саналады. Кез келген мемлекеттің көркейіп, гүлденуі сол мемлекеттің төл рәміздеріне деген құрмет сезімінен өрбиді. Біздің елімізде бұл мереке 1992 жылы 4 маусым күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы Заң қабылданғалы бері аталып келеді.

Осы ретте, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда Мемлекеттік рәміздерді қолдау және насихаттауға арналған жоспарына сәйкес мектепте түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді.
Оқу жылының басында сынып жетекшілеріне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерін салтанатты шараларды өткізу кезінде қолдану ережелері түсіндірілді. Әр аптаның дүйсенбі күндерін Мемлекеттік Әнұранмен бастауды дәстүрге айналдырдық. Сынып жетекшілері Мемлекеттік Рәміздерді оқушылар арасында насихаттау мақсатында өздерінің жылдық тәрбие жоспарларына енгізіп, тәрбие сағаттарын уақтылы өткізеді.
Сонымен қатар, 4 маусым ҚР Мемлекеттік рәміздер күніне орай мектеп жанынан құрылған лагерьде 1-6 сынып оқушылары арасында «Рәміздерім – мақтанышым!» тақырыбында патриоттық ертеңгілік өткізіледі. Ертеңгілікте патриоттық әндер мен өлеңдер оқылып, Отанына деген сүйіспеншілікке бағытталған көрініс көрсетіліп, оқушылардың бойындағы туған жерге деген сезімдерін оятуға септігін тигізді. «Менің елімнің рәміздері» тақырыбында 9 -10 сынып оқушылары арасындағы шығарма байқауын қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының жетекшісі А.Жамалбекова ұйымдастырды. Желтоқсан айында «Мемлекеттік рәміздерім – ұлт мақтанышы» атты мерекелік кешті 11 сынып жетекшісі И.Түрікбаева өткізді.
Сондай-ақ «Менің елімнің рәміздері» тақырыбында тәрбие сағаттары өткізіліп тұрады. Мектеп тәлімгерлері А.Әмірқұлова және Л.Қалдарбекованың ұйымдастыруымен «Рәміздерге құрмет – Отанға құрмет» атты 10 сынып оқушыларының қатысуымен флешмоб өткізілді. «Мемлекеттік рәміздер туралы не білеміз?» тақырыбында 9 сынып жетекшісі А.Мәмбетбаева семинар сабақ өткізсе, 10 сынып жетекшілері «Менің Отанымның рәміздері» тақырыбында Ж.Бурабаева, Д.Шынасылова «дөңгелек үстел» отырысын ұйымдастырды.
Мемлекеттiк рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі саналады. Сондықтан, әрбір Қазақстан азаматы үшін мемлекеттік рәміздер – қастерлі. Ал, әр азаматтың Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуі – өз-өзіне көрсеткен құрметінің, болашағына деген сенімінің, өлшеусіз мақтаныш сезімінің көрінісі. Осы орайда, мектеп-гимназияда кез келген патриоттық іс-шараларда Мемлекеттік Ту ұлықталып, Әнұран шырқалады. Мектеп ұжымы мен оқушылары мемлекеттік нышандарға құрметпен қарап, егемендіктің ең басты белгісі, тәуелсіздігіміздің нышандарына құрмет көрсете біледі.

Дина Қырғызбаева,
№19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Таңдаулы материалдар

Close