Basty bet

Төтенше жағдай режімі кезінде ауданда 13 815 адам 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті алды

Коронавирус немесе «COVID-19» атауын иеленген аты жаман індеттің адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіруімен қатар ел экономикасына да орасан зор шығындар келтіруде. Осы ретте Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен ел экономикасын қалыпқа келтіруге, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мен халықтың елеулі бөлігін жұмыспен қамту жобаларына Ұлттық қордан қыруар қаражат бөлініп отыр. Бұл қаржы осындай күрделі кезеңде ел экономикасын одан әрі дамытуға, оның ішінде халыққа ең қажетті деген ауыл шаруашылығы, шағын және орта кәсіпкерліктерге, сонымен қатар, төтенше жағдай режімі кезінде халық тұрмысын барынша қамтамасыз ету жұмыстарына жұмсалды.

Пандемия жағдайында қауіпті вирустың алдын алуға байланысты ағымдағы жылдың 15-ші наурызы мен 11 мамыр аралығында Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай режімі енгізілгені мәлім. 11 мамырда төтенше жағдай режімі алынып тасталды. Алайда вирустың ел аумағында кең таралуына байланысты карантиндік шаралар әлі жалғасып жатыр.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы күрделі де қиын жағдайға байланысты халыққа бірнеше мәрте Мәлімдемелер жасап, өз сөзінде төтенше жағдай режімі кезінде халыққа мемлекет тарапынан жәрдемақылар берілетінін, ешкімнің де мемлекет назарынан тыс қалмайтынын баса айтқан болатын. Осыған орай, төтенше жағдай салдарынан жұмысынан, табысынан айырылған азаматтарға, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға, қоғамның басқа да әлжуаз санатындағы азаматтарына ең төменгі жалақы мөлшерінде, атап айтқанда, 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төленді. Бұл туралы аудандық газеттің бетінде бірнеше арнайы мақалалар жарияланған болатын.
Осы мәселеге кеңінен тоқталар болсақ, ауданда 13 819 азаматқа Үкімет тарапынан аталған жәрдемақы берілді. Бұл туралы Жуалы аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мұрат Сапаев мәлімдеді.
-Төтенше жағдайға байланысты мемлекет тарапынан тағайындалған 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алуға аудан бойынша 15 мыңнан астам азамат өтініш берген болатын. Оның ішінде 13 819-ына аталған төлем төленді. Тұрғындар бір жағдайды дұрыс түсінулері керек. Бірқатар азаматтар дұрыс түсінбегендіктен де болар, бір жіберген өтінішті екі-үш қайтара жібергендері де болды. Бұл жайғдайда олардың қайталама өтініштері міндетті түрде кері қайтарылады.
Айта кету керек, әлеуметтік төлем екі кезең бойынша төленді. Төтенше жағдай режімінің аяқталуына байланысты тиісті заңдылықтардың негізінде тұрғындарға аталған әлеуметтік көмектің берілуі тоқтатылды. Тағы бір айта кететін жайт, әлеуметтік көмекті алуға өтініш берген, алайда дер кезінде көмекті ала алмаған азаматтар 42500.enbek.kz порталына ұсыныс-тілегін қалдыра алады немесе 1414 бірыңғай нөміріне хабарласып, тиісті мамандардан кеңес алуларына болады,- дейді Мұрат Жамалбекұлы.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close