Basty bet

90 отбасы баспаналы болды

Таразда Мемлекеттік рәміздер күні аясында пәтер кезегінде ұзақ жылдар бойы тұрған 90 адамға «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынған пәтер кілттері табысталды.
Пәтерлер жетім балалар, мүгедектер, толық емес және аз қамтамасыз етілген отбасылар, сонымен қатар әлеуметтік жағынан халықтың осал тобындағы басқа да санаттарға жататын азаматтарға үлестірілді. 5 қабатты екі тұрғын үй Арай-2 шағын ауданында орналасқан.
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады.
– Біздің елде қолжетімді баспана мәселесін шешуге айрықша көңіл бөлінуде. Өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам тараздық жаңа қоныс тойын тойласа, биыл облыс орталығында 50-ден астам көп пәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген жаңа «5-10-20» бағдарламасы да мыңдаған отбасыларға баспана алуға мүмкіндік бермек. Мемлекеттік рәміздер күнімен қатар келген қоныс тойларыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болып, береке-бірлігіміз арта берсін, – деді облыс әкімі.
Бұл күні қоныс тойын тойлағандардың қатарында Ауған соғысының ардагері Берік Торғайбековтің отбасы да бар.
– Бізге қамқорлық көрсеткені және қолдау білдіргені үшін мемлекетке көп рақмет! Бүгін біз үшін қуанышты күн. Отбасымызбен ұзақ уақыт бойы пәтер жалдап тұрдық, баспана мәселесін өз бетімізше шешуге мүмкіншілігіміз болмады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында бүгін біз екі бөлмелі пәтерге ие болдық, – дейді ол.
Іс-шараның салтанатты рәсімінен кейін кілт иелері пәтерлеріне асыға енді. Олардың жүздерінен баспана бақытын кешкен әсерлі сезімдерін байқамау мүмкін емес еді.
Айта кетейік, ағымдағы жылы Тараз қаласында 54 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Осылайша, 3025 отбасын жеке баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Оның ішінде әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар санатындағы 1100 отбасы бар.
Бүгінгі таңда Тараз қаласында 18,6 мың адам тұрғын үй кезегінде тіркелген.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close