Basty bet
«Көк тудың желбірегені, Қазақтың асқақ беделі!»
Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанат
4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні мерекесін Жуалы жұртшылығы салтанатпен атап өтті. Мереке құрметіне аудандық «Достық» мәдениет үйінің ауласында шағын митинг ұйымдастырылып, онда Мемлекеттік рәміздер ұлықталды. Аулада төрт жерде Мемлекеттік Ту орналастырылса, салтанатты шараның ашылуында мектептердің әскери жетекшілері Ту мен Елтаңбаны саптық жүріспен ортаға әкелді. Шараға аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қызметкерлері, «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің ұжымымен қатар, «Жастар ресурстық орталығының» жастар ісі жөніндегі инспекторлары мен ерікті жастар белсене қатысты.
Мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған жиынның алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-Құрметті жерлестер!
«Мың өліп, мың тірілген» Қазақ елі жиырмасыншы ғасырдың соңында тарих сахнасында тағы бір жарқ етті. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізу тарихының бір тарауы ретінде төл рәміздерін бекітті. Атап айтқанда, 1992 жылдың төртінші маусым күні ел тарихында ерекше мәртебелі күн. Бұл күні тағы да елдігіміз сынға түскені белгілі. Нәтижесінде қабылданған қыран бейнелі туымыз, шаңырақ шырайлы шын дара Елтаңбамыз бен Әнұранымыздың әсем әуені мен әдемі мәтіні дүние есігін ашты. Олар тәуелсіз еліміздің атынан әлем алдында сөйлейтін тарихымыздағы тұңғыш ресми белгілерге айналды.
Осы күні Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы», «ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «ҚР Мемлекеттік Әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойды. Міне, сол жұлдызды күндерден бері 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні ретінде тарихымыздан айшықты өз орнын алды.
Аудан орталығында Мемлекеттік рәміздерге арналған барельеф орнатылып, онда Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұранның мәтіні бейнеленген. Жалпы Жуалы ауданы бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерін пайдаланатын 128 мемлекеттік мекемедегі Мемлекеттік Ту, Елтаңба Ұлттық стандартқа сай келеді.
Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу әрбір Қазақстан азаматының қасиетті міндеті. Олай болатын себебі, мемлекеттік рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі еліміздің өткені мен бүгіні, болашағының арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі.
Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін. Еліміз тыныш, халқымыз аман, көк туымыз зау биікте желбіресін,- деді Нарбай Әбілқасымұлы.
Салтанатты шара соңы мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған автошеруге ұласты.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»