Ауыл шаруашылығы кез келген ел үшін де маңызды салалардың бірі саналады. Себебі, жыл өткен сайын халықтың азық-түлікке деген сұранысының артып бара жатқанын білеміз. Қазір дамыған шет мемлекеттер аграрлық салаға баса мән беруде. Одан бөлек, қазіргі таңда әлем елдері үшін трансшекаралық өзендердің суын тиімді пайдалану мәселесі, сонымен қатар, жалпы ағын суға деген тәуелділіктің артып бара жатқанын да жасыра алмаймыз. Осы тұрғыда ауыл шаруашылығы саласында мүмкіндіктерді барынша пайдалану, жаңа технологияға көшу міндеті күн тәртібіндегі мәселеге айналуда.
Сол себепті де егіс алқаптарын әртараптандыру, басым бағыттағы рентабельді дақылдардың себу көлемін арттыру, бос жатқан жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына қосу, озық үлгідегі жаңа технологиялар мен инновацияларды және ғылыми жаңашылдықтарды пайдалана отырып саланың дамуын қамтамасыз ету – бірінші кезектегі міндет.
Осыған байланысты басым бағыттағы дақылдарға сәйкес әртараптандыруды жалғастыруды және олардың өнімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау арқылы тәжірибе алмасу мақсатында облыстың Меркі ауданында «Егінжай-2020» деп аталатын облыстық көшпелі дала семинары ұйымдастырылды.
Семинарға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев, аудан әкімдері мен орынбасарлары, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, шаруашылық жетекшілері және республикадағы ғылыми-зерттеу институттардың ғалымдары қатысты.
Көшпелі дала семинары Меркі ауданының Кеңес ауылындағы «Аспара-Хан» жылыжай шаруашылығынан бастау алды. Ахан Сәрсенбиев басқаратын шаруашылықтағы көлемі 35 соттық болатын жылыжайда қызанақ өсірілуде. Оған тиісінше, тамшылатып суғару қондырғысы орнатылған. Тағы бір айта кетерлігі, «Атия» деп аталатын сұрыпты қызанақ буданы ақпан айының ортасында егілген, қазір өнімі пісіп жатыр. Семинарға қатысушылар келесі кезекте «Смарт агро Қарқара» ЖШС-ның егістік алқабына аялдады. Серіктестік те биылғы жылдың өнімі үшін 1200 гектарға күздік бидай, 309 гектарға жаздық арпа, 130 га дәндік жүгері егілсе, тиісінше, 54 гектар алқапқа қант қызылшасын еккен.
Андас батыр ауылдық округіндегі «Нұр-П» шаруа қожалығы да Меркі ауданындағы үлкен шаруашылықтың бірі саналады. Аталған шаруашылықта 600 гектарға жуық алқапқа күздік бидай, арпа, жоңышқа, қант қызылшасының тұқымын сепкен. «Даму Сұрат» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің де жұмысы семинарға қатысушылардың назарына ұсынылды.
«Егінжай-2020» деп аталатын облыстық көшпелі дала семинарының негізгі бөлімі Сұрат ауылдық округінде орналасқан «Сыпатай батыр» ЖШС-ның егістік алқабының басында өз жалғасын тапты. Алдымен семинар қатысушылары серіктестіктің егінжайымен, техникаларымен, тағы басқа жаңа технологияларымен кеңірек танысуға мүмкіндік алды.
Семинарды Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, жүргізіп отырды.
– Қай заманда да жер – біздің негізгі асыраушымыз, халықтың басты байлығы саналған. Біз жерді қалай пайдаланып жүрміз, одан қандай өнім өндіріп жатырмыз? Міне, осындай сұрақтардың көлденеңдеуі заңды құбылыс. Біз жерді тиімді пайдалану арқылы халықтың да тұрмысын түзеп, оны сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ете аламыз. Есеп бойынша біздің облысымызда 14 миллион гектардан аса жеріміз бар. Оның елеулі бөлігіне егін егіледі. Бір жарым миллионға жуық жер пайдаланылмай жатыр. Көп жерлер орман қорына тиесілі.
Егін егуге мүмкіндігіміз болғанымен оған ең бірінші кезекте ағын су қажет. Біз қазір облыс аумағындағы өзен-көлдер мен су тоғандарының суларын тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырып жатырмыз. Су тоғандарын жөндеу мәселесі де өткір тұр. Егістік алқаптарының көлемін ұлғайтамыз десек, ең алдымен ағын судың мәселесін шешіп алуымыз қажет. Әлбетте, ауыл шаруашылығы, оның ішінде егін шаруашылығын дамытамыз десек, жаңа технология бойынша жұмыс істеп, сапалы тұқым, тыңайтқыш, жаңа техникаларды қолдану арқылы жұмыс жасауымыз қажет. Сонда ғана ісіміз өнімді болмақ. Біздің облыс негізінен аграрлы аймақ саналады. Қасиетті Әулиеата жерінде ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Орта есеппен алғанда, облысымызда 18 мыңнан астам шаруа қожалығы болатын болса, осылардың барлығын ірілендіруді қолға алуымыз қажет. Өткен жылы өңірде қолға алынған Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру жөніндегі қанаққақты жоба «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында құрылып, жұмыс істеп жатқан ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің жұмысын тиімді бағытта жүргізуіміз қажет. Осы арқылы үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану мәселесіне назар аударатын кез жетті деп ойлаймын.
Одан бөлек, сіздердің назарларыңызды бал ара шаруашылығын дамытуға аударғым келіп отыр. Бұл бағытта да облыста жұмыс жасап жатқан шаруашылықтар бар. Бірақ көбісінің заңды құжаттары жоқ. Әркім өз алдына жұмыс істеуде. Үкімет бал ара шаруашылығын дамытуға қолдау танытатынын да баса айтқым келеді. Міне, аграрлық сала өте жақсы дамыған Меркі жерінде өтіп жатқан көшпелі дала семинарын өткізудегі басты мақсат та осындай мәселелердің сәл де болса түйінін тарқатуға үлесі бар.
Ендеше ауыл шаруашылығы саласында еңбектеніп жүрген шаруаларға бұл жылы да мол табыстар тілеймін. Жұмыстарыңыз өнімді болсын,- деді Бердібек Мәшбекұлы.
Келесі кезекте Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев баяндама жасаса, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрлігінің техникалық қамтамасыздандыру басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов республикалық деңгейдегі ауыл шаруашылығы бағытындағы мемлекеттік қолдаулар жайында баяндады. Облыстағы бал ара шаруашылығы туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов, Шығыс Қазақстан облысынан келген өкіл, «Быструха Астана» ЖШС-ның директоры Тарбиз Фараджаев, ал Қазақ егін және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының су шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Жұмағали Оспанбаев суармалы алқаптардағы маңызды дақылдар мен олардың агротехникалары туралы кеңінен ой бөлісті. Айта кету керек, семинар барысында Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің өкілдері де сөз алып, Жамбыл облысындағы көкөніс-бақша дақылдарының жаңа отандық сұрыптары, ауыл шаруашылығы дақылдарының зиянкестері мен ауруларына қарсы қолданудағы агротехнологиялық және химиялық шаралары туралы сөз қозғады.
«Егінжай-2020» облыстық көшпелі дала семинарына Жуалы ауданынан барған шаруашылық өкілдерін аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаев, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғазы Құниязов бастап барды. Аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Құлтайұлы мұндай көшпелі дала семинарларының ауыл шаруашылығы саласының дамуына, шаруалардың жаңа технологияларды қолдануға, әріптестерімен ой-пікір алмасуға таптырмас мүмкіндік екенін айтады. Сонымен қатар, ауданда егін және мал шаруашылықтарымен қатар балық, бал ара шаруашылықтарын дамытуға мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.
Семинарға қатысқан аудан шаруаларының арасынан «Зылиха», «Боранды», «Жайық» шаруа қожалықтарының басшылары Керімқұл Бегалиев, Айбек Елекбаев, Сейітқали Жайықбаев облыстық шаруалар жиынынан көптеген құнды мағлұматтар алғанын, алдағы уақытта да жаңа технологияларды қолданысқа енгізетіндерін жеткізді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
Суреттерді түсірген автор