Basty bet
Көше жарығы көңілдегідей ме?
Аудан және ауыл әкімдерінің халықпен есептік кездесулерінде, ауыл тіршілігі мен тұрмысына қатысты басқа да түрлі жиындарда тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін тақырыптың бірі – көшелерді жарықтандыру мәселесі. Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары ауызсу, газ, жол және байланыс салалары секілді ауыл мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Жарық жүйесі тіптен іңір қараңғылығы түскенде іске қосылып, жолаушыға, әсіресе, мектептен қайтқан оқушыларға табан жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады.
Өңірдегі елді мекендердің көшелерін жарықтандыру мәселесін үйлестіретін аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің коммуналдық теңгерімінде аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылы мен 13 ауылдық округке қарасты 37 ауылдағы 278 көшенің 127-сінің жарық жүйесі алынған. Мұнда жалпы саны 2 719 дана шам орнатылса, оның 1 434-і диодты жарық үнемдеуші, ал 1289-ы ЖКУ шамдар. Оның ішінде 673 дана жарықтандыру шамы темір бетонды, 890-ы металл тіреуге, ал 699-ы ағаш бағандарға қондырылған.
– «Елді мекендердегі көшелерді жарықтандыру бағдарламасы» бойынша биыл ауыл-аймақтардағы тағы да 12 көшені жарықтандыру жоспарланған. Одан бөлек, Бауыржан Момышұлы ауылында қосалқы трансформатор орнатуға және бірқатар көшелердегі, Батырбек Датқа ескерткішінің, «Жастар» аллеясы мен «Мәңгілік Ел» саябағының маңайындағы электр желілерін ағымды жөндеуге, «Бауыржан Момышұлы» саябағының тұтынған электр энергиясының ақысын төлеуге қаражат қарастырылып отыр, – дейді бөлім басшысы Ерболат Сейітбеков.
Бөлім басшысы жыл өткен сайын шамның да түр-түрі шығып, соған сәйкес ұсыныстар да көп болатыны, жарықтандыру қызметі энергияны үнемдеу мақсатында жарықты ұзақ сақтайтын шамдарға біртіндеп көшіп жатқанын айтады. Тек биылдың өзінде 304 дана бағанның шамдары айырбасталатын болады. Сапалы шамдардың қолдану мерзімі ұзақ әрі жарық беру көрсеткіші жоғары және 5 жылға дейін кепілдік беріледі. Сапасы жоғары, бағасы қолайлы, тұрғындарға зиянсыз шамдар түрлері ғана қолданысқа енгізіледі.
Ауыл көшелеріне жарық беретін шамдар қалыпты жұмыс істей ме? Оған жұрттың көңілі тола ма? Бағандардың жай-күйі қандай? Біз осы сауалдарға жауап алу мақсатында аудан орталығы мен іргелес ауылдардағы көшелердің бойымен жүріп өтіп, істің мән-жайын зерделеп, тұрғындармен тілдескен едік.
Бізді шамдардың қай мезгілде қосылып жанатыны және сөнетіні, жарықтың сапасы қызықтырды. Белгіленген талап бойынша, аудандағы елді мекендерде көше жарығы жаз мезгілінде 21.00-де қосылып, таңғы сағат 03.00-де өшіріледі. Ал қыс мезгілінде кешкі 17.00-де жанса, таңғы 08.00-де сөндіріледі. Жазғы күні түн жарық болатындықтан, оған кететін шығын да аз. Жарық тек көшелерде ғана емес, саябақтар мен гүлзарларда, ескерткіштер маңында жанып тұрады.
Сейітхан Жұмашев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты:
– Аудан орталығы мен ауыл көшелерін жарықтандыру бүгінгі күні маңызды мәселенің бірі болып отыр. Соңғы бес жылдың ішінде әр ауылдың өзінде басты көшелер жарықтандырылып келеді. Аудан орталығында да солай. Бүгінде көшелердің 30 пайызына жуығы жарықтандырылды. Бірақ, осы көшелердегі шамдар орнатылған тіреулердің сапасы сын көтермейді. Осы лотты конкурста ұтып алып, жарықтандыру қызметін іске асыратын мердігерлердің қойған тіреулері көбінесе стандартқа сай келмейді. Бұл жерде айтатын мәселе, электр сымдары салбырап жатады, металл құбырдан жасалған тіреулер жұқа, стандартқа сәйкес келмейді. Талап бойынша бұл тіреулердің қалыңдығы кем дегенде 50 мм болуы тиіс болса, бізде кей жерлерде 32 мм, одан да жұқа. Ауа-райы өзгеше, қысы қатал өңірімізде ондай жөнсіздікке жол берілмеуі тиіс. Соққан желмен әрі-бері шайқатылған тіреудің басындағы сым үзіліп, қайғылы жағдайға, адамның токқа түсуіне, өліміне душар етуі мүмкін.
Тағы бір мәселе, көше жарығының сапасы. Орнатылған шамдар жана ма, жанса, қай мезгілде жанады, қай сағатта өшеді? Міне, мердігер жарықтандыру қызметін көрсетемін деп мойнына міндеттеме алғаннан кейін осыған жете мән беруі қажет. Шамдардың жанып тұрғанын, не жанбайтынын бақылайтын аудан әкімдігінің ТҮКШ бөлімі, ауыл әкімдері тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан кей көшелерде шамдар кеш болмай жатып, сағат 17.00-18.00-де жанып қалады. Қазір жаз мезгілі төңірек жап-жарық. Таңғы сағат 5.00-де таң атып, күн жарық болды. Ал бұл кезде көше шамдары әлі жанып тұрады. Сөзім құрғақ болмауы үшін, өзім тұратын аурухана аймағындағы Сұлтан Бейбарыс көшесінде осындай жайт орын алды. Біз электр энергиясы мен оған жұмсалатын қаражатты үнемдесек, үнемделген қаражат басқа көшелерді жарықтандыруға жұмсалар еді. Мен бұл мәселені аудан әкімдігінде өткен жиында көтердім. Сонда мәселенің мән-жайын бөлім басшысынан сұрасақ, ол «шамдардың жанып-өшуін реттеп тұратын автоматты релелер жиі істен шығады» дейді. Біз мәселе көтергеннен кейін ғана жағдай қалпына келе бастады.
Сағындық Тоқбергенов, аудандық билер кеңесінің төрағасы, ауданның төбе биі:
– Өзім тұратын Қарасаз ауылдық округіндегі Ақбастау, Жұрымбай, Қарасу және Көктас ауылдарында бір-бір көшеден жарықтандырылған. Қарасу, Көктас ауылдарына көше жарығы былтыр жүргізілсе, Жұрымбай ауылында көптен жанбай тұрған көше жарығын ауыл атын иеленген Жұрымбайдың ұрпақтары өз міндетіне алып, шамдарды өздері айырбастап беретін болды. Ал округ орталығы – Қарасаз ауылында бір көше мен екі бұрылыстағы жарықтандыру жүйесі жұмыс істеп тұр, уақтылы жанып-өшеді. Енді бұйырса, тағы бір бұрылысқа жарықтандыру орнату жоспарланып отыр.
Орталық көшедегі жарық шамдары ағаш бағандарға, ал бұрылыстарда темір тіреулерге орнатылған. Темір тіреулер жұқа болғандықтан, кей тұстары майысып, қисайып, сымдары салбырап, түсіп кеткен. Өзім тұратын мектеп бұрылысында кешке атпен шауып келе жатқан малшы темір бағанға соқтығысып, қайтыс болды. Жалпы, шамдар күйіп кетсе, немесе жарық жүйесі істен шықса, уақтылы жөнделіп не айырбасталып отырады.
Біз аудан орталығындағы Рысбек батыр көшесінің бас жағынан Пахомов және Сұлтан Бейбарыс, Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы Тұрар Рысқұлов, Абай, Әбдеш Беделбаев, Бауыржан Момышұлы ауылының Нұрлан Тұрысов көшелерінің бойымен төменге қарай жүріп өттік. Рысбек батыр көшесіндегі №20 үйде орналасқан шағын дүкенге бас сұғып, оның иесі Лиза Тумарованың пікірін білдік.
– Біздегі көше шамдары іңір қарағылығы түсе бастағанда, яғни кешкі сағат 21.00-де қосылып, түнгі сағат 01.30-ға дейін жанып тұрады. Жарықтың сапасына қатысты айтар шағымым жоқ, шамдар жанғанда төңіректің барлығы самаладай жарық болып кетеді. Бірақ, карантин шаралары жүріп жатқанда, көшемізде шамдар жанған жоқ.
Шағын дүкен тұрған Рысбек батыр көшесінің бұрышындағы темір тіреу солға қарай қисайыпты. Биіктігі 7-8 метрдей болатын темір тіреудің негізгі табаны қалың, ортасынан ұшар басына қарай жұқара түскен. Ең басында шам орнатылған тұсы қылдырықтай жіңішке. Тіреулер мен электр сымдары 10, 8 үйлердің тұсында қалың өскен үйеңкі ағаштарының бұтағы арқылы өтіп жатыр. Дәл осы тұста тіреу қисайып, сымдары аттылы кісінің қолы жетерліктей салбырап тұр. Мұндай келеңсіз көріністер Сұлтан Бейбарыс көшесінде де орын алған. Ұлан көшесінің бұрылысындағы қарсы орналасқан темір тіреулер бір-біріне иіліп, сәлем беріп тұрғандай. Сәл әріректе екі қабатты үйлердің, №15 мектеп-лицейдің қоршауының тұсындағы сымдар ауада ілініп, салбырап тұр.
Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылындағы Тұрар Рысқұлов көшесінде көше шамдары жоқ. Әбдеш Беделбаев көшесінің бойында шамдар ілуде бір, әр жерде орнатылған. Бұрынғы ауыл мешіті болған ғимараттың жанындағы ағаш бағанға ілінген шам қосулы күйінде қалып, тал түсте түндегідей жарық шашып тұр. Бауыржан Момышұлы ауылының Нұрлан Тұрысов көшесінің тұрғындарының айтуынша, көше бойындағы жарықтандыру шамдары түнгі мезгілде қалыпты жұмыс істейді. Ал оған жапсарлас Әйтеке би көшесінің бойындағы кейбір шамдардың күйіп кеткеніне біраз уақыт болыпты. Оны айырбастау ешкімнің ойына кіріп-шықпайды.
Көше жарығына жауапты мекемелер жұмыстың сапасына, электр қуатын аз тұтынатын шамдар орнатуға да назар аударатын кезі келді. Қазір ауыл көшелерінің көбісінде сұйық кристалды шамдар жанып тұр. Сонымен қатар, жарық үнемдеуші диодты шамдар да орнатылуда. Мамандардың айтуынша, бұл шамның сұйық кристалды шамдардан ерекшелігі сол, электр қуатын бес есе аз жарық жұмсап, сегіз есе артық қызмет етеді. Күн сәулесінен қуат алатын шамдардың да ауылы алыс емес. Кей өңірлерде ондай шамдар да қолданыста бар.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»