Basty bet
Түлектердің туған ауылына тартуы
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» демекші, әрбір адам үшін туған жерден, өлкеден қастерлі дүние жоқ. Саналы азамат балалық шақтың тәтті дәмі өткен туған жердің саф таза ауасы мен самал желін ештеңеге де айырбастай алмайды. Себебі, туған жерге деген зор сүйіспеншілік, сағыныш кез келген адамның жүрегінің түкпірінде жатады. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп жазады «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында. Жүрек тебірентерлік туған жердің ұлылығын ұғындырар сөздер бұл. Туған өлкесіне көмек қолын созуды азаматтық парызы санаған азаматтар қайырымдылық шараларымен қоса, ауылының өркендеуі мен дамуы үшін өз үлестерін қосуда.
Бүгінгі күні мектеп түлектерінің ауызбіршілігінің мығым болуының арқасында туған өлкелеріне жақсылық жасау дәстүрге айналып отырғаны белгілі. Осы мақсатта Қошқарата ауылының 1992 жылы туған азаматтары аға буын өкілдерінің игі бастамасын жалғастырып, ауылдық округтегі бокс клубына ринг сыйлады. Округтегі бұқаралық спортты дамытуға үлесін қосып жүрген бокс клубы аудандық бокс мектебіне қарасты мекеме. Үйірме жұмысын жүргізетін жас маман Асқар Бөтеев. Клуб ашылғанына бір жылдың көлемі болса да бірқатар жетістіктерге жетіп үлгерген.
Ауылдық округ әкімі аппараты ғимаратының іргесінде орналасқан бокс клубының алдында жиналған түлектер барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов, аудандық бокс мектебінің директоры Мұхтар Бердімбетов, ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиев, спорт нұсқаушылары, жастар, ауыл тұрғындары мен ақсақалдары және Абай атындағы орта мектептің ұжымы қатысты.
Кездесу барысында жүректері лүпілдеген түлектер талай жылды артқа тастап, балалық шаққа сапар шеккендей. Бір-бірімен көптен бері көріспеген олар ұстаздарымен сағынышпен қауышты. Ұстаздары мектептен күні кеше ғана түлеп ұшқан шәкірттерінің есейгенін, өмірден өз орындарын тауып, азамат болып қалыптасқанын көріп қуануда. Міне, бұл да бір қуаныш, туған жерге деген сағыныш, мектеп қабырғасындағы ұмытылмас сәттерден естеліктер.
Игі шараны осы ауылдың тумасы, жастар саясатын іске асыруда жемісті еңбек етіп жүрген аудандық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Мейіржан Телеушов ашып, жүргізіп отырды.
-«Туған жерге туыңды тік» демекші, әрбір азамат өзінің туған жеріне жанашырлық танытып, оның гүлденуі мен өркендеуі үшін үлесін қоса білуі керек. Қасиетті Қошқарата ауылының топырағынан нәр алып, осында білім алып, түлеп ұштық. Қазіргі таңда бір сыныпта қатар отырып, балалық шағымызды бірге өткізген, тай құлындай тебіскен құрдастарымыз әр қиырда, әр салада, кейбірі ауылдық жерлерде еңбек етуде. Біздің мұндай азамат болып қалыптасуымызға мектептегі ұстаздарымыздың үлесі зор. Осы ретте, ардагер ұстаз, білікті басшы болған Гүлназит Бойқажаеваға және оқушыларының еркелігін көтере білген сынып жетекшіміз Дина Сүлейменоваға, ұстаздарымызға алғысымыз шексіз. Мектеп бітіргенімізге 10 жыл толуына орай, біз ауылдағы жастарды спортқа баулу мақсатында бокс клубына рингті тарту етуді жөн санадық. Ауылдағы жастар бос уақытын тиімді пайдаланып, бір мезгіл спортпен шұғылданса, онда ауылымыздың бұқаралық спорты дамып, жақсы жетістіктерге жетеді деп ойлаймыз. Осы бокс клубында жастар жаттығып, еліміздің көк байрағын жеңіс тұғырында желбіретіп, Қошқарата өңірінен чемпиондар шығатынына сенім білдіреміз», – деді ол сөзінде
Жиында аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мақсұтбек Арзымбетов, ауылдық округтегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Андасбек Мырзалиев, ардагер ұстаз Гүлназит Жолтайқызы, аға буын өкілдері сөз алып, жастардың бастамасына алғыстарын білдірді.
Сонымен қатар, кездесуде сөз алған ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиев «Жас келсе, іске!» демекші, бүгін ауылда күнің шуақты мерекесінде жақсы бас қосқан берекелі күн болып отыр. Өйткені бүгін ауылдағы Абай атындағы орта мектептің қабырғасынан түлеп ұшқан түлектер жақсы істің жанында болып отыр десем болады. Былтырғы жылы жастарды дұрыс жолда, бағытта тәрбиелеу мақсатында ауданнан ауылға қолдау білдіріп, бастама ретінде бокс үйірмесінің штабын бөліп берген болатын. Ауылға мұндай қуаныш сыйлағаны үшін тұрғындардың алғысы шексіз. Бокс үйірмесін басқа ғимарат болмауына байланысты әкімшілік ғимаратының астыңғы бөлігінен ашқан болатынбыз. Жас маманның балалармен уақтылы жұмыс істеуінің нәтижесінде өткен жылы аудандық турнирге жолдама алып, жүлделі орындарға ие болды. Аз уақыт болса да бұл біз үшін жетістік. Ауыл тұрғындарының арманы жастардың спортпен айналысып, үйірме сабақтарының көптеп болуы еді. Міне, бұл да орындалып, бүгінгі күні игі бастаманың куәсі болып отырмыз. Жаңалықтың жаршысы бола білген түлектер ертеңгі күні өзгелерге ой салатындай дүние жасады» деп жастарға ауыл тұрғындарының атынан алғыс білдіріп, тұрғындардың күрес үйірмесін ашу ұсынысын жеткізді.
«Жақсыны – көрмекке» демекші, бокс клубының лентасын ауылдық округ әкімі Жәнібек Мырзалиев және ауыл ақсақалы Аңдасбек Мырзалиев қиды. Клуб ішіне көңілді күйде енген жандарға шашу шашылып, былғары қолғап киген жас спортшылар өнерлерін көрсетті.
Кездесу Қошқарата ауылдық мешітінде жалғасып, онда құдайытамақ беріліп, дүниеден өткен қатарластарына құран бағыштады.
Одан кейін түлектердің ұйымдастыруымен ауыл жастары арасында футболдан жарыс өтті.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»