Basty bet
Маңызды мәселелерге назар аударылды
Ақсай ауылдық округінің орталығы Қайрат ауылында көшпелі қоғамдық қабылдау өткізілді. Онда аудан әкімінің орынбасары Е.Қалмұрзаев, аудан прокурорының орынбасары Б.Қалыбаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Д.Нұралиев, аудандық әкімдіктің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің, сонымен қатар, «Жуалы су» мекемесінің басшылары мен жауапты мамандары тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Көшпелі қоғамдық қабылдау болатынынан күні бұрын хабардар болған округке қарасты Диқан ауылы Ы.Байділда көшесінің тұрғыны Ерғали Тоғайбаев аудан басшыларына бірнеше сұрақ қоюға арнайы келіпті. Оның айтуынша, Диқан ауылы шаруаларының көбісінің егістік және мал жайылымдық жерлері аудан аумағын басып өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің батыс бөлігінде орналасқан. Халықаралық автобан салынғалы диқандық шаруалар сонда қалып кеткен жерлеріне не мал жая алмайды, не мал азығын сапалы дайындай алмайтын көрінеді.
-Біз бұл мәселені көтеріп келе жатқанымызға біраз жылдың жүзі болды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі құрылысының басталғанына да 10 жылдан асып барады. Бізге керегі, автодәлізден төменгі Диқанның тұсына бұрылыс қажет. Егістік жерлеріміз үлкен күре жолдың астыңғы бөлігінде болған соң мал азығын сонда егеміз. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын жүргізгенде осы мәселе алдымыздан көлденеңдеп шығады. Мал азығын ауылға тасымалдау өте қиын шаруа болып тұр. Шөбімізді жүк көліктеріне артып алып Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының тұсындағы бұрылысқа барамыз. Екі адам көліктен түсіп, жолдан өтіп жатқан көлік нөпірін бақылап тұрады. Жүк көлігімен бұрылу өте қиын. Қысқасы шөбімізді ауылға тасып біткенше, шөбіміз де қурап бітеді. Осыдан кейін қалай мал шаруашылығын дамытамыз?
Ауылда тұрған соң негізгі күнкөрісіміз мал шаруашылығына тікелей байланысты. Одан бөлек, Кеңестік кезең тұсында қазіргі күре жолдың астыңғы бөлігінде ата-бабаларымыздың ескі жайлауында екі бірдей көлшігіміз болатын. Онда малымыз еркін жайылып, сол көлге емін-еркін суғаратынбыз. Кейін ол көлдерді де қолында билігі бар қалталы азаматтар сатып алып қойды. Қазір ол жаққа мал айдап барып, жая алмаймыз. Малымыз кешке дейін тақыр жерге барып келеді әйтеуір. Қазір орта есеппен алғанда, ауылда әр отбасы 20-30-40, кейбірінде 50 басқа дейін сауынды сиыр ұстайды. Оны жаятын жайылым жоқ. Алатау жаққа қарай жайылымға шыға алмаймыз. Сауынды сиырлардың әртүрлі бағдарламалар арқылы несие қаржысына алынғанын ескерсек, бұл өте маңызды сұрақ. Несие алып, оған мал алған шаруалар несиелерін кері қайтарулары керек. Сауылатын сүт өте аз. Ауыл тұрғындары үшін бұл өте күрделі мәселе болып отыр,- дейді өз сөзінде Ерғали Сейіткерімұлы.
Сонымен қатар, Е.Тоғайбаев бұл мәселелерді аудан прокурорының орынбасары Болат Қалыбаевтың және аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаевтың назарларына ұсынды. Шаруаның сұрағын мұқият тыңдаған лауазым иелері оның заңдылық жолдарын түсіндіріп берді. Е.Қалмұрзаев шаруаның көтерген сұрақтарының маңыздылығына тоқтала келе мәселенің тиісті құзырлы органдарға жолданатынын жеткізді.
Диқан ауылы Шоқан батыр және Жамбыл көшелерінің тұрғындары Бақтияр Дүйсалиев, Ерлан Тоғайбаев интернет желісінің нашарлығы мен көше жолының қалған бөлігі қашан жөнделетінін сұрады. Қоғамдық қабылдау барысында Көлбастау ауылының тұрғыны Р.Өтеғұлова әлеуметтік көмек алу туралы сұрақпен қайырылса, Б.Момышұлы ауылынан жалғызбасты ана Р.Тілеуқұлова тұрғын үйінің іргетасын жөндеп беруді сұрады. Бұл сұрақтарға аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов заңдылық тұрғысынан түсінік берді. Әлеуметтік көмектің тағайындалу тәртібін де түсіндірді.
Одан бөлек, қабылдауда өзге де тұрғындар тарапынан жерге, ауызсу мен ағын суға қатысты өзекті проблемалар көтеріліп, оған тиісті бөлім басшылары жауап берді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»