Basty bet
Қоғамда адалдықты қалыптастыру керек
Апта ортасында «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Дәрменқызы іссапармен келді. Іссапар аудандық сервистік әкімдікте басталып, онда халыққа қызмет көрсететін мамандармен тілдесті. Жауапты мамандардан жұмыс барысы, тіркеу журналы туралы сұрастырып, бағыт-бағдар берді.
Одан кейін дәл осы жерде жеке сұрақтарымен келген аудан тұрғындарымен қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға бірқатар азаматтар жазылып, өз өтініштерін білдірді. Өтініш иелерінің көбісі тұрақты жұмыс сұрап келген жандар болды. Мәселен, Фарида Тазаева «қайтарымсыз грант алып, кәсіппен айналыссам деймін. Өзім ақылы қоғамдық жұмыспен қамтылып, көше тазалығына атсалысып жүрміз. Осы қайтарымсыз грантқа ұлым болмаса жолдасым қатысса болады ма?» дейді. Дәл осы секілді сұрақпен қайырылған бірнеше тұрғын болды. Көбісі көпбалалы аналар. Олар «кепілдендірілген әлеуметтік топтамалар қашан беріледі?» деген сұрақпен келіпті. Сонымен қатар, берілетін осы әлеуметтік топтамалардың сапасына мән беруді сұранды.
Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратына жіберілген ақылы қоғамдық жұмысшылар өздеріне жауапты маманның дөрекелік танытып отырғанын жеткізді.
Жанқожа батыр көшесінің тұрғыны, көпбалалы ана Айша Қазақбаева «Өзім жолдасымнан айырылып, балалармен жалғыз қалдым. Қолымдағы ұлым қант диабетімен ауырады. Дәрі-дәрмектің күшімен жүреді, сондықтан жұмысқа жарамсыз болып отыр. Әрі десе, оны жұмысқа жарамсыз деп, мүмкіндігі шектеулі деген статус алмадық. Осы ұлыма жеңіл-желпі жұмыс табылса деген сұранысымыз бар. Сонымен қатар, көшемізге жарық керек. Көшеден қоғамдық көлік жүргізіліп, аялдама соғылса деген өтінішпен келіп отырмын» дейді.
Ал, жалғызбасты ана Мадина Құдиярова үй кезегіне тұра алмай жүргенін айтса, Анаркүл есімді ана баласының ІІІ топтағы мүгедек екенін айтып, жұмыс беруді сұрайды.
Қоғамдық қабылдауға Л.Сейітбеков көшесінің бірнеше тұрғыны келіп, көшедегі ауызсу құбырлары қазылып, топырағы үйіліп кеткенін айтып шағымданды. Ал, Б.Қойбақов көшесінің тұрғындары құдықтардың қақпақтары ашылып жатқанындығын айтып, наразылық білдірді. Сонымен қатар, қоғамдық қабылдауда аудандағы дәріханаларда дәрінің бағасы әртүрлі екендігі де баса айтылды.
Тұрғындардың назын тыңдаған Назима Дәрменқызы әр тұрғынның сұрағына қарай аудандық жұмыспен қамту орталығының, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің, ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің мамандарын шақырып, сол жерде қанықты жауаптар берілді.
(Соңы. Басы 1-бетте)
Кейбірінің мәселесіне қарай бағыт-бағдар беріліп, назарға алу ұсынылды.
Іссапар барысында Н.Дәрменқызы «Жуалы – адалдық алаңының» елшілерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында адалдық алаңының елшілеріне мақсат-міндеттері түсіндірілді. Бірлесе отырып қоғамда адалдық пен парасаттылық орнатуға үндеп, тұрғындарға адамгершілік тұрғысынан көмек көрсетуге шақырды. Жемқорлықты қоғамнан аластатып, бұл дұрыс емес екендігін түсіндіру қажеттігі баса айтылды.
Кездесуде Қарасаз ауылдық округінің бас маманы Бақыткүл Жексекеева «Мен өмірімді қоғамдық жұмысқа арнап келе жатқан жанмын. Біз ауылдық округте көмекке мұқтаж азаматтарға әрдайым көмек қолын созамыз. Әрбір тұрғынның сұрағына уақтылы жауап беріп, шешімін табуға тырысамыз. Сондықтан біздің жұмыс қоғамдағы адалдықты орнату болса, «Жуалы – адалдық алаңының» ерікті елшісі болуға дайынбыз. Себебі, біздің ауданның көркеюі, жақсы атануы мына бізге байланысты.
Тұрғындардың тілегі бірінші қаралуы керек. Өмірге өкпелеп жүрген жандардың санасын оятайық. Рухани демеп, тек парасаттылықты ойлайтын тұлға қалыптастыруға атсалысайық. Ауылдағы кез келген мәселе, сұрақ, ол – проблема. Оны тыңдап, дер кезінде жауап беріп, халықтың наразылығын тудырмауымыз қажет. Сіз бен біздің жұмысымыз халыққа адал қызмет ету. Сондықтан мына артымыздан еріп келе жатқан жастар жанып тұруы керек. Өйткені, біздің болашағымыз сіздердің қолдарыңызда. Мемлекеттік қызметші өзгермесе, қоғам өзгермейді» деді.
Сонымен қатар, басқосуда Ақсай, Көкбастау, Ақтөбе ауылдық округтерінен келген елшілер сөз алып, қоғамды сенімсіздіктен арылту туралы өз ойларын ортаға салды. Оның ішінде Ақтөбе ауылдық округінің елшісі, имам Елнұр Нұрмахан бұл жұмысқа ерікті әрі бар ынтамен кірісу қажеттігін айтып өтті. Ол өз сөзінде өзі тұратын округті ішімдік сатылмайтын аймаққа айналдырғысы келетінін айтады. Бәленің барлығы осы ащы судан болатынын айтып қынжылды. Осы мақсатта ауыл тұрғындарымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, осындай бастама бастап отырғанын жеткізді.
Жұмыс іссапарымен ауданға келген «Жамбыл – адалдық алаңының» жетекшісі Н.Дәрменқызы аудандық орталық аурухананың асханасы мен дәрі-дәрмек қоймасына зерделеу жұмыстарын жүргізді. Ақбастау ауылындағы №16 колледжіне арнайы барып, жатақхананың жай-күйімен танысты. Сонымен қатар, №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның және Диқан орта мектебінің мұғалімдерімен сауалнама жүргізілді.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»